Мәдениет

Карикатура тарланы

Ұлттық музейде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Еркін Нұразханның «Шарайна» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрмеге белгілі суретшінің жүзге тарта карикатура жанрындағы туындылары қойылды. Автордың шарждық кейіпкерлерінен жұртшылыққа жақсы мәлім тұлғалардың бейнесін көресіз. Суретші сол арқылы атақты азаматтардың болмысы мен мінез-құлқын дәл бере білген.
Жалпы, қазақтың бейнелеу өнерінде шарж жанры кенжелеу дамыған. Бірақ ұлы Шоқанның өз заманындағы тұлғаларды бейнелеген суреттерін осы жанрдың бастауы деп айтуға болады. Ал жазушылар арасында бұл жанрға Олжас Сүлейменов пен Қалмұқан Исабаев ағаларымыздың қабілеті болғандығын білеміз.
Көрменің ашылуында елге танымал азаматтар суретшінің шығармашылығы туралы ақжарма тілектерін жеткізді. Мәселен, талантты сатирик Көпен Әмірбек Еркін Нұразханның үш ұстазы болғандығын айтты. «Біріншісі – Мұзафар Әлімбаев. Ол оны «Карикатура королі» деп атады. Екіншісі – Шерхан Мұртаза. Өткен ғасырдың 80-ші жылдардың басында Шерағаң Еркіннің салған суреттерін нөмір сайын «Қазақ әдебиеті» газетіне шығарып, бағыт-бағдар беріп отырды. Үшіншісі – Қасым Қайсенов. Батыр ағамыз інісін адалдыққа, тазалыққа тәрбиеледі. Осындай ардақты тұлғалардан тәлім алып, өнегесін көрген азаматтың өнердегі жолы даңғылға айналды» деді ол.
Белгілі публицист Нұртөре Жүсіп қылқалам шеберінің қазақ өнеріндегі кенжелеп қалған жанрдың жүгін өрге сүйреп жүрген еңбегін жоғары бағаласа, суретші Жеңіс Кәкенұлы көрме иесінің туындыларымен бірге азаматтық келбетіне де тоқталып өтті.
«Алғашқы шарждық суретімді қазақ әдебиетінің классиктерінен бастадым. Ғабиден Мұстафин, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменовті салдым. Бір кездескенде Асекең: «Мыстан кемпірден аумай қалыппын. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не!» деп ризашылығын білдірді. Кейін Асқар аға Ақселеу екеуі отыр екен, барып сәлем бердім. Сонда Ақселеу аға: «Мынау, Еркін деген ініміз, өзіміз білмейтін қасиетімізді көрсетіп жүр» деген кезде, Асекең: «сонымен бірге қасиетсіздігімізді көрсетіп жүр» деп айтсай» деп бір күлдіріп еді» дейді автор.
Дарынды суретші еліміз дербестік алғаннан кейін саяси карикатураға да түрен салды. Оның мерзімді баспасөзде жарияланған қоғамдағы келеңсіз көрініс­терді бейнелеген суреттері оқырмандардың назарын аударып, көптің көңілінен шықты.
Сонымен бірге Еркін аға – қаламы жүйрік қаламгер. Бүгінге дейін оның «Кімге күлеміз?», «Шарж шеруі» деген сатиралық альбомдары мен «Ұлт пен рух», «Ғибрат ғұмыр», «Өз елім менің – өзегім менің!» атты публицистикалық кітаптары жарық көрген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button