Sport

Астана әлем кубогын өткізді

Өткен демалыс күндері төрткүл дүниедегі триатлон жанкүйерлері Астанаға көз тікті. Қазақ елордасына жиналған сайыпқыран спортшылардың ерлікке тән бәсекесін тамашалаудың сәті түсті.

Байрақты жарыс әйелдер арасындағы сайыспен басталды. Бірақ бұл жолы ауа райына байланысты триа­тлонның бағдарламасы қысқарып, арулар дуатлонға қатысты. Олай болатыны, Халықаралық триатлон федерациясы Есіл өзені суының температурасы белгілі мөлшерлемеден жоғары болғандықтан, бағдарламаның жүзу этапы алынып тасталды. Сондықтан қыздар жағы 10 шақырымға жүгірумен және 40 шақырымға велосипедпен жарысумен шектелді.
Өте тартысты әрі қызықты өткен жарыста Франция спортшысы Сандра Доди мәре сызығын бірінші болып кесті. Күміс жүлдені де чемпионның отандасы Эмиль Мурье иеленді. Үздік үштікті Италия аруы Анжелико Олмо түйіндеді. Барлық жүлдегерлердің есебіне әлем кубогы көрсеткіштері тіркелді.
Күшті, шыдамдықты, мық­ты жүйкені талап ететін триатлон сайысына Қазақстан атынан сынға түскен Анастасия Автушко жаяу жүгіруде де, веложарыста да көш соңынан ғана көрініп жүрді. Біз жалғыз үмітіміз, ең бастысы, мәреге дейін жетсе екен деп тілеген-ақ едік. Алайда бұл ойымыз да жүзеге аспай қалды. Автушко жарыс жолынан шығып кетті.
Ал ерлер арасындағы жа­рыста нағыз тартысты бәсекені көрдік. Алдымен 10 километрге жүгіріп, одан әрі велосипедті ерттеп мінген жігіттер 40 шақырымға зулады. Ең қызықты бәсеке Есілдегі 1500 метрге жүзу болды.

Бұл жарыста Ресей спортшысы Дмитрий Полянский нағыз жанкештілік танытты. Ол екі бағдарлама бойынша негізгі қарсыластарынан едәуір қалып келген еді. Алайда үшінші айналымда серпіліп шыға келді. Сөйтіп, Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Австралия өкілі Марсель Уолкингтон мәреге екінші болып жетсе, үшінші орынға француздық Рафаель Орельянал ие болды. Ал біздің отандасымыз Семен Пивоваров мәреге тек 55-інші болып жетті.
Жалпы, Астана этапында 38 мемлекеттен 130 атлет бағын сынады.
Әлем кубогы аясында Қазақ­стан кубогының екінші этапы да өтті. Ерлер арасында Дмитрий Либер жеңімпаз атанса, әйелдер бәсекесінде Салтанат Қазыбаева топ жарды.
Сондай-ақ, әуесқой триатлоншылар арасында да Aqe Group жарысы ұйымдастырылды. Бұл сынға үлкендермен қатар көптеген балалар қатысқанын айрықша атап өткіміз келеді. Барлық қатысушыларға ұйымдастыру­шылар атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button