Мәслихат

Бюджет қаржысы бақылаусыз қалмайды

Еліміздің Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес мектепалды даярлық мекемелерін аудандардың әкімдіктері қаржыландырады. Қалалық мәслихат депутаттары Ұлттық экономика министрлігіне аталмыш кодекске өзгертулер енгізу туралы, яғни қаржыландыруды аудан әкімдіктерінен алып, Білім басқармасына беру ұсынысымен шықпақ. Депутаттардың пікірінше, бұл жағдай бюджет қаржысының игерілуін бақылауды күшейтеді. Бұл туралы өткен жылдың бюджетінің орындалуына арналған мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі, сондай-ақ, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында айтылды.

Мәслихат депутаты Қарақат Әбденнің сөзінше, былтыр мектепалды білімді қамтамасыз етуге көп қаржы бөлінген. Бағдар­ламаның әкімшісі аудандардың әкімдіктері болғанмен, бақылау шаралары мен мәліметтердің электронды базасына Білім басқармасы жауапты. Осы жағдайда аудан әкімдіктері бюджет қаржысын игерілу, игерілмеуін қалай тексеретіні түсініксіз. «Мәліметтер базасын аудан әкімдіктеріне немесе қаржыландыруды басқармаға беруді ұсынамын» деді депутат.
Тексеру комиссиясының төр­­­ағасы Ғалымжан Молдаш де­пу­таттың ұсынысын қол­да­ды. Оның айтуынша, бұл – бұрын­нан шешілмей келе жатқан түйт­кіл. Мектеп­ал­ды даярлық мекемелерін қар­жыландыруды басқарма ат­қаруы тиіс. Олай болмаған соң, балабақшалар басқарма мен аудан әкімдіктеріне екі рет бірдей есепті тапсырады. Негізінен, ау­дан әкімдіктері шаруашылық мәселелерімен айналысқаны дұрыс еді. Бұл комиссия аталмыш мәселе бойынша Ұлттық экономика және Білім және ғылым министрліктеріне тиісті ұсыныспен шыққан екен, алайда олардың жауаптарында Бюджет кодексіндегі нормаға сілтеме жасалған.
Мәслихат депутаттары Астанада жылдан-жылға балаларды мектепалды мекемелермен қамту көрсеткіші өсіп жатқанын, әрине, қаржыландыру да ұл­ғая­тынын атап өтіп, бұл жағ­дайда қаржының жұмсалуы бақылаусыз кету мүмкіндігін жеткізді. Депутат Мирас Шекенов Бюджет кодексіне тиісті өзгертулерді енгізу үшін әкімдік пен мәслихат жағынан тікелей Үкіметке шығуды ұсынды. Оның пікірінше, қазір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар көп енгізілуде. Сондықтан заңдық тұрғыдан осыны шешуге болады.
Білім басқармасы тиісті ұсы­ныстармен жоғары жаққа шық­қан екен. Алайда әзірге еш нә­тиже жоқ. Басқарма өкілі аудан әкімдіктері ішінен білім бөлімдері құрылғанын, онда мектепалды білімнің жайы кезең-кезеңімен сараланатынын жеткізді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button