Басты ақпаратМәдениет

«Кәусардағы» күй кеші

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен білім ошағында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрінің «Қазағымның күйлері-ай» концерті өтті.

Кеш үйлестірушісі, жүргізушісі, аталмыш бірлестік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ­Кенжеғали Мыржықбай – осы оркестрді құрған адамның бірі. Ол 1997 жылы Ақмола облыстық филармонияның директоры-көркемдік жетекшісі болып тағайындалып, оркестрді құруға кірісті. Өрелі өнерпаз сол тарихты еске алып, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе, Ақтау сияқты қалалар мен Ақмоланың өзінен өнерпаздар шақырылып, 60 адамдық оркестр жасақталғанын айтты.

Соны естіп, атақты дирижер, КСРО мен Қазақ КСР халық әртісі Шамғон Қажығалиев бас дирижер болуға ниет танытып, филармония басшысына хат жазды. Алайда сол уақытта астанаға айналып жатқан Ақмолаға Алматыдан мемлекеттік органдар көшіріліп жатқандықтан, баспана мәселесі туындады. Сондықтан Шамғон Сағаддинұлын алдыру мүмкін болмады. Дирижерлік Айтқали Жайымовқа ұсынылды. Бірақ сол кезде Құрманғазы оркестріне жетекшілік еткен ол осы ұжым мен Алматыны қимады, астаналық филармонияның қазақ оркестріне тек 2008 жылы келіп, күні бүгінге дейін аталмыш оркестрді басқарып отыр. Сонымен не керек, Павлодардан Мырзағали Айдаболов шақырылды. Бұл кісі келіп, оркестрмен жұмыс­ты бастады. 1998 жылдың 7 сәуірінде «Жастар» сарайында оркестрдің тұсауы кесілді. Міне, соған биыл ширек ғасыр толмақ.

Кешегі алпыс адамдық оркестрдің құрамында бүгіндері 100-ге тарта музыкант бар. Еуразия университетінде өткен концертте сахнаның мүмкіндігіне қарай 50 өнерпаз қатысты.

– Сыдық Мұхамеджанов деген композитор, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері ұмытылып бара жатыр. 90 жылдығында Ирак Елекеев екеуміз «Хабар» телеарнасында еске алып, ұмытылып бара жатқанын айттық. 90 жылдығы да, оның алдында 80 жылдығы да аталмады. Бір жылдан кейін композитордың 100 жылдығы. Бүкіл өмірін музыкаға арнаған адам «Ғасырлар үні» тұңғыш ораториясын, «Айсұлу» атты алғашқы комедияны жазды. Абайдың сөзіне жазған «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» шоқтығы биік романстар саналады, – деген Кенжеғали Мыржықбай кешті ашқан ­Сыдық Мұхамеджанов­тың «Шаттық Отаны» атты шығармасының тарихына тоқталды. Бұл туынды осыдан тура 70 жыл бұрын жазылып, Құрманғазы оркестрінің орындауында халыққа жол тартты.

Күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов қазақ оркестріне кеш бойы дирижерлік етіп, өнер ұжымы орындауында «Шаттық Отанынан» бөлек күй атасы – Құрманғазының күйлері, Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаев, Айтқали Жайымов сынды музыка майталмандарының шығармалары шалқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Анар Мұздаханова Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап шығарған «Ұлт ұстазына тағзым» атты күйін күмбірлетті. Қазақ оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, қобыз­шы Жанар Жүсіпова өзінің «Аққу-қаздар» атты туындысын тарту етті. Астаналық филармонияның дәстүрлі әншісі, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан халық композиторы Естай Беркімбайұлының «Майда қоңырын» мамырлатып, Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұлын» бұлбұлша сайратты. Нұрлан Бекеновтің «Шаттан, елім!» шығармасы тыңдармандарды шаттандыр­ды. Оркестрдің концертмейс­тері Қайрат Жұмағалиев өнер көрсетті.

Концерт соңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықов аталмыш концерт жаңа семестр басталғанда студенттерді ұлттық өнермен сусындатып, рухтандыру үшін ұйымдастырылғанын айта келіп, оркестр дирижері Нұрлан Бекеновті «Лев Гумилев» медалімен марапаттады. Дирижер ұжым атынан алғыс айтты. Оркестрдің негізін қалаушыларға сый-сыяпат жасалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button