Қала тіршілігі

Әйелдің бақыты – отбасында

Елордадағы «Жанұя» орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» шарасы аясында онлайн форматта «Бақытты отбасының моделі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында қоғамдағы көкейкесті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланды.

Шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Мөлдір Бөлебаева, қазақша күрес, греплинг, жекпе-жек академиясының тренері Тоқтар Зарубеков, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, журналист, қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Тұрар Шәкен, «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Галихан Куканбеков және өзге де сала мамандары, көпбалалы аналар қатысып, жиында отбасындағы ерлі-зайыптылардың рөлі, ұлдарды жігерлі, рухты, азамат етіп тәрбиелеу жолдары айтылды.

Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық көмек көрсету, зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бойынша қызмет көрсету, халық арасында түсіндіру жұмысын өткізу, тұрмыстық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері ортаға салынды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, балаларға зәбір көрсету дерегі азаймай тұр. Қалада жастар және жасөспірімдер ісімен айналысатын мемлекеттік мекемелер, дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдар да жеткілікті. Алайда отбасында зорлық-зомбылық көретін әйел мен бала тиісті деңгейде қорғалмай отыр. Әсіресе, карантиннен кейін де тұрмыстық қылмыс бірнеше есеге өскен.
«Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, психолог Лимана Қойшиева өз ата-анасынан жәбір көрген балалардың артқанын айтады. «Мәселен, 10 жасар қыз инстаграм парақшамызға «Бақытты отбасының моделі қандай болады?» деп сауал жолдады. Қазір бақытты өмір сүріп жатсақ та, отбасында түйткілдер көп. Ана болу, бала тәрбиелеудің өзі – үлкен мектеп. Қоғамдағы ананың рөлін айқындауымыз керек. Әйелдің бақыты – отбасында. Баласын тәрбиелей отырып, өзіне уақыт табуы керек. Спортпен айналысып, сұлулығын сақтап, білімін жетілдіруі қажет. Қызметте жүрген адам мен қазан-­ошақтың арасында күнін өткізетін әйелдің деңгейі екі түрлі. Ортақ әңгіме болмайды. Сондықтан көп отбасында дау-жанжалдар туындайды. Үйде отырған әйелдерге өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыру қажет. Жыл басынан бері қалалық департаментпен бірге 12 отбасына көмек көрсетілді. Бүгінгі шараның өзі – жаңа нәтиже» деді психолог.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button