Қала мен Сала

Ескіні керегіне айырбастайды

Елордада тегін жәрмеңке өтті. Шараны Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы Greental әлеуметік дәмханасымен бірлесіп, «BizBirgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасының аясында ұйымдастырды. Жәрмеңке Достық көшесі, 13 мекенжайында Greental дәмханасында өтті.Жәрмеңкенің ерекшелігі тұрғындар мұнда өздерінің қажеттілігін жоғалтса да, сапасы сақталған заттарын әкеліп, оларды көрмеге қойылған кез-келген бұйымдарға айырбастай алды. Мейлі ол кітаптар, ойыншықтар, киімдер болсын, шектеу жоқ. Мәселен, елорда тұрғыны Нұржігіт Тасболатов тастауға қимайтын, бірақ өзіне сыймайтын екі көйлек пен шалбарын әкеліпті. «Жәрмеңкенің жарнамасын әлеуметтік желіден көріп, қатты қуандым. Үйде керек болып қалады дейтін, бірақ босқа тұрған заттар көп. Солардың бәрін осында бергім келіп отыр. Кітап, сөмкелер, киімдер бар. Оларды қоқысқа тастауға қимаймын. Оның орнына жаңа нәрсе алуға болады, өте игі шара. Жиі ұйымдастырылса екен» деді ол.
Айырбастың бұл түрі заттарға жаңа өмір сыйлап қана қоймай, уақыт пен қаражатты, түрлі ресурсты үнемдеуге септігін тигізеді дейді Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара ­Садуақасова. «Шара мақсаты – заттарға екінші өмір сыйлау, астарында экология мәселесі тұр. Тұрғындарға ескі затты сұрыптау керегін көрсету. Елорда бойынша екінші рет өткізіліп жатыр. Жәрмеңкеге түрлі заттар алып келуде. Кітап, киімдер, күртешелер, аяқ киімдер мен түрлі әшекей-бұйымдар, су жаңа гаджеттерді де көруге болады. Алдағы уақытта да ұйымдастыру ойда бар. Келушілер дән риза» деді жоба жетекшісі.
Көрмеге түрлі бұйымдар қойыл­ған, ешқайсысын қолданылған деуге келмейді. Сапасы сақталған, өндірістен жаңа шыққандай. Мұндай игі шараның болатынын есітіп, өзінің сүйікті кітаптарымен бөлісуді ұйғарыпты Айжан Оразхан. «Менің ойымша, бұл сыйлықтар жәрмеңкесі. Өзіңе керексіз болып қалған емес, ең жақсы көретін затыңды сыйлау қажет. Не аламын деп келмей, нендей керемет зат бере аламын деп ойландым. Содан «Абай жолы» романының 4 томын ала келдім. Әрбір жас оқу керек. Ал оның орнына психологиялық 3 кітап алдым. Бірінші рет келуім емес, өткен жылы да қатысқанмын. Өте пайдалы шара, көбірек ұйымдастырылса жақсы болар еді. Өз үйінде заттарын сұрыптауды үйренсе, ол адам қоқысты да бей-берекет тастаудан аулақ болады. Жалпы, өзімді экология мәселесі бей-жай қалдырмайды. Сондықтан шараға белсене қатысуды жөн көрдім» деп пікірін білдірді ол.
Ал Алихан Рахмет болса, мұндай бастама қазақ халқының салт-дәстүрінде де көрініс табады дейді. «Дәстүрімізде ағасы киген киімді інісі киеді, одан қала берді ауылға беріп жіберу бар. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Бұл шараның да негізі айтар ойы – кез-келген затты сөреде сақтай бермей, екінші өмір сыйлау. Мұқтаж жанға сыйға тарту. Мен мұнда анамның қымбат болса да кимейтін көйлектері мен бірнеше аяқ киімін алып келдім. Орнына ештеңе алмаймын. Тек тарту еткім келеді» дейді ол.
Жәрмеңке соңында қалып қойған заттар қайырымдылық ұйым­дары мен әлеуметтік дүкендерге тапсырылды.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button