Басты ақпарат

Халық алғысы

Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан белсенді еріктілер мен азаматтарға «Халық алғысы» медалін табыстады.

«Қалалықтар пандемия кезінде ұйымшылдық танытты, жақындарына көмектесіп, Covid-19 таралмауына өздерінің үлесін қосты. Еріктілер бақылау – өткізу бекеттерінде кезекшілік атқарды, дезинфекция жасауға қатысты, жедел штабта да жұмыс істеді. Азаматтарымыздың тұрмысы төмен санаттарына дәрі-дәрмек, азық-түлік пен қорғануға арналған заттарды таратты. Бірлескен еңбектің арқасында жағдайды тұрақтандыра алдық» деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Мемлекет басшысы қайырымдылық, волонтерлік ұйымдар және бизнес саласы өкілдерімен онлайн кездесуде қайырымдылық пен волонтерлік пандемия кезінде жалпыұлттық деңгейге жетіп, әлеуметтік нормаға айнала бастағанын айтты. Президент волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық және меценаттықты қолдау – мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы екенін атап өтті. Елбасы бастамасы бойынша құрылған «Біз біргеміз» қоры мыңдаған отбасыға қаржылай көмек көрсетті, қалалықтар жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытты» деп жазды елорда әкімі өзінің инстаграм парақшасында.
Кездесуде құрамына волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстардың барлық өкілі кіретін бірыңғай платформа құру мәселесі талқыланды. Бұл ешкім шет қалмас үшін мұқтаж адамдарға жеке-жеке көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса бөлінген көмектің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жиында волонтерлік ұйымдарды дамыту және қолдаудың бірқатар бағыттары жайлы сөз қозғалды.
Соңынан қала басшысы Президент атынан белсенді еріктілер мен азаматтарға «Халық алғысы» медалін табыстады. Қиын кезеңде аянбай еңбек еткен жандарға алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button