Экономика

«HALYK BANK» енгізген жаңа жүйе

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың басында халыққа арнаған Жолдауында: «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген. Елбасының осы бір тапсырмасын орындау барысында бірнеше ай бұрын Астанадағы қоғамдық көліктерде жолақы төлеу жүйесі «Astra» көлік картасымен жүзеге асатын болды. Оған қосымша SMS хабарлама арқылы төлем жасау жүйесі де іске қосылды. Ал жақында Halyk Bank арқылы QR-кодпен төлем жасауға болатын жүйе жүзеге асырылды. Біз осы тұста «Astana LRT» ЖШС баспасөз қызметінің басшысы ­Науат Азанбаевамен байланысқа шығып, жаңа бастаманың қыр-сыры туралы мәліметтерге қанық болдық.

– QR-код жүйесінің енгізілгеніне бірнеше күн болды. Қандай өзгерістер бар?
– Шыны керек, бұл бастама қыр­­күйек айынан басталды. Бірақ QR-код Астанадағы қоғамдық көліктің бәріне ілінбегендіктен, ресми түрде жариялаған жоқпыз. Дегенмен автобустардың 90 пайызында ілініп тұрғанын айта кеткім келеді. Бұған қоса, 25 мыңнан астам жолаушы жаңа жүйе арқылы жолақы төлеп үлгерді. Жалпы төлем жүйесінің кез келген түрін елордалықтар жылы қабылдап жатыр. Себебі бір ғана көлік картасының маңайында шешілмей жатқан мәселелер жеткілікті. Мәселен, картаға аударылған ақша дер кезінде түспей, соның салдарынан қала тұрғындары арасында түсініспеушіліктер туындап жатты. Енді, міне, Halyk Bank арқылы жаңадан қосылған QR-кодпен төлем жасау сол кедергілердің алдын алып жатыр. Бір айта кетерлігі, банктер арасында бұл бастаманы әзірге Halyk Bank қана қолға алып отыр.
– Сонда Halyk Bank арқылы QR-кодпен төлем жасау қалай жүзеге асырылады?
– Қазір Halyk Bank пен Qazkom бірігіп кетті ғой. Сондықтан қолыңызда екі картаның бірі болса жеткілікті. Яғни жолаушы Homebank мобильді қосымшасын ашып, автобус салонындағы QR-код ілініп тұрған тұсты табу керек. Аталған кодты телефоны арқылы сканерлеген соң қосымшада көрсетілген нұсқаулықтарды орындауы қажет. Ал төлем расталған соң ұялы телефонға электронды чегі бар SMS-хабарлама келеді. Сонан кейін электронды түбіртек жүктеп алынып, оған телефон нөмірі енгізіледі. Ал кілт сөз ретінде Halyk Bank картасының соңғы төрт цифрын пайдаланса болғаны. Еш қиындығы жоқ. Сол сияқты Tele2 мен Altel абоненттері Halyk Bank клиенттері болған жағдайда, Homebank қосымшасын пайдалана алады.
– QR-код арқылы төлемге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Жоқ, жеңілдік жағы қарас­тырылмаған. Бірақ Halyk Bank-тің бастауымен төлем жүйе­сінің түрі көбейіп, тұрғындарға ыңғайлылық жасалып отыр. Енді бұрынғыдай көлік картасына ақша аудару үшін аялдамадағы аппараттар алдындағы ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ.
– Жаңа бастама қандай тә­жірибеге сүйеніп енгізілді?
– Бірнәрсені айтайын, біз алыс-жақын шетелдердегі тәжірибеге сүйенген жоқпыз. Тек біздегі онлайн төлем бірер жыл бұрын Алматы қаласында жүзеге асырылды. Бұған қосымша, Қызыл­орда қаласында жолақы «Oyby» мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төленеді. Міне, біз осы екі қаладағы тәжірибені негізге ала отырып, барынша тиімді жақтарын өзімізге енгізуді жөн деп санадық.
– Алдағы уақытта тағы қандай төлем жүйелері іске қосылуы мүмкін?
– Әзірге жоспарымыз – осы. Тек жолақыны қолма-қол төлегісі келген жолаушы екі есе, яғни 180 теңгеге шығындалатынын кезекті рет еске салайын. Жоғарыда айтып өткенімдей, QR-кодты әзірге Halyk Bank қана қолға алып отыр. Бұл бастама алдағы уақытта еліміздегі өзге де банктерге үлгі болып, игі істі әрі қарай жалғастырады деген ойдамын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button