Басты ақпарат

Індетке қарамастан іргелі жұмыстар атқарылды

Еріктілер мен дәрігерлерге алғыс!

Елорда әкімдігінің атынан жұртшылықты келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап өткен қала әкімі пандемия жағдайына қарамастан атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады: «Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Волонтерлер жылын ресми түрде қорытындылады. Пандемия кезінде еріктілер атқарған жұмыстар орасан зор, сонымен қатар биыл дәрігерлерге үлкен салмақ болды» дей келіп, дәрігерлер көмегімен 15 мыңнан астам қала тұрғынының COVID-19 індетінен сауығып шыққанын айтты. «Елбасының «Біргеміз» атты үндеуі мен Мемлекет басшысы қадағалауының нәтижесінде індетпен күрес­тің алғашқы толқынын еңсеріп, дайындықты күшейттік. Қазіргі таңда елордада 176 адам ем алуда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаз айларында бір күнде 3911 адам емделген болатын» деді әкім.

Жағдай тұрақтанды

– Жыл басында ПТР тестілеу бойынша бір ғана зертханамыз болса, қазір оның саны 17-ге дейін артты. Яғни қуаттылығымыз тәулігіне 11 мың ПТР тестіне дейін артқандығын көрсетеді. Жазда тестілеу уақытына 5 күн кететін еді, ол кезде ауыр жүктеме болды және зертханалардың саны қазіргіден әлдеқайда аз болды, қазіргі уақытта мүмкіндікті арттырдық, ПТР нәтижелерін 4 сағат ішінде беруге болады. Стационарларда изотермиялық мини-зертханалар орнаттық, олар стационарда емделіп жатқан науқастардың тестілеу нәтижесін екі сағатта көрсете алады. Денсаулық сақтау министрлігімен, басқа мемлекеттік органдармен бірге бұл жұмыс жалғасуда, – деген әкім 6 қазаннан бастап 4800 жолау­шының карантиндік ауруханаларға орналастырылғанын, 28 адамның оң нәтиже көрсеткенін айтты. Карантинді бұзушыларға шара қолданылады. Кейбір ойын-сауық мекемелеріне, мейрамханаларға, түнгі клубтарға қатысты бірнеше рет заң бұзушылықтар орын алғаны да айтылды.
А.Көлгіновтің айтуынша, барлық медициналық қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. «Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жедел жәрдем стансасының базасында call-орталық бар. Осы әрекеттердің барлығы жағдайды тұрақтандыруға көмектесті. Мен эпидемиологиялық ахуал мен санитарлық нормаларға жауапкершілікпен қарайтын тұрғындарымызға алғыс айтқым келеді. Біздің тұрғындар да тәжірибе жинады, олар карантин кезеңінде өзін қалай ұстау керектігін біледі. Біздің дәрігерлер де үлкен тәжірибе жинады» деп атап өткен Алтай Көлгінов жұртшылыққа алдағы мерекелерде халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді. «Жаңа жылдың отбасылық мереке екені баршаға аян. Сондықтан Жаңа жылды аурухана төсегінде қарсы алғаннан гөрі, үйде отбасының ортасында күткен жақсы ғой. Бұл күндері аса мұқият болыңыздар!» деді қала әкімі.

 

43 миллиард теңге оңтайландырылды

Пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 43 миллиард теңгені оңтайландырып, қажетті салаларға бағыттаған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың өнімсіз шығындарын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. «Пандемияның жағымсыз салдары болды, әсіресе одан шағын және орта бизнес зардап шекті. Мемлекет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады. Көптеген іс-шаралар қысқартылды. Мәдени шаралардың көбі онлайн өтті. Соның есебінен қаражат та қысқартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 миллиард теңгеге үнемдедік» деді әкім. Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Сонымен бірге оңтайландырылған қаражат нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, індет кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және қоғам үшін өзекті басқа салаларға бағытталған. Бұл – апаттық жағдайдағы үйлерді бұзу, жолдар, аулалар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, шағын және орта бизнесті несиелеу, тұрақтандыру қорын толтыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұруға арналған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты ауқымды жұмыстар. Сондай-ақ қосымша қаражат әлеуметтік көмек көрсетуге; қашықтан оқытуды ескере отырып, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға компьютер, маршрутизатор, мектеп киімдерін сатып алу үшін бөлінді.

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Әкімнің айтуынша, қазір елордада 48 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның барлығы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жатады. Жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана» сегменті бойынша 8 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2020 жылдың соңына дейін 3 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен бірге тұрғын үй сертификаттарының көлемін 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайту да жоспарда бар.
Соңғы он жылда елорда халқының саны екі есеге өсті. Бұрын 600 мыңнан астам тұрғын болса, қазір 1 млн 200 мыңға жетті. Алдағы жылдары тұрғындар артпаса, кемімейді. Болжамдар бойынша 2030 жылға қарай бас қала тұрғындары 2 миллионға жетеді. Осыны айтқан қала басшысы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетін аумақтарды атады.
– Бас жоспарға сәйкес «Мыңжылдық» аллеясында, «Тәуелсіздік» сарайынан бастап «Нұрлы жол» вокзалына дейін, жалпы аумағы 5 шақырым қашықтықта құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қазір оның бойындағы ескі саяжайлардың орнына тұрғын үй кешендері салынып жатыр, – деді А.Көлгінов.
Қала әкімі үлескерлер мәселесі де үлкен проблема болып отырғанын айтты. «Өткен жылдың басында 52 проблемалық нысан болды. Жылдың соңында 10 проблемалық нысан бойынша мәселені шештік. Биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 20 нысан бойынша мәселені шешеміз. 52 нысан болса, оның 30-ы бойынша мәселе шешілді. Бұл оңай шаруа емес. Сот үрдісі мен қаржы моделі, жобалық-сметалық құжаттардың қалпына келтірілуіне көп уақыт жұмсадық. Бірақ ең басты мәселе – ол қаржы. Өз уақытында Елбасының тапсырмасымен 40 млрд теңге бөлінген. Ол жетпеді. Сондықтан ел басшылығы тағы қосымша қаржы бөлді. Ол қайтарылатын ақша екенін түсіну керек. Әрине, әрбір үлескер өзінің үйі туралы ақпаратты естігісі келеді. Оның барлығын бұл жерде айтып жатпаймын. Әр объект бойынша график бар. Біз күнде үлескерлермен кездесіп, жұмыс істеп жатырмыз» деді ол.

Апатты үйлер азаяды

Биыл Нұр-Сұлтанда 200-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшіріледі. Янушкевич көшесіндегі екі ескі жатақхананың тұрғындары жаңа үйге көшіріледі деп жоспарланып отыр. Сол сияқты Сарыарқа ауданындағы университет маңында да ескі үйлер бар. Ескі және апатты үйлерді сүру де үлескерлер мәселесімен қатар жүргізіліп жатыр. «Өткен ғасырдан бері келе жатқан казармалар бар, бірақ адамдар сол жерде тұрады. Апаттық жатақханалар бар, біз бұл тұрғындармен жұмыс істеп жатырмыз» деген қала әкімі А.Көлгінов адамдардың жанармай мұнараларының жанында да тұрғандығын, бұл өте қауіпті екенін айтты. Қазіргі уақытта мәселе шешілген.5 жылда 50 мектеп салынбақ

Қала халқының саны едәуір көбейгендіктен, алдағы уақытта да жыл сайын кемінде 10-12 немесе одан да көп мектеп салып отыру керек. Бұл үшін бюджет қаражатын жұмсау ғана емес, жеке инвесторлардың да мектеп салуына ықпал жасалуда. «Оқушылардың саны осыдан 10 жыл бұрын 74 мың болса, қазіргі таңда 193 мыңға жетті. Егер динамика тап осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта екі есе көбеюі мүмкін. Яғни оқушылар саны 400 мыңға жетуі мүмкін» деді А.Көлгінов. Оның айтуынша, өткен жылы 22 мектепте балалардың саны нормадан тыс көбейген, 8 мектеп үш ауысымда ресми тіркелген. Биыл олардың саны екі есеге азайды. Қазіргі уақытта елордада үш ауысымды 4 мектеп қана бар. Егер 2019 жылы 6 мектеп салынып, пайдалануға берілген болса, биыл бұл екі есе көп, яғни 12 мектеп. Олардың кейбіреулері пайдалануға берілген. Қала әкімі 2021 жылы кем дегенде 12 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын айтты. 5 жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар аясында 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған.

№59 мектеп-лицейге баратын оқушылар саны шамадан тыс көп. Сондықтан сол аумақта тұратын ата-аналар оның маңайында тұрғын үй кешені орнына тағы бір орта білім беру нысаны салынса деген тілектерін айтып жатыр. Қала әкімі сол маңдағы «Инфинити» тұрғын үй кешені тұрғындарымен және құрылыс салушымен кездесіп, әңгімелесті. Қорытындысында әкімнің тапсырмасымен құрылыс жоспарына мектеп пен сол аумақта шағын бақ салу енгізілді. Осыны айтқан А.Көлгінов әкімдік тарапынан алдымен мектеп салу туралы шарт қойылғанын, содан кейін ғана тұрғын үй кешені құрылысын жүргізу жайлы айтылғанын жеткізді.
– Қалада үш ауысыммен оқытатын бірнеше мектеп бар. Соның бірі – №59 мектеп-лицей. Бізде аталмыш мектеп пен басқа орта білім беру нысандарының жүктемесін азайтуға қатысты нақты жоспарлар бар. Мәселен, Сауран көшесі бойында мектеп салып, оны пайдалануға бердік. Бұл орта мектеп 1200 оқушыға шақталған. Егер екі ауысымда оқытса, бала саны 2400 болады. Қазір оған 1500 бала барады. Сол маңайда тағы бір мектеп салсақ, жүктеме азаяды. Күн тәртібінде осы мәселе тұр, – деді Алтай Сейдірұлы.

Әлеуметтік нысандарға – басымдық

29 әлеуметтік нысан ашылды. Оның ішінде дәрігерлік көмек, үш қосымша білім беру нысаны, 4 оңалту орталықтары және отбасын қолдау институттары бар. «Мысалы, біз Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйді жалға алдық, бірінші қабаттарында коммерциялық нысандар ашу жоспарланған болатын. Біз онда аутизм диагнозы қойылған балалар үшін екі оңалту орталығын аштық. Жақын арада бірінші қалалық ауруханада Тұңғыш Президент қорымен бірлесе отырып, бірінші қабатында балаларға арналған оңалту орталығын ашамыз. Қала тұрғындарының өтініші бойынша БЦП-мен ауыратын балаларға арналған иппотерапия орталығының құрылысы басталды. Жалпы биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша 26 әлеуметтік нысан жөндеуден өтті» деп атап өтті әкім.
Сондай-ақ «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы туралы айтты. Орталық ашылғалы бері 40 мыңнан астам адамның мәселелерін шешуге көмектескен. «Біз «бір терезе» қағидаты бойынша жағдай жасап, қызметкерлеріміздің халыққа көмек көрсетуін қамтамасыз еттік. Бүгінге дейін 60 мыңнан астам сауалға жауап берілді. Сұрақтарды талдай келе, жұртшылық үшін баспана мәселесі өте өзекті екенін анықтадық. Сол себепті осы маңайға қосымша баспана орталығын аштық. Ашылғалы екі ай уақыт ішінде 9 мың адам проблемасымен жүгінді» деді елорда басшысы.Газдандыру – Елбасының тарихи жобасы

Осылай деген қала әкімі А.Көлгінов мың шақырымнан астам газ құбырының елордаға жеткізілгенін, бұл жерде «Самұрық-Қазына» және орталық мемлекеттік органдар үлкен жұмыстар атқарғанына тоқталды. «Бұл тұрғыда елорда әкімдігіне артылған жүк – ішкі газ құбырларын салу. Біз үш кезең бойынша 300 шақырымды құрайтын газ құбырын тарттық. Соның ішінде 1-ЖЭО, 2-ЖЭО-ге магистралды газ құбыры тартылды. Ондағы 4 су жылыту қазандықтары газбен жылытуға көшті. Қалғандары екінші, үшінші кезеңде жасалатын болады. Қазіргі уақытта «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алаптарындағы жеке секторларына газ құбыры жеткізіліп, үйлерге газ жеткізу жұмысы жалғасуда. Жалпы мыңнан аса тұрғын техникалық құжаттарын алды. Тағы үш мың адам жеке консультация алды. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сол себепті де лицензиясы бар мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, қала толықтай газдандырылған жағдайда қаланың экологиясы жақсарып, 40 мың тонна зиянды қалдықтан арыламыз» деді А.Көлгінов.

Тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін

Пандемия жағдайында адамдар бір жерге көп шоғырланбас үшін қала әкімдігі белгілі бір шараларды қолға алды. Қазір мерекелердің алдында, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар сауда орындарын толтырмас үшін санитарлық дәрігерлер мен супермаркет иелерімен ақылдасу жүріп жатыр.
– Ірі супермаркеттер мен гипермаркеттерді тәулік бойғы жұмыс режиміне көшіру туралы ойланып жатырмыз. Онда адамдар керек заттарын кешкі сағат сегізге дейін сатып алуға асықпайтын болады. Қауіп те азаяды. Мұны локдаунды болдырмас үшін жасаймыз ба деп отырмыз. Қазір ақылдасып жатырмыз. Жуырда нақты шешімін айтамыз, – деді қала басшысы.

Қала экологиясы қалай жақсарады ?

Қала экологиясын жақсарту мәселесіне тоқталған А.Көлгінов бұл мәселе елорда үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті болып отырғанын атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласына келсек, бұл тарапта біршама істер қолға алынды.
– Бізде қазір шаһарды ластайтын үш негізгі «көз» бар. Оның біріншісі – жылу-электр орталықтары, екіншісі – жеке сектордағы үйлер. Жер үйлерде пеш жаққанда тымық күндері қаланы түтін басады. Мұны баршаңыз білесіздер. Үшіншісі, басқа да ірі шаһарлардағы сияқты, автокөліктер. Тұрғындар сияқты олардың саны да жылдан-жылға көбейіп жатыр, – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, осы мәселені шешу үшін алдымен қаланы газдандыру септігін тигізеді. Бүгіндері 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да төрт су жылытатын қазандық газға ауыстырылды. Басқа қазандықтар да алдағы жылдары газға ауыстырылады. Жеке секторға газ тартылып, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын азайтады.
– Локдаун уақытында қала ауасының тазарғанын байқадық. Бұған көшелерде жүрген автокөліктер санының азаюы әсерін тигізді. Егер қоғамдық көлік желісін дамытсақ, велосипедпен жүруге жағдай жасасақ, экология жақсарады. Қазір 100 электроавтобус сатып алдық. Жеке инвестициялар есебінен тағы осыншама осындай автобустарды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Инвестор автопарк салып жатыр. Ол өз қаржысына электроавтобустарды сатып алады, – деді А.Көлгінов.
Бұл тарапта қаланы көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтқан қала басшысы елорда айналасындағы «жасыл белдеуді» дамыту жалғасатынын жеткізді.
– Бұл жүйелі жұмысты қажет етеді. Газдандыру, көгалдандыру және көліктерді баламалы энергия көздеріне көшіру қала экологиясын әжептәуір жақсартады. Дәл осы жұмыстармен қазір айналысып жатырмыз, – деді шаһар басшысы.

Көлік кептелісін азайтатын көпір 

Алматы және Есіл аудандары арасын жалғайтын Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір құрылысының жобасы қазір қайта қаралып жатыр. Тиісті жобалық-сметалық құжаттама жақын күндері дайын болады. Осыны айтқан қала әкімі бұл жоба қала үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.
– Қазір оң жағалау мен сол жағалауды байланыстыратын бірнеше ғана жол бар. Бұл – Тұран және Қабанбай даңғылдары, Ш.Айтматов көшесі. Ал қалада көлік саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Сондықтан қосымша көпірлерді салуымыз қажет. Тәуелсіздік даңғылында алдында вант көпірін салу жоспарланған. Оның құнын арзандату үшін жобаны қайта жасауға конкурс жарияладық. Бұл көпір салынғанда, Мәңгілік ел, Ұлы дала даңғылдарына оң жағалаудан келу жеңілдейді. Қаладағы көлік кептелісі азаяды, – деді Алтай Көлгінов.

Теміржол ауруханасының түйткілі шешіледі 

Апатты жағдайдағы Орталық теміржол ауруханасын жөндеуге қатысты жұмыстар қолға алынды. Сондағы емхана Жеңіс даңғылындағы жаңа корпусқа көшірілді. Қала басшысы бұл мәселе бойынша алда қандай істер жүргізілетінін айтып өтті.
– Теміржол ауруханасы – қаланың байырғы нысандарының бірі. Аурухананың бір корпусында әскери азаматтарды емдейтін емхана болды. Біз Қорғаныс министрлігімен келісіп, оларды басқа корпусқа ауыстырдық. Мәселені шешу үшін түрік инвесторымен келіссөз жүргіздік. Қазір «Көктал» жақта тиісті құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысан университеттік емхана болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл – әлемдік тәжірибе. Себебі Сарыарқа ауданында 340 мыңға жуық халық тұрады. Тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.

Жадыра ШАМҰРАТОВА,
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button