Қоғам

Ел еңсесін биіктеткен

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

– Сайын сахара Сарыарқаның төсінен, Есілдің жағасынан қазақ ұлтының тәуелсіздігінің нышаны болған әсем астананың бой көтергеніне де 20 жылдан асты. Бұл тарих үшін аз ғана уақыт болғанмен, осы жиырма жылда Арқа төсінен әсем қала салдық. Енді ғана тәуелсіздік алып, қат-қабат қиыншылық жан-жақтан қысып тұрған кезде астананы көшіріп, қысқа ғана уақыт ішінде осындай әсем қала салу – Қазақ елі үшін үлкен жетістік. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен парасаттылық байқатты. Басында көп адам қарсы болды, бірақ бұл саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс шешім екенін, міне, уақыт көрсетті. Шынын айтқанда, Алматы – ең әуелі қорғанысқа қолайсыз, елдің шеті. Екіншіден, жаңа құрылыстар салу үшін қыруар қаржы жұмсалады, халық та сыймай кететін еді. Түрлі жаратылыстық апаттардың туылу қаупі де күшті. Ал қазіргі астанамыздың орны өте ыңғайлы. Жазық жерден қанша қала салсаң да тарлық көрмейсің. Оның үстіне бұл қала – бүкіл еліміздің ортасы, қаланы қақ жарып өзен ағып жатыр, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті қосатын қатынас торабы бар. Былайша айтқанда, Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан. Кезінде Қаныш Сәтбаев та Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ол кісі де республиканың астанасы елдің түкпірінде болмауы керек дегенді айтқан. Көк түрік дәуірінде Сарыарқа алқабы Кеңөріс деп аталыпты. Ол кезде бұл алқапта көп ел болмаған. Енді, міне, сол Кеңөрістің алқабында біздің астанамыз пайда болды.
Мен астанаға 2001 жылы Моңғолиядан көшіп келдім. Шынымды айтайын, бір елдің астанасына емес, бір облыстың орталығына да жетпейтін қалаға көшіп келгендей күй кештім. Себебі мен келген кездегі Целиноград пен бүгінгі Нұр-Сұлтанды мүлде салыстыруға келмейді. Елдің экономикалық қуаты да нашар еді. Ауыр жағдайда жұмыс жүріп жатты, бірақ қарқыны баяу еді. Дегенмен бірнеше жылдан кейін қала салу жұмысы ғажап қарқын алды да, астана жылдан-жылға түрленіп, толықси түсті. Астананың құрылысын салуға атсалысқан жұмысшылардың арасында Шымкент қазақтары мен Моңғолиядан келген азаматтар көп болды. Демек, қаланы да қазақтар өзі салды деп айтуға болады.
Астананың ауа райы да өзгерді. Оны өзгерткен басты себеп – елорданың айналасындағы 100 мың гектарға жуық жасыл белдеу. Елорданың қысы да бұрынғыдай емес, жуасыды. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» дейді атамыз қазақ. Бұл да біздің келер ұрпаққа жасаған үлкен сыйымыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button