Басты ақпарат

Өнерлінің мерейі үстем

Елордада Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығы тойланды. Салтанатты кешке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, университет ұжымын, сондай-ақ, өнерпаз қауымды мерейтоймен құттықтады.

«Елдің мәдени өміріне шығармашыл қауым елеулі үлес қосып келеді. Астанаға бүкіл Қа­­-
зақстаннан мәдениет саласының үздік өкілдерін шақырдым. Айман Мұсақожаева – соның бірі. Әлемде көптеген университет бар. Бірақ өнер университеті тек Астанада ғана бой көтерді. Оны басқарған Айманның жұмысына жоғары баға беремін. Бүгінде елордада Опера және балет театры, Хорео­графия академиясы, Орталық концерт залы және басқа да мәдениет ошақтары ашылды» деп атап өтті өз құттықтауында Мемлекет басшысы.
Мерекелік концертте қазақ және шетел композиторларының әр жанрдағы туындылары ұсынылды. Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні, Леонард Бернстайнның «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «Симфониялық билер» және басқа да көптеген шығармалар «Қа­зақстан» орталық концерт залын кеуледі. «Қазақтың Моцарты» атан­ған талантты композитор, вундеркинд, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағын көпшілік алдында өнер көрсетті.
Бір айтарлығы, өткен 20 жылда университеттің 500-ден аса түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды. Олардың қатарында Димаш Құдайберген, Сүндет Байғожин сынды дарынды өнерпаздарды ерекше атап өту керек. Бүгінгі таңда университетте колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура бар. Қазіргі кезде аталмыш оқу ордасында 3 мыңға жуық студент білім алып жүр.

Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button