Қала мен Сала

Газ да, мектеп те бар

Астана іргесінде орналасқан тұрғын алаптардың жағдайы – қалалық әкімдіктің әрқашан назарында. Мәселен, Қарағанды – Астана тас жолы бойында Алматы ауданына қарасты үш тұрғын алап қатар орналасқан. Соның бірі – 11 мыңнан астам тұрғыны бар Интернациональный елді мекені.

Тұрғын алаптың өзінде орта мектеп пен мемлекеттік балабақша бар. Одан бөлек, шағын дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Алматы ауданы әкімінің бас ­инспекторы Азамат Нұғманұлының сөзінше, былтыр елді мекенге газ тартылып, бұл күнде 578 абонент көгілдер отынға қосылған.

– Интернациональный тұрғын алабының жалпы аумағы – 180 гектар. Тұрғын алапта 1182 жер үй, 354 пәтерлік 4 тұрғын үй бар. Алаптағы 26 көшенің 14-іне тас жол төселген. Былтыр алаптың 9 көшесі асфальтталды. Армандастар көшесінде инженерлік желілер, құбырлар салынып, кәріз жүйесі орталықтандырылды. Сондай-ақ нөсерге қарсы кәріз жұмыс істейді. Биыл Мереке және Ұлан көшесінде асфальтты-бетон жабынды төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Алматы ауданның тұрғын алаптарының әр алабында бір-бір жылы аялдама бар. Интернациональныйда өткен жылдың аяғында тағы бір жылы аялдама орнатылды. Былтыр алапқа газ беріліп, 578 абонент қосылды. Бүгінде газды үйге тарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, – деді Азамат Нұғманұлы.

Тұрғын алапқа қалалық №29, 29а, 9, 80 автобустары қатынайды.

– Бүгінгі таңда «Synergy Telecom» ЖШС жеке инвесторы елді мекенге сапалы және кең жолақты интернетке қосу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Көгалдандыруға келетін болсақ, Армандастар көшесі мен Речной тұйық көшесі бойындағы скверде жасыл желектер отырғызылатын болады. Жалпы тұрғын алапта халық демалатын 3 сквер бар. Олар Речной, Мереке, Көксай көшелерінде орналасқан. Жасыл желектен бөлек, балалар ойын алаңы да салынған, – дейді бас инспектор.

Байқағанымыздай, тұрғын алаптың жолы тегіс және жарық бағандары да қаз-қатар орнатылған. Аялдамада автобусты ұзақ күтіп қалған тұрғындарды да байқамадық. Қоғамдық көліктердің бірінен соң бірі қатынап жатқанын көрдік. Орталық көшеде полиция пункті, орталық кітапхана мен шағын сауда орындары бар.

Елді мекен тұрғыны Гүлжайна Шайхимованың сөзінше, тұрғын алапта жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған.

– Осы жерде тұрып жатқаныма 10 жылдан асты. Интернациональный деп көп ұлттар болған кезде аталған. Негізі бәріміз байырғы атауы Учхоз деп айта береміз. Қала орталығынан алыс демесеңіз, бізде барлық жағдай бар. Бұрындары жол болмай, біраз қиналатын едік. Қазір көлігі бар адамдарға жаңа жол жақсы болып тұр. Газды да тартып берді. Жақында жаңа мектебіміз де ашылды. Енді балаларымыз түстен кейін оқымайтын болды деп қуанып жүрміз, – дейді елді мекен тұрғыны.

Тұрын алапта 640 орындық орта мектептің 51 жылдық тарихы бар. №44 білім ошағының директоры Ляззат Култаеваның мәліметінше, мектеп жанынан 600 орындық қосымша ғимарат салынып, ол 3 қараша күні пайдалануға беріліпті.

– Іргетасы 1972 жылы қаланған мектебімізде 1023 бала оқиды. Жақында мектеп жанынан қосымша ғимарат ашылды. Бұл күнде ескі ғимаратта бастауыш сынып оқушылары ғана оқып жатыр. Ал жаңа ғимаратта 5-11 сынып оқушылары білім алады. Осыған орай мектебіміз бір ауысымдық білім беруге ауысып жатыр. Енді түстен кейін оқушылардың қосымша сабақ пен түрлі үйір­мелерге баруға мүмкіндігі бар. Ал жаңа ғимаратқа келетін болсақ, ондағы әр сынып 25 балаға есептелген. Сондай-ақ ер балаларға арналған шеберхана мен қыздарға арналған аспаздық бөлмесі мен тігін цехы ашылды. Химия биология, физика кабинеттері жұмыс істейді. Жабдықталған зертханасы да бар. Барлығы 73 педагог бар, олардың барлығы оқушылармен тығыз жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры.

Зарина
СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button