Қала мен Сала

Үркердің жаңа келбеті

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 150-ге жуық ауланы, 50-ден астам қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған еді. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында – 40, Алматы ауданында – 33, Байқоңыр ауданында – 70, Есіл ауданында 20 аула абаттандырылып, тұрғындар игілігіне беріледі. Бұл ретте аула аумақтарын, ойын алаңдарын жасау азаматтардың пікірлерін ескере отырып жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

Соңғы жылдары қала әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей тапсыр­масы бойынша, сиқы кеткен саябақтар қайта ажарын тапса, қаладағы және қала шетіндегі қараусыз қалған жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы тынымбақтарға айналды. Аула аумақтарын абаттандыруда барлық заманауи стандарттар ескерілген. Қолданылатын материалдар сертификатталған. Спорт алаңдарында қауіпсіз резеңке төсемдер, жаттығу кешендері орнатылды. Сондай-ақ аумағы бойынша сәйкес келетін аула­лардың барлығына футбол, волейбол және баскетбол алаңдары салынды.
Абаттандыру жұмысын жүргізуде «Бюджетке қатысу» бағдарламасы іске қосылды. Яғни, қай ауланы абаттандыру керек және балалар алаңында нені көргісі келетінін тұрғындардың өздері шешеді. Айталық, Сарыарқа ауданында жөндеу жоспарланған 40 ауланың 13-і «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша жүзеге асуда. Есіл ауданында да биыл 20 жаңа аула салынып, 5 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Қазір осы жоспардың дені сәтімен орындалып, пайдалануға берілді. Соның бірі – Үркер елді мекенінде салынған екі заманауи қоғамдық кеңістік.
Атап айтқанда, жақында Үркер елді мекеніндегі бос жерлердің орнында екі заманауи қоғамдық кеңістік абаттандырылып, ресми пайдалануға берілді. Қауіпсіз резеңке жабыны, сертификатталған шағын сәулет нысандары қолданылып, орын көгалдандырылды. Алаңдар балаларға да, ересектерге де арналған. «Жаңадан салынған балалар алаңы тұрғындарға өте қолайлы болды. Қауіпсіз әрі ыңғайлы. Бұрын балалар үй-үйдің бұрышында шаң-шаң болып ойнап жүретін еді. Шағын алаңқай салынғалы сол жерге барып ойнайды. Үлкендерге де қолайлы. Соңғы кездері бас қаланы абаттандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Мен осыған дән ризамын» деді Үркердің тұрғыны Жазира Ахметқызы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button