Руханият

Көне кітаптар көрмесі

ҚР Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көне кітаптар – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты көшпелі көрме ашылды. Көрме Астана қаласының
20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Көрмеге Оңтүстік Қазақстан облыстық мәде­ниет басқармасы тари­хи-мәдени этнография­лық орталығының қорында сақталған 40-тан астам жәдігер әкелінді. Атап айтқанда, Түркістан же­ріне алғаш ислам дінін әкелушілер – Ысқақ баб, Абд ал-Жалил баб­тардың дінді таратуы турасындағы насабнамалары, Ахмет Ясауидің шежіресі жазылған насабнама, Ахмет Ясауидің мөрі, «Диуани хикмет», қолжазбалар, дұға кітаптар, пайғамбарлар өмірі турасындағы көне кітаптар, фикх мәселелері жайында жазылған басылымдар бар.
Көрменің ашылу салта­натында сөз алған Оң­түс­тік Қазақстан облыстық Тарихи-мәдени этнографиялық орталығының
ди­ректоры Гүлжанат Дүйсен­баева: «Біз осы­ған дейін елі­міздің түкпір-­түкпіріне көптеген көрмелер апардық. Елордаға бірінші мәрте келіп отырмыз. Күллі қазақ елінің, Астананың мақтанышына айналған Ұлттық музейде көрме ұйымдастыра отырып, екі өңір арасындағы мәдени байланысты арттырмақ ниет­теміз» деп көрме экспозициясы жа­йында айтты.
Көрмедегі құнды жәдігерлердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мөрінің көшірмесі. Мөрдің көшірмесін этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев жасатқан. Қақ ортасында «Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи» деген жазу тұр. Оның астында «хижраның 1212 жылы» деген белгі қо­йылған. Аталған екі жазудың айналасы он бөлікке бөлініп, әрқайсысына адам аттары жазылған. Ал мөрдің жиегін айнала «Есімдердің ең ұлысы Алланың атымен, Алла барлығын білуші һәм көруші» деген жазу бар.

Досжан СҚАҚОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button