Басты ақпаратРуханият

Теңдессіз шайыр

Бар ғұмырымыз бірге өткен жан досым, сұрапыл ақын Несіпбек Айттың орны күн өткен сайын олқы соғып көрінеді қазақ қоғамында. Бүгін жыр жазуда теңдесі жоқ жүйрік, өлең өлкесінің ертеден салса кешке озған, еңістен салса төске озған тұсаусыз тұлпары Несіпбек Айттың жамбасы жерге тигеніне 40 күн болды.

іздің атымыз ғана ұқсас емес, тағдырымыз ортақ, заманымыз бірге, жүрер жолымыз қатар өріліп жатқан еді. Журналистика факультетін тетелес оқыдық, оқудан соң ол «Балдырған» журналы мен «Лениншіл жас» газетіне тізгін байлап, сол жерде жүріп баяғы Мұрат Әуезовтің «Жас тұлпары» секілді Ақселеу ағамыздың ұлттық сабағын тыңдайтын шәкірт болған жылдар тіптен жақындатып жіберді. Ол топта «Мәдениет және тұрмыстан» Тұрсын Жұртбаев, әншілер студиясынан Жәнібек Кәрменов болды. Нескең сол «Балдырғанда» жүріп балалар өлеңіне өзгені де тербеді, өзі де тербелді, ақыры «балдырған ақыннан» «батыр ақын» биігіне дейін көтерілді.

…Он жылдың жүзі болған жоқ, мен оны «абыз ақын, қобыз ақын Несіпбек!» деп атадым. Ол, шынында, абыздық табиғатында бар ақын, есейе келе өлеңдері мен поэмаларында абыз ойларды кесек-кесегімен айтқан ақын. Тіпті сонау ертеректегі жыр жолдарына үңілсеңіз, өмірге пәлсафалық көзбен қарай бастаған Несіпбекті көресіз:

«Жұрт еді ғой менсіз де күн көретін,

Өлгенменен ешкім жоқ бірге өлетін.

Қабақ шытпай күтейін ажалды да,

Қонағым ғой әйтеуір бір келетін!» дейді.

Бұл – бұған дейін жүз ғұламаның айтқан ойы. Соны бізге Несіпбекше жеткізу. Ал Нескеңнің поэзиядағы аяқ тастасы ғаламат болатын. Әсіресе, сөз саптауы…

Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров айтқандай, бойы аласа болса да, сол бойға сыйып жатқан сөз-қазына түпсіз де, шексіз де болатын:

«Мазам кетіп барады, мазам кетіп,

Мазақ етіп жүре ме қазам жетіп?

Тым болмаса жабдығым түгел емес,

Табақ тесік, қасық кем, қазан кетік!» дейді.

Құрдас боп ойнап жүруші едік. Соңғы бір жолыққанымда «Мен сенен 2-3 жас үлкенмін ғой» деп еді марқұм. «Ағатай» деп жаздым ақыреттік сапарына аттанарда. Қош, ағатай!

ҚАЙРАН, АЛТАЙ…

Кіндігің қалған жері – Тарбағатай.

Соңыңда Тарбағатай қалды, ағатай.

Қытайда қалып қойсаң қайтер едің,

Бер жағы – Шыңғыстау да, ар жағы – Алтай.

 

Ақсораң – менде.

Сенде – Тарбағатай,

Сенің де ішің толы зар ма, ағатай?

…Бөлінген екі жаққа екі Алтайдай,

Өксігі қара өлеңнің, қайран, Алтай!

 

Кіндігің қалған жері – Тарбағатай.

Бер жағы – Шыңғыстау да, ар жағы – Алтай.

Адамзат сапарының жолаушысы ең,

Алдыңнан жарылқағай Алла, ағатай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Өзі жайлы айтады. Ол кезде екеу­міздің де жағдайымыз сондай болатын. Екеуміз не, елдің жағдайы сондай еді. Бәріне ортақ қоңыр тірлік еді. Соны айта алуы қандай Нескеңнің?! Бірақ ол өз басындағы күйді жырлау болмайтын. Ортақ тағдырды ортаға салу болатын. Несіпбектің ертеректегі жырларын парақтаған жан халқының, ұлтының дар алдындағы сөзін айтқан жолдарды молынан табады:

«…Санаумен шыққан күнді,

туған айды,

Көз жасы бұл ғасырдың құрғамайды.

Жамайтын өз жыртығын өлермен көп,

Япырмау, ел жыртығын кім жамайды?!» дейді құса болған ақын.

Нескеңнің айтысы кесек, сөздері бейнелі, жыр мағынасы нысанаға атқан оқтай ғой:

«…Сумаңдаған суық қол суырып

ап қолқаны,

Адам қанын уыстап ақша орнына жұмсауда!» дейді.

Оқып отырып, денең дірілдейді. Жан-жағыңа қарап, әлгі қанішерден тығылмақ боласың. Тығыла алмайсың. Өйткені ол сенің жаныңда тұрған жоқ, сен өмір сүрген қоғамда өріп жүр! ­Нескем жазған ол жыртқыштар бүгін де таусылып біткен жоқ.

«…Алаң қағып әркімнің көзінде жүр,

Қасқыр тартқан тоқтының қор­қынышы» дегені рас та, хақ та.

Тұла бойы сөзден тұратын Несіпбек айтып кетпеген сөз жоқ! Кешеден бері жоқтау кезінде оның қырыққа таяу поэма жазғаны қайталап айтылды. Білемін. Біразын жазу барысында мені шақырып алатын: «Ей, дос, кел үйге, поэма жаздым, тыңдап, бағасын бер!» дейтін. Тұра ұмтыламын. Өзімді жатырқамайтын үйлерге батыл бара беретінмін. Нескеңнің шаңырағы – өз шаңырағым. Алғаш осы Астанаға үйсіз жалғыз келгенде, Несіпбек Манатқа шай қайнаттырып, ет асып, жиі шақырып алатын. Мәкең де бір жайлы адам. Содан Нескеңнің кемпірі маған мама болған еді. Ол кісіні бүгінге дейін «мама» деймін. …А, сол поэмалардың саны емес, ішінде айтылған сөздерінің құдіретіне табынып қайтушы едім ол шаңырақтан. Ертеде мынадай жыр жазған шайыр есейе келе не айтпайды дейсің:

«Қазақ жыры қайтып оңар, әр бұтада

 бір көкек,

Сұңқылдайды өз аттарын

шақырумен күнде тек.

Бұлбұл үнін танымайтын шойын­құлақ заманда,

Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек!».

Тағы: «Сорлы құлдың шыбын жаннан

 басқаға жоқ таласы,

Туды-өлді, болды ғайып,

көрінбейді қарасы.

Жеті атасы хандық құрған қаптап

 кетті қасқалар,

Қызыл табан, қырғыш көтен,

қалмай кедей баласы!».

…Несіпбекті жоқтауымның бұл басы ғана. Ортамыздан қазақ жырының жауһар толған арбасын жарты ғасыр жаяу сүйреген теңдессіз шайыр кетіп барады. «Ол бәрін алды, бәрін тақты кеудесіне, бар марапатқа ие болды» дерсіздер. Жалған! Ақын Несіпбек Айт бұл ғұмырдан түк те алған жоқ! Нанбасаңыз барып көріңіз. Ол небәрі екі құлаш кебінге оранып қана жатыр. Ал ол сіз бен бізге, қазаққа, барын берді! Оның қазақ поэзиясына бергенін ешбір өлшеуішпен өлшей алмаймыз!

…Нескем ортамызға оралып тұру үшін кеткен екен деп жұбатайын өзімді. «Өлсем көрден тұрғызатын құдіретім – сөз менің!» дегенді айтқан да сол Несіпбек еді. Оның мың атанға жүк болатын жырларын әр қазақ қолға алған сайын орнынан тұрып, басын иіп, қайта жататын шығар екпінінен от сөніп, су таситын сөз зергері!

– Тұр, Неске, тұр, Несіпбек! Мен сенің бар қазаққа қалдырған өсиет жырыңды оқиын деп жатырмын:

«…Керек қылса жолында оның

құрбанбыз,

Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Бір кеудеге екі жүрек симайды,

Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!».

***

Несіпбек жерленгелі Астананың күні қабағын ашпай қойды. Кеше аулаға шығып едім, күздің қара суығынан жаз бойы биікте қалықтап тұрған жап-жасыл жапырақтар бір түнде сары алтындай сарғайып, жаз бойы тұрған биігімен қоштасып, топырлап жерге түсіп, ауланы кезген тентек жел екпінінен тыныш таба алмай шыр айналып ұшып жүр екен. Бұл жапырақтардың да заманы өткенін түсіндім. Тура бір адамның тағдыры. Несіпбек айтқан тағдыр. Несіпбектің өз тағдыры…

«Айналды бір суық жел жан қоймасқа,

Шама жоқ жапырақтай сарғаймасқа» деп жазып еді-ау жүйрік ақын.

Ауладағы сарғайған жер-әлемді суретке түсіріп тұрып, Несіпбек жазған «Дариға-дәурен» ойға оралды:

«…Жаз көшіп, омырауын алтындаған» деген еді зергер ақын. Ойпырмай, бұдан артық осы сәтті қалайша дәл, қалайша бояуын қанық, қалайша күрсініспен айтуға болады?! «Омырауын алтындаған…». Ғажап! Бірақ өкінішті!

Алтын күз де бітуге таяу. Сіз бен біздің тұстастардың алтын күзін айтамын. Несіпбектің алтын күзі аяқталып, мәңгілік мұз құрсанған қысы жеткеніне куә боп қайттық емес пе сол күні…

«Жаз көшіп, омырауын алтындаған…».

«Дариға-дәурен» әркімнің дариға жыры боп әнге айналды. Сезімтал сазгер Тұрсынжан Шапай шығарды әнін. Ғажап бір мұңлы дауыс Рамазан Стамғазиев айтты мыңның көз жасын тамшылата отырып тыңдаған бұл әнді. Түпсіз терең әнге бесік болған жырды Несіпбек туғызды. Үш биік үшбу әнді алтын тұғырға қондырып кетті:

«Аққулар әуелейді қалықтаған,

Қайтейін, қанатым жоқ

қалып барам.

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам».

Дариға-дәурен!

Бұдан әрі үзілмей гигигайлаған, емірене сұңқылдаған сиқырлы дауыс әркімнің-ақ дариға-дәуренін көз алдынан мың қайтара өткізіп барып сабасына түседі де, ақынға тағы кезек береді:

Жаз көшіп, омырауын алтындаған,

Айдын көл мұңаяды салқындаған.

Басынан Төлегендей ғашықтардың,

Айналып, алты қаздай қаңқылдаған,

Дариға-дәурен!

…Тағы да сол мұң, тағы да сол арман,

 тағы да сол сезім селі…

…Айналып, алты қаздай қона

алмаған!

«Дариға-дәурен!» деп бітеді ән-ғұмыр. Несіпбектің ғұмыры. Ән тыңдаған мың-миллиондар дуылдатып қол соғады. Несіпбектің ғұмыры қайта жалғасады. Оның «Дариға-дәурені» өзінікі болудан арылып, иісі қазақтың ортақ әніне, ортақ ғұмырына, ортақ тағдырына айналады! Ой, шіркін-ай, Несіпбектің «Дариға-дәуренінің» қанық бояуы бүгін көрсеткен ғаламат суреті – «омырауын алтындаған» күзі де көшіп барады…

Қалғанымызды қарлы қысқа майға қасық салғандай ғана күткізіп, жаңылдырмай жасыл жейдесін жамылған көктеміңе жеткізе гөр, Жаратқан!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button