Басты ақпарат

Сертификат сансыратып жүрмесін…

19 шілде күні еліміздегі бірқатар ұялы байланыс операторлары (Kcell, Activ) Нұр-Сұлтан тұрғындарына қауіпсіздік сертификатын орнату жөнінде хабарлама жолдады. Орнатпаған жағдайда ғаламторға қолжетімділік шектелетіні айтылған. Операторлардың уәжіне сүйенсек, әлгі сертификат соңғы кездері жиілеп кеткен жеке адамдардың мәліметтері мен банк шоттарынан ақшасының жоғалуына тосқауыл қою мақсатында орнатылмақ. Қош делік.

Кейбір әлеуметтік же­лілерді қолданушылар қауіпсіздік сертификаты бөтен адамдарға желідегі белсенділікті, соның ішінде электрондық поштаны, әртүрлі қосымшаларды, қауіпсіз веб-сайттарды қадағалап отыруға мүмкіндік беретінін жазды. Алайда әр адамның жеке басының мәліметтерін бақылауға жол ашып беретін сертификаттың не қажеті бар? «Бақсақ бақа екен» демекші, мұндай норма «Байланыс туралы» заңға 2015 жылы енгізілген екен. Ендеше, неліктен арада 4 жыл өткенде оны орнату туралы әңгіме айтылып отыр?
Сонымен, сертификатты орнату міндетті ме? Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов бұл сауалға: «Міндетті емес. Сіз оны орнатпасаңыз да ғаламтор істейді. Бірақ мұндай хабарлама келсе, өзіме және балаларыма міндетті түрде орнатамын. Мысалы, балаңыз белгісіз бір сайтқа кіріп, түсініксіз баннерге басып қалса, әрі қарай кіре алмайды. Жеке мәліметтеріңіз ешқайда жоғалмайды» деп жауап қайырды.
Сарапшылардың ой-пікірі бұдан бөлек. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай ғаламторды шектеу жөніндегі кез келген бастама еркіндікті тұншықтырады деп санайды. «Егер сіз бұл сертификатты смартфонға орнатсаңыз, құзырлы органдар не істей алады: 1. Сертификат арқылы мемлекет сіздің құпия сөздеріңізге, логиндерге, әлеуметтік желілердегі беттерге және басқа адамдармен хат алмасуға, тіпті телеграм сияқты мессенджерлерге және т. б. қол жеткізе алады. 2. Сіз VPN пайдалана алмайсыз. 3. Мемлекет белгілі адамдардың әлеу­меттік желідегі беттеріне кіруін шектей алады. Яғни желіде тек билікке жақын блогерлер ғана қалады. 4. Мемлекет кез келген адамның кез келген ре­сурс­қа қол жеткізуін шектей алады. 5. Мемлекет кез келген шетелдік ресурстарға қолжетімділікті шектей алады. Қысқаша айтсақ, бізді үнемі бақылап отыруға мүмкіндік туады» дейді ол. Ал Қазақстанның ғаламтор қауымдастығының президенті Шавқат Сабиров жаһантор қызметін ұсынатын компания­лар әр адамның мәліметтерін пайдаланғаны үшін өзіне жауапкершілік алуы тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, бұл қадам – бүкіл ел үшін үлкен қауіп. «Арам ниеттілер іс жүзінде барлық ғаламтор қолданушылардың мәліметтерін (жекедегі хаттары, банк құпиялары және т. б.) қолына түсіреді» дейді Ш.Сабиров.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button