Қоғам

Бізді намыс қайрады

Мұғалімдерді ортақ іске ұйыстырып, оқушыларға сапалы білім, тәлімді тәрбие беруде директордың орны ерекше. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Абай атындағы №87 мектеп-гимназия директоры Айгүл ҚАШАЕВАНЫ іскер басшы, мықты менеджер ретінде тануға болады.

– Ұстаз жолына қалай келдіңіз, қайда бастадыңыз?

– Алғашқы еңбек жолым Арқалық қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №6 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып бастадым. Онда 5 жыл жұмыс істеп, арман қуып елордаға келдік. Астана қаласында Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда ұстаздық жолымды жалғастырдым. Іргелі білім ордасында 19 жылға жуық директордың оқу ісі және ғылыми ісі жөніндегі орынбасары болдым. 2019 жылы Абайдың 175 жылдығына орай елордада ақын есімі берілген мектеп ашылып, осында басшылық ету бұйырды.

– Ұстаз ретінде жеткен жетістігіңіз қандай?

– Астанаға келген 2000 жылдары жұмыс табу оңай болмады. Бірге келген құрбыларыммен (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері) жаяу жүріп, мектеп аралаймыз. Топырлап барған жастарды ешбір мектеп алғысы келмейді. Астанада қазақ мектептерінің саны да аз еді. Мектеп басшылары арасында «Арқалықтан келдік» десек үрке қарайтын. Көбі қирап, бұзылып жатқан қаланың тұрғыны ретінде қабылдайтын. Жас отбасы ретінде арқалап әкелген екі ала сөмкенің бірі – тұрмыс заттары, екіншісі – азды-көпті кітаптар. Ауыр жүкпен пәтерден-пәтерге көшіп жүріп аз қиналмадық. Ұстаздық жолда жеткен жетістігім болса, осындай еңбекпен келген жетістік дер едім. Себебі бізді намыс қайрады.

– Бүгінгі бала тәрбиесіндегі ең өзекті мәселе не? Кешегі мен бүгінгі тәлімгерлердің таным-түсінігі, дағдысында қандай айырмашылық бар?

– ХХІ ғасырдың баласын, альфа ұрпақты тәрбиелеу оңай емес. Өзекті мәселе де өте көп. Телефонға телміріп отыратын, ата-анасын тыңдамайтын балалар да бар. Бір өкініштісі, өмірге икемі, ебі жоқ, дұрыс коммуникация орната алмайтын оқушылардың саны көбейіп келеді. Бұл заман жетістігінің кері әсері, жағымсыз тұсы деуге болады.

Кешегі мұғалім мен бүгінгі мұғалімнің айырмашылығы жер мен көктей. Жаңарған білім беру бағдарламасын айтпағанның өзінде, бүгінгінің педагогы оқушыны ата-анасымен қоса тәрбиелеп жатыр. Осы күні құндылықтарға негізделген білім беру деп ұрандатып жатсақ, ол кезде «обал, ұят, сауап болады» деп бір-ақ ауыз сөзбен тәрбиелейтін.

– Абай есімімен байланысты білім ордасының жұмысын ілгерілетуге жауаптысыз. Әріптес ұстаздарыңызға қандай талап қоясыз? Абайдың өнегесін жастардың бойына сіңірудің жолын таптыңыз ба?

– «Абай ілімі негізінде оқыту және тәрбиелеу» дейтін үлкен жоба бастағанбыз. Мақсат – Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздеріндегі ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды кез келген пәнге кіріктіру. Әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндерге басымдық беріп отыр­мыз. Мәселен, физика сабағы кезінде мұғалім оқушыларға тақырыпты түсіндіру барысында қолдануы тиіс. Мысалы, тартылыс заңын оқыған кезде, бірлік пен ынтымақтастық қадірін, диффузия құбылысын білген кезде жауапкершілік құндылығын түсінуі керек. Ал биология пәнінде Абай атамыз­дың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста…» деген тәлімін кіріктіре отырып, жүректің соғысы мен бойдағы қайраттың ақылға (миға) әсерін түсіндірген мұғалімнің сабағынан білім алған оқушылардың құндылығы басым түсері анық. Математика мұғалімдері «Абайдың он жетінші теоремасы» деп Абай құндылығын өз есептерінде қолданады. Құндылыққа негізделген білім деген – осы. Әріптестерімнен осы жобаны жүйелі әрі тиімді іске асыруын талап етемін. Бұл – Абай мектебінің оқушыларын адастырмайтын, тура жолға бастайтын бағыт.

– Әрине, 15-16 жастағы түлектер, Абай айтқандай, «толық адам» болып қалыптасуы қиын. Дегенмен кемелді адамдардың алғышарты мектепте қаланатыны анық. Абай атындағы мектептің оқушылары несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?

– Өмірдің алғашқы баспалдағын өз еркімен аттайтын бұл жастағы балалар, расында да, бірінші рет таңдау жасайды, бірінші рет шешім шығарады, бірінші рет тәуекел етеді. Егер оның алғашқы қадамы сәтті басталса, мұның барлығы да одан кейін күшті бола береді деген сөз емес. Немесе керісінше, бір шалыс басып қалып, кейін мұның барлығы да осылай кері кете береді деген сөз емес. Өтпелі кезең – жас ұрпақтың тағдырына әсер ететін ең маңыз­ды да жауапты сәт. Мұндай кезде Абайды оқыған, Абайды түсінген, Абайды ұғынған жан баласына сол ұлы ақынның өзі «көмекке келеді». Қалай дейсіз бе? Таңдау жасар кез келді. Алдағы өмір бағдарыңның құбыласы қалай соғады? Өзіңді болашақта кім ретінде көргің келеді? Қай асқардың төбесіне, шыңына шыққың келеді? Адам баласы кемелдікке жету үшін сан алуан жол, қаншама уақыт пен мол энергия керек деп жатамыз. Осы ұзақ жол мен есепсіз энергияны еңсерудің төте жолы – Абай мұрасы.

Біздің Абай мектебінің оқушыларына келетін болсақ, «Бала Абай» бағдарламасы аясында 1-сыныпта-ақ ақынның «Ғылым таппай мақтанбасын» жаттап өскен бала 10-11-сыныптарға жеткенде «Ескендір» поэмасы, қара сөздерімен «хәкім Абайды» түйіндеп жататынын ескерсек, ондаған жылдар бойы Абай мұрасы арқылы құндылықтарды бойына сіңіре бастайды. «Шымырлап бойға жайылған» Абай сөзі олардың өмір жолының шамшырағы, адастырмас темірқазығына айнала алады. Абайды арамыздан алыс ұстамай, жанымызға жақын тартып, дос, сырлас сезінгенде ғана көкірек көзіміз ашылатынына көзіміз жетті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button