Басты ақпаратҚоғам

Ежелгі қоныс, құт мекен!

Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз салдық!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Сәт сайын зымырап өтіп бара жатқан уақыт адамзат тарихының жаңа бір беттері болып жазылып қалып жатыр. Қазақ елінің сол уақыт уысындағы тарихының ең бір бай да мазмұнды беттері тә­уелсіздік тарауы болар, бәлкім?! Келер жылы ел тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Осы кезеңде бір ғасырдың аясына да сыя бермес жағдайларды көз көрді. Ең бастысы, әлемдік абыройлы мемлекеттердің бірі бола білдік! Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне (2 сәуір, 2019 жыл) берген «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбатында: ­«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты» деген пікірін алға тарта сөйлер болсақ, бүгінгі елордамыз – кешегі Целиноград, одан кейінгі Ақмола, ал қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы – Тұңғыш Президентіміздің ақыл-парасатымен және ел болашағын алыстан болжаған кемеңгерлігінің арқасында орнаған шаһар!
Қазақстанның астанасын Алматыдан Сарыарқа төскейіне ауыстыру туралы ойды ең алғаш Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны да есте. Шынын айтқанда, жүрегіміз аузымызға тығылды. Неғылған жаңа астана?! Экономика болса құлдырап жатыр, халық жұмыссыз, күнкөрістің өзі ауырлай бастаған тұста астананы көшіріп не көрінді? Осы сарындағы көңіл күйдің болғаны жасырын да емес. Алайда соған қарамастан елорданы ауыстыру туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде шешім қабылдады да, астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асқан болатын. Міне, сол бір тарихи сәтке де 23 жыл!
Ақмолалықтар Алматыдан келген алғашқы көшті Сарыарқаның сақылдаған сары аязы мен ұли соққан боранымен қарсы алып еді. «Жылы жаққа үйренген алматылықтар көп ұзамай кейін қайтып кетеді әлі» деп ойлағанымыз да болды. Алайда бар қиыншылықтарға қарамастан және де Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының барынша қажыры мен қайратының арқасында астана салына бастады. Ал енді қазір қарап отырсаңыз, сенгің-ақ келмейді! Өйткені көңілдегі де, көкейдегі де, көз алдымыздағы да астана – Нұр-Сұлтан қаласы тап бір бұрыннан бар, мәңгілік орнап баяғыдан тұрған қала сияқты жүрек түкпірінде құтты бір қуаныш болып жатқандай көрінеді!
Тәуелсіз ел болып қалыптасқан екі он жылдықтың аралығында, көк күмбезінің ұшар басында көк байрағы асқақ желбіреп тұрған дәл мынадай Ақордалы астана салып алу мүмкін бе еді? Мүмкін болмаса да, Қазақ елінің елордасы, астанасы салынды! Әлемде Қазақ елінің астанасы бар! Сол бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы өзінің таңғажайып кескін-келбетімен де, әрленген сәнімен де қазір дүние әлемін таңдандырып та, тамсандырып та отырғандығы ақиқат!
Тәуелсіздіктің баянды тағдыры Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, ал Елбасының тағдыры тұтас бір халықтың, барша қазақстандықтардың тағдыры болып қалыптасты. Мәңгілік елдің астанасын Тұңғыш Президентіміз көрікті, іргесі берік, еңсесі биік, бірлігі мызғымас, ынтымағы арзымас, ырысы таусылмас, берекесі кетпес, ырыздығы ортаймас, дәулеті шайқалмас, әлем алдындағы жүзі жарқын, сөзі өтімді, айбыны асқақ болсын деген перзенттік те, президенттік те, адал ойымен бардан жоқты құрап дегендей бәрін де жасады!
Бүгінгі астанамыз – қасиетті қазақ жеріне жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп өз даласына қондырып, орнықтыра білген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіндік бір әлемі!
Тәуелсіз еліміз үшін ­Нұрсұлтан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы астананы дүниеге әкелгендігі біздің, яғни Қазақ елінің Мәңгілік ел бола алатындығын дәлелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген ұлылығы еді!
XXI ғасырдағы Қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі астанасыз көз алдыңызға елестетіп бір байқаңызшы! Аузыңыздың дәмі кірмес еді!
Бүгінгі ел астанасы – ­Нұр-Сұлтан қаласы ел тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?!
Халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?!
Бүгінгі ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы дөңгеленген дүние­нің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орнатылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп көрінер, алтын тұғырлы, ең заңғар да ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын, тозбайтын мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы ескерткіш!
Сол ұлы да қасиетті, ­киелі ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының алдындағы перзенттік те президенттік парызына әмәнда адал болып келе жатқандығын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр бола алатын текті де бір айрықша дара да дана қасиетін айғақтап тұр!
Жер мәңгілік болар, ел болса! Ел мәңгілік жасар, ер болса! Ер мәңгілік жасар, ел болса! Міне, мәңгіліктің бар тұтастығы осыған келіп саяры да бар. Алайда осы мәңгіліктерді баянды ету жолындағы алғашқы қадамдар Елбасы үшін оңайға түсті ме? Әрине, оңайға соқпады! Соған қарамастан, ол Қазақстанның өзіндік даму жолын қалыптастырды. Ел шеті мен жер шегіне ешкімнің көз алартпауын аңдады, шекараның қауіпсіздігін қамдады. Сан ұлт өкілдерінен құралған елдің бірлігі мен ынтымағын ойлады. Есілдің бойына ел қондырып, дүниенің төрт бұрышына есігі айқара ашылған «Мәңгілік ел» қақпасы бар Қазақ елінің астанасын салды!
Бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласының аумағы ғана қанат жайып, ұлғайып бара жатқан жоқ, елордамыздың жер жаhандағы абыройы да, ізгілікті істері де ұлғайып, өсіп, дәуірлеп барады. Бәрін де құтты қылсын!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button