Денсаулық

Оңалту бөлімшесі – өзекті қызмет

Көптеген күрделі ауру түрлері күндізгі стационарда оңалтуды қажет етеді. Оңалту қызметі балаға да, ересек адамға да түрлі диагноз бойынша көрсетілуі қажет. Негізі әр емханада оңалту бөлімшесі болуы керек. Бірақ қазіргі таңда елордада толыққанды оңалту бөлімшелері №10 және №4, 7, 5 емханаларда  ғана бар. Сонымен қатар «Жұлдыз-ай», «Қамқорлық» деген сияқты бірқатар оңалту орталықтары жұмыс істейді. 

Солардың ішінде ең ауқымды оңалту бөлімшесі қалалық №10 емханада он жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Аталған бөлімшенің меңгерушісі, реабилитолог дәрігер Айгүл Серікқызы аса күрделі қызметтерді күн сайын қиын жағдайдағы адамдарға көрсетіп жүрген ұжым жұмысы туралы айтып берді. Емхананың бесінші қабатында орналасқан оңалту бөлімшесінің негізгі міндеті – толық емделіп кеткісі келетін науқастарға күн сайын үміт сыйлау.

– Бізде көптеген медициналық оңалту қызметтері көрсетіледі, күндізгі стацио­нар, АПП, үйге баратын мобильді бригадалар бар. Жүре алмайтін балаларды жүргіземіз. Былтыр бізде күндізгі стационарда 395 науқас емделді.  Оларға миокарда инфаркті, ОНМК, яғни ми қан айналымының қатты бұзылуы, жарақаттан кейінгі оңалту, тамыр ауыс­тыру, ДЦП, яғи балалар церебралды сал ауруы, туа бітті дамуы тежелуі, Даун синдромы сияқты аурулар бойынша оңалту қызметтерін көрсеттік. Сондай-ақ Амбулаторлық емханалық көмек бойынша былтыр бізде 143 919 қызмет көрсетілді. Оған массаж, физиотерапия, электрлік емдеу, жарықпен емдеу және т.б. қызмет түрлері жатады. Аппараттар – 2012 жылы алынған заманауи жабдықтар. Сондай-ақ кинезотерапия бар. ЛФК, яғни бейімделген дене шынықтыру қызметі жеке адамдарға және топтарға көрсетіледі. Боботерапия, механотерапия да жұмыс істейді, оған тренажерлар, велотренажерлар, жүгіру жолақтары және басқалар жатады. Сол сияқты остео­хондроз, ота жасалмаған сынықтар, пневмония, отиттен кейінгі оңалту, 3-кезеңіндегі артроздар оңалтылады, ортопедиялық ем де қарастырылған, – дейді бөлімше меңгерушісі.

Мұнда аталған емханада тіркелген 2 айдан 18 жасқа дейінгі және одан үлкендер де қаралады. Бөлімше қызметкерлері күн сайын таңертеңгі сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Жалпы қызметтердің 60 пайызы 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Физиотерапевт қызметі күніне 30-40  балаға көрсетіледі. Мамандар үнемі кәсіби біліктілігін арттырып отырады. Сонымен қатар педагогикалық оңалту, дефектолог, логопед, психолог, ЭРГ терапевт, АФК сияқты мамандар оңалту қызметінің ең басында жүреді. Олар келген науқастарға педагогикалық коррекция, аутизм, кеш сөйлеген балалар бойынша жұмыстар жүргізеді. Бірқатар аурулар үшін тұзды шахта қызметі де бар.

– Жалпы мамандар жеткілікті, дегенмен физиотерапия бойынша медбикелер аз. Ал қала бойынша реабилитологтар тапшы. Іздер болсаң, табу қиын. Біздің бөлімшеде мамандар 85 пайыз жеткілікті. Балалар арасында психологиялық сөйлеу дамуының тежелуі бойынша диагноз көп кездеседі. Осыны үйрететін мамандар жетіспейді. Бөлімшеде осы салалар бойынша мамандарды өзіміз оқытып, қолда бармен үлгеріп жатыр­мыз, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар өздері келе алмайтын, өте ауыр жағдайдағы, өзге оңалту орталықтары қызмет көрсетпейтін науқастардың үйіне баратын мобильді бригадалар да бар. Олар көбіне бойында өте ауыр катетеры бар, несеп жолдары аурулары бойынша оңалтуды қажет ететін нау­қастарды қарап, күніне 3-4 үйге барады. Бөлімшенің осындай ауқымды қызмет түрлерін көрсететін медициналық персоналының көбінің еңбек өтілі 16 жылдан асады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button