Құқық

Келісім заңды бола бермейді

Балалық шақ – адамның ең маңызды кезеңі, осы кезеңде салауатты, табысты және бақытты өмірдің негіздері қаланады.

Адамды кәмелетке толғанға дейін бала деп санауға болады, тек 18 жастан кейін ғана оған іс-әрекеті мен жеке өмірі үшін толық жауапкершілік жүктеледі.

Алайда кейбір ересектер тарапынан «өзара келісім болды» дегенді желеу етіп, кәмелетке жасы толмағандармен жыныстық қатынасқа түсетін жағдайлар бар.

Мәселен, өткен жылы Астана қаласында кәмелетке жасы толмағандарды  жыныстық қатынасқа түсуге итермелеу қылмысы үшін 17 адам сотталды.

Жағдайдың басым көпшілігінде (17 деректің 13-і) ер адамдар 16 жасқа толмағандармен «өзара келісіммен» жыныстық қатынасқа түскен. (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы).

Айталық, 25 жасар А. есімді азамат 14 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы үкімімен  2 жылға бас бостандығы шектелді.

Тіпті кей кезде қыздың ата-анасының келісімі, жігіттің қыз кәмелетке толғаннан кейін некеге тұруға ұмтылысына қарамастан, мұндай әрекетті заң жазалайды.

Кейінгі кезде жиі бой көрсете бастаған осындай қылмыстардың негізгі себептері олардың бойына қаршадайынан имандылық пен ізгілік тәрбиенің сіңірілмеуінен, құқықтық сауаттылықтарының төменділігінен және ата-аналары тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінен деп түсінеміз.

Сондықтан қала прокуратурасы тараптардың өзара келісіміне қарамастан, 16 жасқа толмаған жасөспірімдермен жыныстық қатынасқа түсу қылмыстық әрекет ретінде қатаң жазаланатынын ескертеді!

Айдын БЕКИН,

Астана қаласы

прокуратурасының басқарма прокуроры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button