Қоғам

Елбасы – елорданың бас сәулетшісі

Нұр-Сұлтан – әлемде теңдесі жоқ, жаңа дәуірдің жаңа қаласы. Шетелдік қонақтар астана адамға жаңа қуат беретінін жиі айтады. Қаламыз ширек ғасыр ішінде татулық пен достықтың символына айналды. Нұр-Сұлтан –қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы армандаған астанасы.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, Мемлекеттік Елтаңба авторы, сәулетші

1998 жыл ел тарихында астананы Алматыдан Ақмолаға көшірумен ерекше орын алды. Сол тұста Елбасының бұл шешіміне қарсы келгендер де, құптағандар да болды. Сәулетші ретінде мен астананың көшуін дұрыс деп санадым. Ол кезде Ташкентте жүр едім. Ел астанасының Ақмолаға көшіп жатқанын ести салысымен Алматыға қайту жоспарымнан айнып, бірден осы жаңа бас қаламызға келдім. Қала құрылысының бас жоспарына да бір кісідей атсалыстым. Елбасына дейін қазақ даласында жаңа қала салған ешкім болмады. Ұлы дала жерінде хандық дәуірлерде де бірде-бір сарай мен қала салынбаған. Моңғол шапқыншылығынан кейін Отырар сынды санаулы қалаларымыз қайта көтерілмеді. Сол кездегі қазақ даласын зерттеуге келген тарихшылардың «көшпелі халықта не қала, не мәдениет жоқ» деген пікірге келуіне осы жайт себеп.
Астананың қазіргі орналасқан жері де тоғыз жолдың торабы. Стратегиялық жағынан да өте маңызды орын. Қазақстанның географиялық орталығы. Сауда қарым-қатынастарына өте ыңғайлы. Өйткені оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыстың арасы осы жерде қосылады. Қазақ этносының ұлт есебінде қалыптасуына да ыңғайлы. Себебі біз астана арқылы Қытаймен де, Еуропамен де байланысып жатырмыз. Сондай-ақ Сарыарқаның климаттық жағдайы бұрыннан ерекше. Қысы қатты аяз болса, жазы шіліңгір ыстық. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандық архитекторлар Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарына уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Өңірдің экологиялық жүйесімен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Елорданың бас архитекторы – Елбасы өңірдің табиғи жағдайларын, ауа райының құбылмалылығын ескере келіп, қала маңында жасанды орман алқабын қалыптастыруды күн тәртібіне қойды. Көгалдандыру жұмыстарын Елбасының өзі қолға алып жүргізіп жатыр. Мұндай шара басқа мемлекеттерде мүлдем жоқ. Астана орманымен, жан-жануарымен де ерекше.

Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді. Қазақстанның жаһандық бренді Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс пен Батыс сәулет өнерінің жауһарларын үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті төрткүл дүниені жылдан-жылға тамсандырудан бір танған жоқ. Астананың ақылгөй авторы, заманауи реформатор
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің беделін баламасыз бас қаласымен барша әлемге паш етті. Алаш айбынын асқақтатуды аңсаған ата-баба аманатын ұлықтады. Арман ақиқатқа айналды. Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының мәңгі айбары – ару елорда – ет жүрегі елім деп соққан Елбасының болашаққа қалдырған асыл мұрасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың алғашқы қазығы қағылған күннен бастап қаланың әрбір ғимаратына, бас жоспарына, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды. Болашақ бас қаланың бас жоспарын жасауға тұңғыш халықаралық байқау жариялатып, әлемдік сәулет өнерінің сұңғылалары жіберген жүздеген жобаларды сараптаудан өткізді. Сол бір сындарлы сәттерді Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады: «Конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».
Астананың сәулетінде әрқилы қолтаңба айшығы – таңғы гүл қауызы секілді ұлттық этномодерн, класицизм, футуризм, метаболизм қатар көзге ұрады. Батыстың хай-тек, шығыстың фэншуй стилі, қазақтың дәстүрлі киіз үй тектес этномодерн үлгісі жарасым тапқан. Дарынды сәулетші қолтаңбасының келешегін ойлап, ғасырдан-ғасырға жалғасатын нақыш табуға тырысқан.
Менің ойымша, Нұр-Сұлтан еліміздің, отанымыздың келбеті болғандықтан, ғимараттар мен тұрғын үйлер тұрғызу барысында ұлттық ерекшеліктерімізді ескеруіміз қажет. Мәселен, заманауи көпқабатты үйлер халықты вакуумге қамап, бір-бірімен аралас-құралас болуға шек қояды. Ал қазақ – әр кез қонақжай, көпшіл, бауырмал халық. Біздің архитектура ұлттық құндылықтарымыздың елегінен өткізілуі тиіс. Мәселен, киіз үйдің философиясын сақтай отырып, өте керемет үйлер салуға болады. Қазір ұлттық архитектура туралы кітап жазып жатырмын. Бас қаламыздың әкіміне де осы идеямды айтып жүрмін.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button