Сұхбат

Ел намысы – ең киелі ұғым



Лиллехаммер… осыдан бірер апта бұрын бүкіл әлем көз тіккен қала. Біздің де көңіліміз алаң еді. Өйткені, бұған дейінгі ең беделді халықаралық жарыстарда мәнерлеп сырғанаудан бірнеше рет топ жарып келген қазақтың қаршадай қызы жас­өспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып, бағын сынап жатқан. Елдің ақжолтай үміті ақталды. Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында олимпиада жүлдегері шықты.

4c20adf9-0b56-460c-b016-486cbfaebcad

Алғашқы олимпиада! Алғашқы медаль! Қуанышымызда шек болған жоқ, көзімізге жас үйірілді. Жауқазын гүлдей үлбіреген қазақтың нәп-нәзік қызы бүкіл алаш жұртының абыройын әлемдік додада асқақтатып жібергенде қалай шыдап тұра аларсың?! Бір қызығы, шетелдік баспасөз өкілдері олим­пиаданың алтын, күміс жүлдегерлерінен емес, қола жүлдені қанжығасына байланған Элизабет Тұрсынбаевамен сұхбаттасуы – шетелдік жанкүйерлердің қаршадай қазақ қызының өнерін жоғары бағалағанын білдірсе керек. Ел мерейін асқақтатқан Элизабет жайлы кеңірек білу үшін біз оның әкесі Байтақ Тұрсынбаевпен мессенджер арқылы байланысқа шыққан едік.

– Байтақ аға, байрақты әлемдік жарыстарға қызыңыз Қазақ елінің атынан шығып жүргенімен, негізінен Мәскеу қаласында тұрасыздар ғой, ол жаққа қашан қоныс аударып едіңіздер?

– Негізі туып-өскен жерім – Қызылорда облысының Қазалы ауданы. Руымыз Әлім, оның ішінде Асан. Қарағанды мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Мәскеуге жиі барып жүрдім. Ақыры тоқсаныншы жылдың басында Мәскеуде біржола тұрақтап қалдым. Осы қалада сүйген жарым Падишаханды жолықтырып, шаңырақ көтердім. Ұлымыз Тимур да, қызымыз Элизабет те Мәскеу қаласында дүниеге келді. Мәскеу – менің жүрегімде үлкен орын алған қала! Әр көшесі, әр бұрышы маған сондай ыстық. Қос құлынымның алғашқы қадамдары осында басталған. Аяқтарына ең бірінші рет коньки байлап жаттығуларын бастаған сәттері, бастапқы бағдарламалары, алғашқы жарыстары, үзілмей келе жатқан жаттығулар… бәрі-бәрі осы қаланың қабырғасында жазулы.

– Элизабеттің мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылығын ағасы Тимур оятқан екен ғой.

– Иә. Біз Тимурды төрт жасында мәнерлеп сырғанауға уақытша бергенбіз. Кейін екі-үш жыл өткен соң жекпе-жек, тағы сондай спорт түрлерінің біріне ауыстырармыз деп ойлағанбыз. Бірақ, мамандар Тимурдың дене тұрқы, ептілігі, икемділігі мәнерлеп сырғанауға өте жақсы келеді, болашағы зор деген соң, бастапқы ойымыздан бас тарттық. Айтқандай, Тимур кейін Мәскеуде өткен халықаралық жарыстарда бірінші орын алды. Францияда да биік тұғырдан көрінді. Бірнеше қайтара Қазақстан біріншілігінің чемпионы атанды. Ол 2011 жылы Алматыда Азиада алауын жағу құрметіне ие болған. Сондықтан біз Тимурға көп көңіл бөлгенбіз. Элизабетті Тимурдың жаттықтырушысы Ирина Страховаға апарғанда ол алғысы келмей, бірден бас тартты. Өйткені Лиза өте әлжуаз, аурушаң болып еді, жиі ауырып қалатындықтан емханадан шықпайтынбыз. Оның үстіне бес жасында конькиге бергенімізде орысша білмейтін. Оның алдында бір жылдай ауылда туысқандарымда болғанда орысшаны мүлдем ұмытып қалған ғой. Амал жоқ, басқа бапкерлерді жағаладық. Олар да боп-боз, әлжуаз Элизабеттен ат-тонын ала қашты. Бәрінің айтатыны – бұл қыз тым әлсіз, одан мәнерлеп сырғанаушы шықпайды. Үйреншікті И.Страховаға үшінші рет барғанда ол икемге көнгендей болды. Бірақ анасынан «талапқа сай келмей, топтан шығарып жіберген жағдайда еш­қандай шағым айтпаймыз» деген қолхат жаздырып алды. Ол кісінің талабы өте қатаң болатын. Себебі, «Москвич» – чемпиондар дайындайтын мектеп. Осы мектептен көптеген әлем чемпиондары шыққан. Жылына мұнда 300-ге жуық үміткер тіркелсе, соның елуден астамы ғана оқуға қабылданады. Элизабет кішкентай болса да, осы талапты түсінді және сол алғашқы күннен үміт үрдісінен шығуға тырысты. Аптасына алты рет, алты сағаттан дайындалатын. Еш уақытта еріншектік жасап, селқостық танытпады. Соның арқасында бір жарым жылда үлкен топта Тимурмен бірге жаттығып, үздіктер қатарынан көріне бастады.

450_56c3e4537d4c9

– Содан кейін сіз оның болашағынан үміт күте бастаған боларсыз. Сонда Элизабеттің бойынан алғашқы кезде ерекше ештеңе байқалмады ма?

– Басында айтып өткенімдей, біз Элизабетке көп сене қойған жоқпыз. Бар үмітіміз Тимурда еді. Екі жылға жуық уақыт ішінде жетістіктерге жете бастағаннан кейін ғана оған назарымыз ауды. Лизаны алғаш Ирина Борисовнаның тобына бергенде қызық жағдай болған. Жаттығу басталарда бәрін сапқа тұрғызады ғой, сол кезде бойы ең кішкентайы Лиза әлбетте үнемі саптың соңында тұрады. Бірақ, бапкердің көзі тайған бойда-ақ ол саптың ең басына келіп тұрып алады екен. Бапкер ұрсып қайта орнына тұрғызады. Әйтседе Лиза көзді ала беріп қайтадан бірінші болып тұра қалатын болған. Ақырында бұған бапкер де, басқасы да көнген.

Мен оның бұл қылығына басында ренжіп, тәртіпті бұзуға болмайтынын ескертіп, талай рет ұрсуға оқталдым да, өз-өзімді ұстап қалдым. Кейін ойласам, өте дұрыс жасаған екенмін. Оның кіп-кішкентай болса да ешбір ескерту, ұрсуға қарамастан көштің басына ұмтылуы – көкейіндегі арман-мақсатының үлкендігі, болашақ межесінің биіктігі екен ғой. Мен соны қазір ойлап жүрмін. Әрине, Элизабет алуы тиіс асулар мен биіктер әлі көп. Бірақ мен қызымның табандылығына сенемін, алдағы жарыстарда тағы да үлкен биіктерді бағын­дырады деген үмітім мол. Өйт­кені, ол мақсатына беріктігін үнемі байқатып келеді. Тіпті, үй жағдайында да. Мәселен, қолы бос уақытында бізге неше түрлі тамақ пісіріп береді. Өзі бар ықыласымен сүйіп жасайтын болған соң ба, тағамдары керемет дәмді болады. Бірақ өзі сәл дәмін татады да қояды, біздің жегенімізге қуанып, көңілі көтеріліп қалады. «Неге өзің жемейсің?» десек, «маған болмайды, салмақ қосып қоюым мүмкін, ертең жанкүйерлерімнің алдында билей алмай қалсам ұят қой. Оларды жерге қаратқым келмейді» деп отырып алады. Оның салмағы 30 келіден сәл асады. Мінезінің мықтылығы ғой, балалық жасап босаңдық танытпайды, соған ішімнен сүйсініп қалам. Сұрағыңызға қарай, бай­қағанымды айтып жатырмын. Былайша өзім әр сөзімнен кейін «Алла, бір өзің тіл-көзден сақтай гөр!» деп тілеймін. Ел іші алтын қазына ғой. Үлкендер жағы үнемі батасын беріп, амандығын тілеп жатады. Солардың батасы қабыл болғай дейміз!

– Сіздер Ресейдің астанасында тұрып жатсаңыздар да, әлемдегі үлкен жарыстарға Қазақстанның атынан қатысасыздар. Сол кезде өздеріңіз жаттығып жүрген клубтан немесе басқа бір тараптардан қандай да болмасын қысым жасалмай ма?

– Мәскеуге және оның әлемдік деңгейдегі бапкер­леріне мың да бір рахмет! Бірақ, елдік намыс – ең киелі ұғым ғой. Элизабеттің де айтары осы. Бастапқыда, өзіміздің ұстаздарымыздың еңбегін өтеп, 2013 жылға дейін ірі жарыстарға Ресейдің атынан қатысып келдік. Ара-тұра Қазақстанның атынан да шығып жүргенбіз. 2011 жылы Францияда өткен ашық чемпионатта Тимур бірінші, Элизабет төртінші орын алып келгенде «Москвич» клубы «енді тек қана Ресейдің атынан қатысасыңдар» деген талап қойды. Бұл талапқа келісе алмайтын болғандықтан, клубпен қимай-қимай қоштастық. Көп өтпей «ЦСКА-ға» қабылдандық. Оның құрамында жүріп біз Дортмундта өткен халық­ара­лық жарысқа Қазақ­станның атынан қатысқан едік. Сол жарыста Элизабет үшінші орын алса, ресейліктер жүлделі орындардың біреуіне де іліге алмай қалды. «ЦСКА» да содан кейін мықтап ойланды. Тағы бірер халықаралық жарыстан қызымыз бірінші орын алып келгенде, «ЦСКА» өздерінен кетуімізді өтінді. Мұның бәрі айтуға оңай бол­ғанымен, баланың психология­сына ауыр тиетін жағдайлар. Туысқанындай болып кеткен бапкерлерінен қол үзуге тура келді. Олар «Москвичте» Ирина Страхова, Наталья Дубинская және Александр Шубин, «ЦСКА-да» Елена Водорезова, Светлана Соколовская сияқты өты мықты бапкерлер болатын. Кейіннен  атақты Этери Тутберидзенің қол астында жаттықты. Міне, осындай бірегей тұлғалармен қош айтысуға тура келді. Біз олардан көп нәрсе үйрендік. 2013 жылдан бері Канаданың Торонто қаласында әлемге әйгілі бапкер Брайан Орсерден тәлім алып келеді. Орсер – өте мықты мамандардың бірі. Ол Ванкувер олимпиадасының чемпионы оңтүстіккореялық Ким Ю На, Сочи олимпиадасының чемпионы жапондық Юдзуру Ханю сияқты саңлақтарды баптаған.

– Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалады, қаржылық көмек көрсетіле ме?

– Әрине, 2013 жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездескеннен кейін қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді. Бұған дейін көп қиындық көргенімізді жасырмаймыз. Өйткені, мәнерлеп сырғанау қаржыны көп қажет ететін спорт түрі. Әр шыққан сайын жаңа киім үлгісі, жаңа дизайн керек. Оның өзінің мамандары бар. Жақсы маманға жақсы ақша төлеу қажет. Бүгінде бізге «СП ҚазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасайды. Сол үшін оларға отбасымыздың атынан зор алғыс айтамын!

Сұхбаттасқан: Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button