Басты ақпаратМәдениет

Флейташы атындағы оркестр

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның көркемдік кеңесінің шешімімен, Астана қаласы Мәдениет басқармасының келісімімен филармонияның үрлемелі аспаптар оркестріне белгілі флейташы, аталмыш оркестрдің негізін қалаушыларының бірі, профессор Қайролла Жұмакеновтің есімін беру шешімі бірауыздан мақұлданды. Осыған орай, филармонияның концерт залында «Vivat Maestro» атты еске алу кеші өтті.

Қайролла Жұмакенов – А.Жұбанов атындағы рес­публикалық музыка мектебі мен Құрманғазы консерваториясының түлегі. П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасын бітірді. Еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдарында жұмыс істеп, Австрия, Франция, АҚШ, Италия, Испания, Германия, Ресей елдеріне гастрольдік сапармен барды. Оның репертуарында әлемдік классика жауһарлары, заманауи қазақстандық музыка,батысеуропалық және орыс композиторларының шығармалары болды. Ол орындаған шығармалар Қазақ радиосының «Алтын қорына» алынды. Сонымен қатар 30 жыл ұстаздық етті. Шәкірттері көптеген халық­аралық байқаудың лауреаты атанып, республикалық және шетелдік шығармашылық ұжымдарда жұмыс істейді.

Қайролла Жұмакенов Беларусь елінде өткен жас флейташылар конкурсы мен Одесса қаласында өткен байқаудың, АҚШ-тың Аризона штатындағы Финикс қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті) сабақ берді. Білім ошағында қазір оның атындағы флейташылар ансамблі бар.

«Біздің міндетіміз – Қайролла Жұмакеновтің мұрасын мәңгі есте қалдыруға ықпал ету, ұрпақ алдында ұлықтау» деді еске алу кешінде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов. Өнер ұжымының басшысы айтқандай, кеште музыканттың репертуарында болған шығармалар орындалды. Үрлемелі аспаптар оркестрінің (көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин) сүйемел­деуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Ахметов, Әкім Мұхаджанов, Бекболат Байсағатов, Дамиля Мақпырова, Равиль Құлмаметов шығармаларды сызылтты. Бұған қоса, камералық оркестр (бас дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Дүйсем­баев) Қ.Жұмакенов атындағы флейташылар ансамблінің өнерпаздары, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бағдат Шәкенов, Нұргүл Сапарова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бану Далишева, Балжан Сапарова, Александр Тараскин, Анна Горцунова, Аида Әбдіқадырова, Жанар Жылтыргөзова, Әлима Әбеуова, Жанбота Балғабеков, Айғаным Қабимолла өнер көрсетті. Фортепиано партиясын Анжелика Горлова мен Салтанат Ақбасова орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button