Денсаулық

Қазақы емде қасиет бар

Астанада ана мен баланың денсаулығын қадағалайтын емдеу, денсаулық сақтау орындары аз емес. Медицинаның дамуы мен дәрігерлердің біліктілігінің артуына сай қазір бас қалада ана мен баланың өміріне қатер төндіретін себептер азайды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын елордада 33 мыңнан аса сәби дүниеге келеді.

Емдеуге де тәжірибе керек

Балалар денсаулығы және олардың сау денелі өсіп-жетілуі – бүкіл әлем баса назар аударатын негізгі түйін. «Адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» деп түйіндеген халқымыз ұрпақтың денсаулығы мен тәлім-тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Қазіргідей медициналық орындар жоқ кезде қазақ даласында әйелдерді босандыратын, балалардың ауруын қазақы әдіспен емдейтін көргені көп, қолы шипалы адамдар болған. Олар халқымыздың ежелден келе жатқан халықтың медицинасына сүйене отырып, балаларды сыр­қатынан айықтырып, қатарға қосып отырған. Қазірде кейбір сырқаттарды әлі де қазақы емдеу жолымен сауықтырып жүрген емші-дәрігерлер де жоқ емес. Соның бірі – Күлзихан Шеткәрімқызы.

Көршілері «емші апа» деп атап кеткен Күлзихан Астананың іргесінде тұрады. Қытайда аудандық ауруханада 30 жылға жуық қызмет істеген ол бала денсаулығына қатысты көптеген тәжірибе жинақтаған. Әсіресе, қазақы ем-дом мен осы заманғы емдеуді ұштастыра дауалайтын ол талай баланы сырқатынан айықтырыпты.

– Малшы балаларының көбі шетпе, ілме сияқты аурулармен ауырып келеді. Оны Қытайда ас қорыту жүйесі бұзылған деп емдейді. Кейде тіпті антибиотиктер құйып, дәріні үсті-үстіне сабалап беріп жатса да, баланың ыстығы қайтпай, құсып, іші өтіп жағдайы ауырлай түседі. Сондай кезде шетпесін қиып, ілмесін үзіп беріп жолға салатынмын. Шынын айтайын, ол жақтың жаңа замандық медицинасында да, бұл жақтың медицинасында да шетпе, ілме деген ұғым жоқ. Астанаға келгелі де талай баланың шетпесін қидым, – дейді Күлзихан апа.

– Қазақ ауылдарында шетпе қиятын арнаулы адамдар болады. Қозының қос кіндік ауруын да тәжірибелі малшылар өзі емдеп жазып алады ғой, дәл сол сияқты халық арасында шетпені емдейтін адамдар болады. Менің әкем де шетпе қиюдың шебері еді. Мен сол кісіден үйреніп, оны осы замандық емдеу әдісімен ұштастырдым, – дейді ол.

– Қазір медицинаның дамығаны рас. Астанада балалар ауруын емдейтін ауруханалар да жылдан жылға көбейіп келеді. Бірақ бұл орталықтар да арғыдан жалғасып келе жатқан халқымыздың емшілік өнерін ескермейді. Оташылық, шетпе қию, ілме үзу, бұлауға салу сияқты емдеу тәсілдерін неге қолданбасқа? Қазақтың халық емінде де қасиет бар. Оны осы заманғы емдеу тәсілмен де бірлестіру керек, – дейді Күлзихан Шеткәрімқызы.

Шетпе деген не?

Шетпе – балаларда көп кезігетін сырқаттың бірі. Ол туа шетпе, жел шетпе, қан шетпе, ала шетпе деп төртке бөледі. Туа шетпе баланың іштен шетпе болып туғанын меңзесе, жел шетпе көбінде ас қорыту жолының, асқазан-ішек қызметінің әлсіздігі және іште жүрген кезде жел тию, ананың кіндігінен өткен суық пен тер қатудан да пайда болады. Ал қан шетпе балаларда ыстық-суық алмасуының қалыпсыздығы мен қан айналыстың тосқындыққа ұшырауы себебінен болады, тұқым қуалайды, баланың әке-шешесі бала кезінде шетпе болған болса, олардан туған баланың шетпе болу ықтималдығы да жоғары болады, сондай-ақ түрлі вирустың және бактерияның жұғуынан да қан шетпе пайда болады.

– Шетпе болған балалар көбінде мазасызданып, шалқалап жылайды, керіліп, қолды-аяққа тоқтамайды. Іші ірмектеніп өтіп, ішкенін құсады, дене қызуы көтеріліп, асқа тәбеті тартпайды, мейірі қанып ембейді және бесікке жатпай безектеп жылайды. Шетпесі асқынғанда денесі көгеріп тарғылданады, көзінің, ернінің айналасы көкшіл тартады. Ішінара балаларда бір аяғы бір аяғынан қысқарады (баланы етпетінен жатқызып, қылта сызығын бір-біріне туралағанда екі аяғы бір-біріне қысқа көрінеді), бұл – дененің тітіркенуі мен қан айналысының жақсы болмауы себебінен болатын жағдай. Жел шетпені уағында емдемесе, қан шетпеге айналады. Қан шетпені уағында қимаса, бала өліп қалуы да мүмкін. Шетпенің бұл түріне жаңа туған нәрестеден тартып, 10 жасқа дейінгі балалар да шалдығады, – дейді Күлзихан Шеткәрімқызы.

Күлзихан апаның айтуынша, қан шетпе болған балаға укол-дәрінің өнімі болмайды. Мұндай баланы уақытты өткізбей дереу шеткен жөн. Оны шеткенде қан тамыр қуалап, қазан толмас­тың үстінен және екі бүйірден шетеді. Қолтықтың астында өкпенің тұсында екі көк тамыр болды, осы екі тамырдың сүбе қабырғада түйіскен жерінен шетеміз. Осылай істегенде денеде іркілген, ұйыған қан лезде тарап, бала дереу тынышталып, серги қалады. Шетпе қиған кезде «қан тарту» деген ұғым бар, яғни шетпесін қиятын кезде баланы анасы немесе әкесі, жақын адамдары, жүрегі жұмсақ адамдар ұстамауы керек. Олар ұстаса, қан шықпай қояды.

Айта кетейік, шетпені балаларда үнемі кезігетін кейбір сырқаттардан айыра білу және дұрыс шету ерекше маңызды. Жел шетпе болған баланың күтімін жақсартып, тақыл-тақыл азықтандырып, денесін тарап, көп сылау керек. Тым қалың киім кигізбей, қоңыр салқын ұстау керек. Көкбауырды қуаттап, ішек қызметін жақсартатын дәрілерді беру, баланың денесін бір уақ құрғақ ұнмен тарап тұрса немесе тұзы бар сары маймен күнделік сыласа да жел шетпе болған бала тез жазылып кетеді. Бұған күш бермейтін, жел шетпенің асқынған түрі болса, лақ сойып, тоқ ішегін баланың кіндігіне қояды. Мұнан сырт, баланың ішіне құрқылтайдың ұясын қою, сары май салынған қарынды тарту және нілі шығатын көк шүберекке орау сияқты ем-домдар да бар.

Ескерсең, ем болар

Қазір Күлзихан Шеткәрімқызына келіп баласын емдетіп, шетпесін қидырып, жабысқан жауырынын аштырып қайтатын жас аналар аз емес. Күлзихан апаның үйіне әңгімелескелі барған біз де біраз жайға куә болдық.

– Астананың Алматы ауданында тұрамын. Балам туылғалы шырқырап жылай берді. Өзіміз қарасты емханаға апарсам, дәрігерлер «ішінде жел бар» деп екі-үш түрлі дәрі жазып берді. Ол дәріні берсем, бірер сағат тынышталады да, қайта жылайды. Басқа дәрігерлерге де апарып көрдім, бәрінің айтатыны жел. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, әбден қалжырап жүргенде «емші апа бар» деп естіп осы кісіге келдім. «Жел шетпе екен жауырыны да жабысқан» деп емдеп еді, сол күннен бастап жылағаны азайды. Ұйқысы да тыныш, – дейді Санат есімді 4 айлық сәбиі бар жас келіншек.

– Әйел адам екіқабат кезінде көкөністі көп жесе де бала жел шетпе боп туады. Қазіргі жастар екіқабат кезінде денсаулыққа көңіл бөлмейді, кіндігі ашық жүреді, кіндігінен суық өткен әйелдің баласы да аурушаң, әлсіз туылады. Мына келіншек те екіқабат кезінде «ғылыми жолмен» тамақтанып, көкөністі көп жеген екен. Уағында сыламаған соң, жауырыны да жабысып қалыпты, – деді Күлзихан апа.

– Бұрын баланы бесікке салуға қарсы едім. Қазақы ем дегенді де білмейтінмін. Ал қазір мына баламды бесікке бөлеп жүрмін. Тұзға шомылдыру, қойдың майымен сылауды да емші ападан үйрендім. Бесікке бөлеп, ішіне сарымай салынған қарынның құрышын тартқан күні балам рахаттанып ұйықтайды-ай келіп, – деп сөз қосты Санат.

– Қазақ жаңа туған баланы қырқынан шыққанша бір күн тұзды суға, бір күн сабынды суға салып, құйрық маймен сылайды. Баланың жауырыны жабысып қалса да жылай береді. Сондықтан «өс-өс» деп сылап қол аяғын жазып отыру керек. Өткен жылы «Балам шырылдап жылай береді, дәрігердің берген дәрісі көмектеспеді. Ұйқы жоқ жүргеніме неше ай болды, көмектесіңізші, апа» деп бір жас келіншек келді. Өзі қазақшаны әзер сөйлейтін орысша оқыған әйел екен. Баласы қан шетпе екен. Маған шетпесін қидырды. Үш жерден шетіп жібергенде бала жайланып сала берді. Жақында сол келіншек баласын көтеріп келіп, рақмет айтып қайтты. Бұрын қазақ тіліне де мұрнын шүйіретін сылқым қазақша емнің қасиетіне таң қалып, таңдай қағып отыр. Мақтанғандай болмайын, мен мұны қазақы дәстүрлі емдеудің де кереметі барлығын аңғарту үшін айтып отырмын, – деп Күлзихан Шеткәрімқызы әңгімесін доғарды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button