Басты ақпарат

Канн фестивалінің үздігі – қазақ қызы

Қуан, қазақ! 71-ші Канн фестивалінің ең үздік актрисасы болып қазақ қызы Самал Еслямова атанды. Қандасымыз еліміздің тумасы, дарынды ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» психологиялық драмасында қырғыз эмигрантының рөлін сомдап, «Алтын пальма жапырағына» лайық деп танылды.

Бұрын-соңды есімі елге бейтаныс болған актрисаның кіндік қаны тамған жер – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылы. Ол Петропавлдағы өнер колледжін тәмамдағаннан кейін Ресейдің театр өнер уни­верситетінде (ГИТИС) білім алуға бел буады. Кино әлемін таңдаған Самал Еслямова бұған дейін «Қызғалдақ» фильмінде бас­ты рөлді сомдаған. Туынды 2008 жылы Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін және Франция білім минис­трлігінің жүлдесін жеңіп алған екен.
Сарапқа салынған фильм­дердің арасында көш бас­таған «Айка» фильмі 7 жыл бойы түсірілген. Канн фестивалінің қызыл кілеміне қазақтың оюлы көйлегін киіп шыққан Самал Еслямова Франция тө­рінде халқымыздың атын асқақтатты деп білеміз.
Ең үздік актрисаның өзі­мен хабарласқанымызда, Самал бүгін Астанада БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәжілісі өтетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін еліміздің төл туындысы, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі 1967 жылы өткен Канн фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button