Қала мен Сала

«Елорда жастары»: Қолжетімді бағдарлама басталады

Астанада үйлі болу үшін қолжетімді бағдарламалар саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы. Бұл – қалалық әкімдік пен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы. Баспаналы болғысы келетін астаналық жастар үшін «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы 1-6 ақпан күндері іске қосылады.

2024 жылғы 1 ақпаннан бастап өтінімдерді қабылдау сағат 9.00-ден 6 ақпанға дейін сағат 23.59-ға дейін электрондық түрде birge.astana.kz порталы арқылы жүзеге асырылады (өтінім беру жөніндегі нұсқаулық zhilfond.kz сайтының осы бағдарлама бойынша хабарландыруында, «Жаңалықтар» бөлімінде орналастырылған). Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы/қайталама нарықта өз пәтеріңізді сатып алуға мүмкіндік береді. Банк барлығы 80 несие береді. Ипотекалық несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі 25 жылға дейін, бастапқы жарна – 10%,  қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме – 5%.

Бағдарламаның талаптары:

– Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс;

– Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Астана қаласында тұрақты тіркеуі болуы қажет;

– Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі болмауы тиіс;

– Қатысушының өтініш берген кезінде кемінде соңғы бір жыл ішінде Астана қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс;

– жинақталған сомасы 1,8 млн теңгеден кем емес «Отбасы банкте» депозиттік шотының болуы қажет;

– отбасының бір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет, яғни 2024 жылы бұл сома (260 442 тг) теңгені құрайды (зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда);

– бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады.

«Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына Астана қаласының мемлекеттік қалалық және республикалық мекемелерінің қызметкерлері ғана келесі қызмет салалары бойынша қатыса алады:

– денсаулық сақтау (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, медицина қызметкерлері);

– білім беру (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, педагог қызметкерлер);

– мәдениет (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);

– спорт (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, спортшылар мен жаттықтырушы-тәлімгерлер);

– әлеуметтік сала (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);

– ЖОО және ҒЗИ (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер);

– журналистер (тілшілер, продюсерлер, беттеушілер, редактор, режиссерлер, дыбыс инженерлері, телерадио жүргізушілері, фотографтар, телерадио хабарларын тарату инженерлері, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер, телерадио хабарларын тарату техниктері, аудио-бейне операторы, телекоммуникация монтажерлері, контент-менеджер, кеңесші, веб-дизайнер, медиа жоспарлау менеджері, медиа талдаушы);

– Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарының/мекемелерінің бейінді қызметкерлері (ұйымның жекелеген жоғары тұрған салалардағы қызметкерлерін, оның ішінде техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

– қызмет саласына қарамастан, елордада «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 35 жасқа толмаған азаматтар;

– Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер);

– Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері (техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, бейінді қызметкерлер).

Өтінімді толтыру кезінде қатысушы таңдаған сала бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын саламен сәйкес келуі тиіс.

Қатысуға қажетті құжаттар тізімі:

  1. Электронды цифрлі кілт;
  2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бала туу, неке қию, некені бұзу және т.б.);
  3. Өтініш берушіге Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар болуы) туралы анықтама (анықтама egov.kz – ҚР электрондық үкімет порталынан өтінім беру сәтіндегі күні алынуы тиіс);
  4. Ұйымның фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасу күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама;
  5. ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізім, еңбек кітабы немесе т.б.);
  6. Еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді-көшірме ерлі-зайыптылардың екеуіне де (жолдасы/жұбайы);
  7. Болған жағдайда: өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жолдасы/жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама;
  8. Депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (ерлі-зайыптылардың екеуіне де, жинақталған сома 1,8 млн теңгеден кем болмауы тиіс);
  9. Жұмыс істейтін ерлі-зайыптылардың екеуінде де болған жағдайда соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама;
  10. Жоғары немесе орта арнаулы білімі туралы құжат;
  11. Қолы мен күні бар дербес деректерді жинауға және өңдеуге жұбайының/жолдасының (бар болса) келісімінің сканерленген нұсқасы (келісім үлгісі zhilfond.kz сайтында осы бағдарлама бойынша хабарландыруда, «Жаңалықтар» бөлімінде орналастырылған).

Бағдарламаға іріктеу қалай жүзеге асырылады?

Қатысушыларды іріктеу ең жоғары баллдан ең төмен балға есептеуді пайдалана отырып жүргізілетін болады:

– таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық 1 жылы – 5 балл, таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық емес жылы – 3 балл;

– Астана қаласында «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандар ретінде өтінім берген азаматтарға қызмет саласына қарамастан, толық 1 жыл жұмыс өтілі үшін – 5 балл, толық емес жұмыс өтілі үшін – 3 балл есептеледі;

– өтініш берушіде немесе жолдасы/жұбайында I, II, III топтағы немесе балаларда мүгедектіктің болуы – 10 балл. Егер отбасының бірнеше мүшесінде мүгедектік болса, мүгедектігі бар отбасының әрбір мүшесіне ұпайлар беріледі; Қатысушылар бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушының өту үлесі жоғары болады.

Бағдарлама қатысты қосымша ақпаратты келесі мекенжай бойынша білуге болады: Астана қаласы, Республика даңғылы, 32, Тұрғын үй орталығы.  «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша кеңес алу үшін 8-776-198-29-70 (WhatsApp), 109 (ұялы телефондар үшін) – iKomek, 300 (ұялы телефондар үшін) – «Отбасы банк» АҚ нөміріне хабарласу қажет.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button