Басты ақпарат

Шахтадан шарықтап шыққан

«Халық қаһарманын» халыққа таныстырудың қажеті жоқ шығар. Екі мәрте және ең ұзақ уақыт Қорғаныс министрлігін басқарып, соңғы уақытта Сенатта қызмет атқарған Мұхтар Алтынбаев есімі елге етене таныс.
Елбасының 1992 жылғы ҚР Қарулы Күштерін құру туралы тарихи Жарлығынан бастап еліміздің әскери құрылысын нығайтуға белсене атсалысқан Мұхтар Қапашұлы 75 жасқа толып отыр. Біз бүгін Мұқаңның көпшілікке беймәлім қырларын әңгімелеуді мақсат тұттық.

АРМАНСЫЗ АДАМ –ҚАНАТСЫЗ ҚҰС

Бір сұхбатында кейіпкеріміз ұшқыш болуды бала кезден армандап, даңқты ұшқыштарды үлгі тұтқанын айтады. Олардың ішінде қарағандылық жерлесі, өзі сияқты шахтада еңбек еткен Нұркен Әбдіров те бар.
Жергілікті аэроклубқа алғаш барғанда жасың жетпейді деп қабылдамай қойған екен. Келесі жылы барлық емтихандарды үздік бағаға тапсырып, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгере бастайды. Мектептен қол үзбей аэроклубта екі жыл білім алады.
«Мектептен соң шахтаға жұмысқа тұрсам да ұшуға деген құштарлық маған маза берген емес. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең емес пе?» дейді Мұхтар Қапашұлы өткенді еске алып. Екі жылдан соң запастағы сержанттардың он бір айлық әскери жиынына шақырады. Сол жолы МиГ-17 ұшағын меңгеріп, запастағы офицер атағын алған соң қайта шахтаға оралады.
Дегенмен қалай да ұшқыш болу ойынан бір шыққан емес. Шахтада алты жыл еңбек етсе де аспанға деген шексіз махаббат ақыры өз дегенін істеп, 1969 жылы әскер қатарына шақырылады. Армавирдегі әскери авиация училищесін жедел бітірген соң әскери ұшқыштың қиын да қызықты өмірі басталады. Бір ғана мысал, қысқа мерзімде кіші лейтенанттан полк командиріне дейін көтерілу табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын белгісі болса керек.
Кейін Г.К.Жуков атындағы Әскери академияны үздік бітіріп, корпус сосын дивизия сияқты ірі әскери құрамаларға басшылық жасайды. Реті келгенде айта кетейік, Кеңес Одағы кезінде генерал атағын алып, дивизия басқарған қазақтардың саны аса көп емес.

ЕҢ АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ – МАХАББАТТЫҢ ПАТШАСЫ

Кез келген мықты азаматтың артында мықты әйел тұр деген тәмсіл бар. Әлбетте әйел отбасының ұйтқысы, шаңырақтың берекесі екені мәлім. Ал аттың жалы, атанның қомында жүретін әскери адамның жұбайы болу бұл салмақты еселей түспек.
БАҚ өкілдеріне берген барлық сұхбаттарында Мұхтар Қапашұлы өзінің құдай қосқан қосағы, жан-жары туралы үнемі асқан жылылықпен, ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Бір жолы «Өмір бойы менімен бірге әскери қызметтің бар ауыртпалығы мен ыстық-суығын тең бөліскен жұбайымды әйел адамның идеалы деп айтар едім» деп ағынан жарылған екен.
Біреу білер, біреу білмес Мұқаң болашақ жарымен бірінші сыныптан бастап он жыл бір мектепте оқыған. Осындайда «Енисей мен Еділді шатастырып картадан, ең алғашқы махаббат басталады партадан» деген ел аузындағы ән еске түседі. Он сегіз жасында отбасын құрып, Гүлбану Рахымбайқызымен елу жылдан астам тату-тәтті өмір сүрді. Өкінішке қарай, асыл жеңгеміздің өмірден озғанына да міне, төрт жылдың жүзі болыпты…

ПАРЛАМЕНТ ҚАБЫРҒАСЫНДАҒЫ ПІКІРТАЛАСТАР

2003 жылдың 30 мамырында ҚР Парламенті қазақстандық әскери қыз­метшілерді бітімгершілік миссиясын орындау мақсатында Иракқа жіберуге келісім берді. Ең алдымен ҚР Президенті ­Н.Назарбаевтың Парламент депутаттарына арналған Үндеуін қорғаныс министрі М.Алтынбаев оқып беріп, еліміздің халықаралық міндеттемелері мен аталған миссия­ның маңызы туралы сөз сөйледі. Талқылау мен пікірталас ұзаққа созылды. Әлден уақытта Қаратай Тұрысов ақсақал әріптестеріне басу айтып, қолдап дауыс беруге шақыр­ғаны есімде. Парламент көпшілік дауыспен қаулы қабылдады. Алайда 1 сенатор мен 4 мәжілісмен қалыс қалып, 3 сенатор мен 2 мәжілісмен қарсы дауыс берген болатын.
Осы мәселенің маңызды екенін кейін уақыт дәлелдеді. Қазақстандық әскерилер Ирактан соң Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда және Ливанда БҰҰ-ның аясында бітімгершілік миссиясына қатысып, мол тәжірибе жинақтады.
Осы жерде өзім куә болған Парламенттегі тағы бір кездесу еске түсіп отыр. Ол туралы Шерхан Мұртаза ағамыз «Бір кем дүние» кітабында жазды да. Шерағаңның сөзін қаз-қалпында келтірейік:
«Парламенттің Мәжіліс палатасы. Қорғаныс министрі, келбеті келіскен генерал Мұхтар Алтынбаев мінбеге көтерілді. Қазақша сөйлей бастады. Бұл өзі әдейі жоспарланған кездесу. Сөйте тұра, зал гу-гу. Екеу-екеу, топ-топ болып сөйлесіп отырған депутаттар. Әрі-бері, ерсілі-қарсылы жүргендер де бар.
Генерал зал тынышталар ма екен деп біраз үнсіз тұрып еді, гу-гу тыйылмады.
Сонда генерал:
– Ал ендеше, мен орысша да сөйлей аламын, – деп орысшаға көшіп еді, зал құлаққа ұрған танадай тынды да қалды. Құдай сорлатқанда, сол депутаттардың басым көпшілігі қазақтар еді.
Осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген мен едім. Өкініштен өртеніп кете жаздағаным есімде.
Е, Құдай! Біз бейбаққа өзің сана-сезім бере гөр! Бір кем дүние».

БАСПАСӨЗГЕ БАСҚАША КӨЗҚАРАС

Мұхтар Қапашұлы БАҚ өкілдерімен өте тығыз қарым-қатынаста болды. Өткір сұрақтардан қашпайтын, қашан да екі тілде еркін, сауатты жауап беретін. Журналистер де сол үшін оны үнемі іш тартып тұратын. Сол тұста Мұқаңның бастамасымен Баспасөз күніне орай БАҚ өкілдерінің басын қосып, полигонда марапаттау рәсімі дәстүрге айналды. Бұл игі дәстүр әлі күнге жалғасып келеді.
Сол жылдары еліміздің шығысында іс-сапарда жүрген бір топ журналист жол апатына ұшырады. Оны ести сала арнайы ұшақ жіберіп ауыр жарақат алғандарды Алматыға, қалғандарын жергілікті әскери госпитальға жеткізген болатын. Осы оқиғаны әріптестерім әлі ұмытқан жоқ.
Журналист қауымымен әзіл-қалжыңы да жарасымды еді. 1998 жылы халықаралық «Ортазбат» жаттығуының екінші кезеңі Ош қаласының түбінде өтті. Бір топ қазақстандық журналист әскери ұшақпен күні бұрын келдік. Қыр­ғыз қызы Гүлмира Бөрібаевамен сол жолы баспасөз орталығында танысқанбыз. Ош теледидарында қызмет істейді екен. Сұрастыра келе, қазаққа жиен болып шықты. Өзі аузын ашса жүрегі көрінетін, көркіне мінезі сай, ақжарқын қыз екен. Жақсыда жаттық жоқ, салған жерден етене араласып кеттік.
Ертесіне әлемнің әр түкпірінен келген әріптестермен бірге БАҚ өкілдеріне арналған алаңқайда тұрғанбыз. Жаттығуға қатысушы елдердің қорғаныс министрлері VIP-трибунаға көтеріліп жатты. М.Алтынбаев болса «ең әуелі журналистермен сәлемдесейін» деп бізге қарай бұрылды. Амандықтан соң Қазақстаннан қанша адам келгенін сұрады. Бір кезде Гүлмираны меңзеп: «Мына әдемі қыз да Алматыдан ба?» – деді.
– Жоқ. Осы жерден, Ош теледидарынан.
– Онда келін қылып алып кетейік. Сен бізде бойдақ емессің бе?
– Құп болады!
Қалжыңға қалжыңмен жауап бердім. Қаумалап тұрған журналистер: «Қалың мал қайда?» – деп дуылдаса жөнелді.
– Біз мұнда екі ұшақпен келдік, көп болса, біреуін тастап кетерміз…
Іле-шала саңқ еткен дауысқа бәріміз жалт қарастық:
– Қызымды қырғыз бен өзбекке тегін бермес едім. Қазақтың баласы екен, қалыңсыз-ақ алсын!
Сөйтсек, бұл Гүлмираның анасы болып шықты. Жұрт күлкіге көміліп қалды. Біз сол күні елге ұшып кеттік. Бұл оқиға сонымен ұмыт болған.
Арада үш жыл өткен соң НАТО-тың Еуропадағы Рамштаин әскери базасында Гүлмира алдымнан шықты. Көрген жерден дүрсе қоя берсін:
– Қазақтардың қалың малы қайда? Оң жақта отырып қартаятын болдым ғой…

ТҮЙІН

М.Алтынбаевтың Қарулы Күштерімізді нығайтуға қосқан еңбегін тарихшы мамандар мен сарапшылар әлі зерттей жатар. Біз тек соның бірқатарына қысқаша тоқтала кетейік. Кейіпкеріміз министр болған кезеңде үш (құрлық, әуе және теңіз) әскер түрі құрылды, «Қазбат» қалыптасты, әскери полиция пайда болды, жауынгерлік дайындықтың деңгейі өсті, халық­аралық әскери ынтымақтастық арта түсті, әскери қызметшілер шетелдерде білім ала бастады және т.б.
Мұхтар Қапашұлы қазір Рес­публикалық «Қарулы Күштер ардагерлері» ұйымының орталық кеңесін басқарады. Қоғамдық өмірге белсене араласып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,
әскери журналист
Суреттерді түсірген
Қайыр Дінбаянов

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button