Қоғам

Алаптың аға кітапханашысы

Рухани қазына ордасы – кітапханаға бас сұқпайтын, кітаптар әлеміне саяхаттамайтын адам кемде кем. Осы әлемде өмірінің көп бөлігін өткізіп, жұмыс істейтін кітапханашыларды сол бай қазынаның қырағы күзетшілері десе болады. 15 жылдан бері Астана қалалық Орталықтандырылған кітапханалар желісінің Мичурин тұрғын алабындағы №10 көпшілік кітапхана филиалында аға кітапханашы болып еңбек ететін Әсел Омаш жауапты да қызықты кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.

Таңертең кірген бетте сөредегі кітаптар, ондағы ұлы адамдар бейнесі алдынан күн сайын қарсы алады. Кітапханада тоғысқан ұлылар рухымен амандасып, олардан өзіне күш алатын Әсел Қайыркенқызы сол күнгі жоспарына сай қалыпты жұмысына кірісіп кетеді.

– Жалпы біздің міндеттерімізге – кітапхана қорын сақтау, толықтыру, келген оқырмандарға қызмет көрсету, кеңес беру, сұратқан қажетті әдебиеттерін тауып беру, қосымша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету, ай сайын өтетін іс-шараларды ұйымдастыру, жыл бойы ұлы тұлғалардың мерейтойын атап өткенде соған сай көрме өткізу, солардың шығармаларын насихаттау жұмыстары жатады. Сол қызметтерге сай күнделікті оқырмандардың формулярын тіркеп отыру, кітапхана билетінің мерзімі біткен оқырмандармен жұмыс істеу, айына бірнеше рет келетін жаңа кітаптарды тіркеу, оны бағдарламаға реттеп енгізу, керек ақпараттарға карточка толтыру сынды басқа да міндеттеріміз көп, – дейді аға кітапханашы.

1432 тұрғыны бар Мичуриннен бөлек, көршілес тұрғын алаптардың да халқына қызмет көрсететін кітапхана қорында 8732 кітап бар. Кітап­ханаға келушілердің жас деңгейі әртүрлі. Алаптардағы балабақшалар, мектептер қызметкерлері мен оқушылары, зейнеткерлер жиі келеді. Ұстаздары каникулда оқитын кітаптар тізімін беріп, сол тапсырманы орындау үшін жаз бойы оқушылардың аяғы үзілмейді. Жасы ең үлкен оқырман 87 жаста болса, кішісі балабақша тәрбиеленушілері, оларды апайлары немесе ата-анасы алып келіп, кітаптар оқытады.

– Үш бағытта кітаптар көп сұралады. Біріншісі – көркем әдебиет, екіншісі – қазіргі жастардың психологиялық және мотивациялық кітаптарға әуестігі басым болуына орай сондай шығармалар, үшіншісі – тарихи кітаптар. Оқырман оқысы келген кітапты барынша жылдам тауып беруге тырысамыз. Жалпы кітапханашы болу үшін жан-жақты білім керек. Біз, бір жағынан, библиографпыз, кейде бағдарламашы болып, әр ісімізге видео түсіріп жүреміз. Тіпті ұстаз болып та шәкірттерді тәрбиелеуге атсалысамыз, арасында әртіс те болып, келушілерге қойылым қоя саламыз. Кейде экскурсовод болып, музейлер мен мұрағаттарды таныстырып кетеміз. Сондай-ақ заманға сай бейімделіп, кітаптарды жарнамалап жүріп блогер болып кеткенімізді де байқамай қаламыз, – дейді Әсел Омаш.

Айта берсе, кітапханашының ағартушылық, ұйымдастырушылық қырын да көрсететін өзге де қыруар шаруалары мен міндеттері жетіп артылады. Олар тек кітапхана ішінде ғана емес, басқа алаңдарда да іс-шаралар ұйымдастырады. Оқырмандарға қызық болу үшін викториналық ойындар өткізеді. Белгілі тұлғаларды шақырып, алап тұрғындарына рухани азық беруге барын салады. Кітапханашылар біліктілігін арттырып, жаңа технология бойынша тәжірибе алмасу мақсатында түрлі семинарлар мен курстарға қатысады.

Осындай сегіз қырлы, бір сырлы мамандықты таңдаған кейіпкеріміз алдымен 11 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Өзі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Мәди ауылында дүниеге келген. С.Торайғыров атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, Павлодар және Астанада мектептерде сабақ берген. 2008 жылы осы кітапханаға келіп, бүгінгі күнге дейін қызмет атқарып келеді. 2011 жылы аға кітапханашы дәрежесін, 2012-2014 жылдары Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің кітапхана ісі мамандығы бойынша үздік диплом алды. Қазіргі таңда оқырмандарды біліммен қатар заман ағымына қарай түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға қатыстыра отырып, шыңдау үстінде. Екі қыздың анасы Әсел кітапханашы өзі қызмет ететін алаптың 2003 жылы Астанаға қоныс аударғалы бергі тұрғыны. Кент тұрғындары рухани нәр алатын кітапхана әзірге осы ауылдың ең басты және жалғыз мәдениет ошағы саналады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button