Денсаулық

Медициналық көмектің соны түрі

Соңғы уақытта ел тұрғындары медициналық қызмет үшін көп шығындалатын болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2017 жылдың өзінде қазақстандықтар ақылы медициналық қызметке 678 млрд теңге қаржы жұмсапты. Бұл тұрғындардың кіріс көзінің 40 пайызынан астамын құрайды. Сонымен бірге, мемлекеттің шығыны да артып барады. Өткен жылғы шығын 940 млрд теңгені құрапты. Бұл – тұрғындардың жиі ауыратынының белгісі. Дегенмен ел тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделінің енгізілуінен үлкен үміт күтіп отыр. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров бұл реформалар медицина саласындағы бірқатар мәселенің шешімін тауып отырғанын мәлім етті.

– Бірінші сауалымыз: отандық медицинаның қазіргі ба­ғыт-бағ­дары қандай?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында отандық медицина қымбат ем-домға емес, аурудың алдын алуға бағытталуы керектігін ерекше атап өткен. Осы салада қазір ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бір айтарлығы, әркім денсаулығын күтуді өзінен бастауы керек. Яғни дұрыс тамақтанып, спортпен тұрақты түрде шұғылданып отырғаны жөн. Бұған қоса, әр азамат жылына кем дегенде бір мәрте дәрігердің тексеруінен өтуі қажет. Бір өкініштісі, қанымыз­ға сіңіп қалған әдет пе, науқастар ауру әбден меңдеген сәтте бір-ақ келеді. Бүгінге дейін жыл сайынғы науқастардың 68 пайызы, яғни 2 млн адам шұғыл түрде жатқызылады. Нақтырақ айтқанда, еліміздің әрбір оныншы тұрғыны қауіпті диагнозбен ауруханаға түседі.
– Медициналық тексеру қазақстандықтардың бәріне тегін бе?
– Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттің тегін медициналық көмегіне жүгіне алады. Бұл бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ профилактикалық, диагностикалық және емдеу медициналық қызметтерін қамтиды. Ал скринингтік зерттеулер әйелдер үшін жатыр мойыншығы ісігін ерте анықтау, сүт бездері обыры, колоректалды қатерлі ісікті ерте анықтау, қант диабеті, қан айналымы жүйесінің аурулары, сонымен қатар жүректің ишемиялық ауруы, глаукома секілді бағыттар бойынша жүргізіледі. Осы тұста мына бір жайтты айта кетейін, Астана қаласы бойынша скринингтік зерттеуге биыл 214,8 млн теңге бөлініп отыр. Сол сияқты бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балаларға профилактикалық тексеру және вакцина егу шаралары қарастырылған.
– Қауіпті ауруға кімдер жиі шал­дығып жатады?
– Бәрі сол бұрынғыдай. Қауіпті ауруға шалдыққандар арасында ішімдікке құмар, темекі шегетін, нашақорлыққа үйір азаматтар алдыңғы қатарда тұр. Бұған артық салмағы бар жандарды да қосуға болады. Ал темекіге әуес адам ең бірінші өкпесі мен жүрегінің жағдайын бақылауда ұстауы керек. Тағы да айтайын, мемлекет өз тарапынан жәрдем ретінде кепілдік берілген тегін медициналық көмекті ұсына алады. Яғни науқас дәрігердің қабылдауында болып, қажет кеңес алуға, сонымен бірге көз жанарын тексертуге, көз ішіндегі қысымын өлшеуге мүмкіндігі бар. Сол сияқты холестерин, қандағы глюкозаға биохимиялық зерттеулер жүргізу, электрокардиограмма, флюорография және спирография секілді маңызды жайттар қарастырылған. Ал процедураның әрқайсысы темекі шегудің іш құрылысқа зиянын тигізіп жатқанын кезекті рет анықтай түседі.
– Мәселен, скринингтен өту ба­рысында науқастың ауруы анық­талып, дәрігер ерекше бақылау қажеттігін айтар болса…
– Бұл жағдайда ерекше бақылау, әдеттегідей, емхананың учаскелік қызметі деңгейінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ учаскелік дәрігерлер науқасқа өз денсаулығын назарда ұстауды үйретеді. Мәселен, еліміздің әрбір өңірінде қант диабетінің мектебі жұмыс істейді. Бұл ауруға шалдыққандар үшін үлкен көмек болып отыр. Сонымен қатар, астма, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы секілді қатерлі дерттерді емдеуге арналған орындар бар. Дәрігерлердің басты міндеті – ауруды ескерту, денсаулық әркімнің өз қолында екенін түсіндіру.
– Қазір елімізде халықты емханаға тіркеу ісі жүріп жатыр. Оның қандай ерекшелігі бар?
– Бұл – жыл сайын жүзеге асырылатын үрдіс. Осының арқасында тұрғындар таңдау құқығын пайдаланып, емханасын ауыстыра алады. Бұл қараша айының ортасына дейін жалғасады. Сонымен қатар, биыл жаңа лимит белгіленіп, ол бойынша бір маманға бұрынғыдай екі мың науқастың орнына 1700 адам тіркелетін болды. Бұған қоса, қордың қалалық филиалының жеткізушілері – 83 медициналық ұйым, ал олардың 45-і – жеке клиника.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button