ЖаңалықтарРуханият

Көктерек

Қазақтың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Төлен Әбдік ағамыздың кітаптарымен бала күнімнен таныспын. Алғаш қолыма алып оқи бастағанда, бүлкілдеп ағып жатқан бұлақтың мөлдір суын ішкендей әсерде болғанмын. Студент шағында жазған «Райхан» деген тұңғыш әңгімесімен-ақ әдеби қауымды елең еткізіп, жалт қарат­қан сөз зергері­нің қаламынан сол кезде «Әке», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Оралу» атты повестері туып, әде­биет әлеміне жал-құй­рығы сүзілген сұлу тұл­парымен еркін кі­ріп, жұртшылықтың із­деп жүріп оқитын жазу­­шысына айналды.

Әсіресе, сырбаз суреткерді оқырмандар «Оң қол» әңгімесі арқылы жақсы біледі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған бұл туынды қазақ әдебиетіне жаңа леп, өзгеше өрнек әкелді. Жұмырбасты пенденің жан дүниесінің қалың қатпарларына тереңірек үңіліп, психологиялық иірімдерді ішек қырындысына дейін аша білген шеберлігі сыншыларды да, көзі қарақты қауымды тәнті еткен еді. Өзін-өзі буындыратын оң қол – ұлтты тұншықтыратын кеңестік жүйенің сұлбасы деген де пайым бар. Одан бері де көркемсөз шеберінің XX ғасырдың басын­дағы кеңес өкіметі орнап, «қызыл қуып, ақ қашқан» заман­дағы халқымыз бастан кешкен зобалаңды суреттеген «Өліара» романы мен азаттық алғаннан кейін жазылған «Парасат майданы», «Тұғыр мен ғұмыр» хикаяттары елдің қолынан түспейтін туындыға айналды.
Біз бүгінгі шағын мақала­мызда Әбдікұлының аумалы-төкпелі уақытта ғұмыр кешсе де ішкі сенімі берік, шүкіршілігі мен тәубасынан таймай, бес уақыт намазын қаза қылмаған, ата дәстүрімізді қызғыштай қорып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген текті қарияларды бейнелеген оймақтай екі-үш әңгімесі жайында сөз өрбітуді жөн көріп отырмыз.
Алдымен «Қонақтар» деген әңгімеге бұрылайық. Бұл шығарма 1970 жылдардың ортасында жазылса керек-ті. Өйткені ол жазушының 1979 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Айтылмаған ақиқат» атты жинағына енген. Шығарманың атауы да қызық, «Қонақтар» деп аталады. Қандай «қонақтар» деп ойланып қалуыңыз да мүмкін. Алыс бір ауылда тұрып жатқан қариялар. Жалғыз баласы арман қуып қалаға кетіп, білім алады, оқу бітіргеннен кейін, сонда тәп-тәуір қызметке орналасады. Бүгінде ел таныған азамат. Сол отбасымен курорттан қайтып келіп жатып, әке-шешесінің амандығын білу үшін өзі өскен үйге аялдап кетпек. Былай айтқанда, өмірдің бір көрінісі. Бірақ қаламгер содан терең ой түйіп, көпшілік байқай бермеген оқиғаны көркем туындыға айналдырған. Баласынан «үйге соғамын» деген хабар алғаннан бері шал-кемпірдің екі көздері төрт болып, көп күндері қара жолды торумен өтеді. Бала күнімізде Ерғабыл қартқа ұқсаған талай ақсақалдарды көрдік. Олардың бәрі де – бір қарағанда тұйықтау, бірақ ешкімге сыр білдірмей үнсіз ғана фәни мен бақидың арасын безбеңдеп жүретін сұңғылалар болатын. Автор солардың ішкі болмысын, парасатын керемет суреттейді. Шығарманың бас кейіпкері Ерекең баласын күтіп жүріп тұңғиық ойларға шомады. Көз алдына өзінің өлгеннен кейін елдің соңғы сапарға шығарып салғанын елестетеді. Осы жердегі үзіндіге зер салыңыз. «Елестегенде «құданың құдіретімен» өткендегі Айтыбай шалдың сүйегін шығарғандағыдан бір айнымайды. Бірақ, мұның жұртқа үлестіретін киімі одан көп екен. Аққұдық пен Сары­өзек тегіс келген секілді. Бата оқып бергеннен кейін атпен жарысып мүше алып қашқандар да бар. Жұрттың бәрі: – Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды, – деп аза тұтты, енді біреулер: – Шіркін, бала деген осы ғой. Сапабек әкесін қандай қып жөнелтті, ә! Ойпырмай, мұндай ұлы дүбірмен біздің елде әлі ешбір шал аттанбаған шығар, – десіп таң қалысып бара жатқанға ұқсайды». Сұм өлімінің өзіне де сабырмен, байыппен қарайтын қазақ қарияларының даналығына қалай таңғалмайсыз. Жалғыз баласы қалаға көшіріп әкетемін десе де, Ерғабыл ақсақал кіндік қаны тамған туған жерінен ұзағысы келмейді. «Біздің қолдан келері тек осы жерде дәм-тұз бітсе, ата-баба қабірі тұсынан бір уыс топырақ бұйырса, қалғанын бір Құдайға тапсырып ризашылық білдіру» деп толғанады қарт. Сондай кезде қарияның кемпірі: «Осы Қаратүбек басында жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың. Балаларға еріп өзім кетем» деп кейіген сөзіне ақсақалдың: «Әй кемпір, – деді ішінен, бағанағы жерде айтатын сөзі ойына түсіп, – мен саған дейін үш қатыннан айырылғанмын. Азды-көпті ғұмырымның ішінде талай бақтан айырылып, талай баққа қолым жетті. Дүние бірде алдын берсе, бірде артын береді. Бірақ әкем көрген, әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айырылып көрген күнім жоқ. Не тантырап отырсың!» деп кемпіріне зекігісі кеп, бірақ іштей өзін сабырға шақырған болмысын автор ұнамды өрнектейді. Баласы келгенде шалдың орнынан тұра алмай қалғаны, оны көрген ауыл жігіттерінің шиқылдап күлгені де шынайы. Қарияның қуанышқа жайылған дастархан үстінде онша қуана қоймай, жиылған жұртқа сыр бермей, немересінің шақырғанға келмегеніне, келінінің аяқ-қолының жа­лаңаш отырғанына, баласы Сапабектің таусылып бітпейтін мылжың әңгімесіне қыртыстанып отырған сәті де бедерлі бейнеленген. Қысқасы, қаламгер осы туындысымен кеңес дәуірінің жетпісінші жылдары қоғамда үрдіс ала бастаған ұлтсыздану, ұрпақтың тамырынан ажырау, салт-дәстүрді менсінбеу секілді жағымсыз әдеттерді майдан қыл суыр­ған­дай нәзік шеберлікпен тұспалдап жеткізеді.
Т.Әбдікұлының «Қойшығұл» деген әңгімесінің оқиғасы да қызық. Бір езу тартатын ғана көрініс. Бірақ оның астарында қара тастай ауыр ой жатыр. Оған өткен ғасырдың елуінші жылдардағы ел ішіндегі бір жағдай арқау болады. Кино, концерт дегеннің қат кезі. Ойда-жоқта, ауылға «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмі келеді. Ол заманда бүгінгідей даңғарадай Мәдениет үйі жоқ. Киіз үйдің алдына ақ жайма керіліп, экран жасалады. Жұрттың бәрі кино көруге жиылып, өзге әлемге енгендей әсерге бөленеді.
Фильмде финалына жақын­дайды. Қодар Қозыны өлтіруге бет алған тұста, экранға жақын жерден шу шығады, алдыңғы жақта отырған Қойшығұл қарт Қодардың зұлымдығына жаны шыдамай, қолындағы қамшысымен экранға тұра ұмтылған. Жұрт не болғанын түсінбей, Қойшыекеңді ұстауға жүгіреді. Сөйтіп жүргенде Қодар Қозыны өлтіріп кетеді. Автордың осы жердегі оқиғаны суреттеген үзіндіге назар аударыңыз. «Абыр-сабыр басыла қоймаған соң, экранды анығырық көру үшін мен алдыңғы жағына келдім. Қамшысын қыса ұстап, басыла алмай, қалшылдап отырған Қойшығұлдың түріне қарап едім, жылап отыр екен…» дейді. Қылдай қиянатқа төзбеген қарияның қылығына жүрегіңіз дір ете қалады. «Қойшығұлдың осы бір бала секілді кісі күлерлік іс-әрекетінде әлдебір жүректіліктің, ымырасыз рухтың жатқанын жоққа шы­ғару мүмкін емес еді. Ал біздің уақытымызда қиянат экранда емес, дәл қасымызда жасалып жатса да және онымен күресуге біздің талай амалымыз болса да қиянатқа қарсы шыққымыз келмейді. Өйткені біз өзімізге жасалған қиянатпен әлдеқашан табысқанға ұқсаймыз. Ең үлкен қатер осы ма екен?…» деп ой қорытады жазушы.
Кеңес империясы халық арасындағы көзі ашық, имам, молдаларға бүйідей тигені мәлім. Қаламгердің «Таласбай» әңгімесі хақ жолынан таймаған арлы адамның басынан өткен мехнатты баяндайды. Туындыдағы бас кейіпкер өмірде болған адам. Діни ұстанымы үшін түрменің дәмін татып, көп жыл жат жерде айдауда болған. Кейін одан аман оралып, алпысыншы жылдары туған елінде дүниеден озады. Қаламгер Таласбай қарт арқылы сол кездегі дін өкілдерінің бастан кешкен ауыр жағдайын суреттеген. Таласбай атамыз соқыр ішектен қайтыс болады. Бүгінде ол соншалықты ауыр сырқат емес. Текті ақсақал: «Ажалым осыдан келіп тұрса, Алланың бұйрығы» деп, денесіне пышақ тигізбей, туғандарын сабырға шақырып, жұбатумен болып, көз жұмған. «Біреулер мұны надандыққа сайған шығар. Бірақ Тәкең уақыттың қыры мен сырынан бейхабар жан емес еді. Кім біледі, рухани қысымшылық қалыпты тіршілікке айналған қиын заманнан абыроймен құтылуды жөн көрді ме екен» дейді парасатты суреткер. Бүгінде діни қайраткердің туған жеріндегі мешітке Таласбай атамыздың аты берілген.
Төлен аға өзінің балалық шағы­нан сырт шерткен «Көк­терек» деген әңгімесінде Қабырға өзенінің жағасында жайқалып өскен көктеректің басына шығу барлық баланың арманы болғанын жазады. «Көктеректің ең биік бұтағына жеткен кезде мені екі-ақ сезім биледі: бірі – қуаныш, екіншісі – қорқыныш. Осы екі сезімнің бір-біріне ұқсас екенін мен сонда білдім» дейді ол. Көп жылдар өткеннен кейін автор туған жеріне келгенде бақытты бала күндерінің куәсі болған көктеректің жоқ екенін көріп, көңілі қамығады. «Елу жылда ел жаңа дейді. Елмен бірге жер жаңа. Жаңарғаны осы болды ғой. Мына заманда тау жоғалып кетсе де таңғалуға болмайды» дейді сөз зергері.

***
Жақында ел жақтан жақсы жаңалық естідім. Көктеректің орнына қайтадан көгеріп жас шыбықтар өсе бастапты. Бәсе, тамыры тереңге тартқан қасиетті ағаштың жер бетінен жоғалуы мүмкін емес қой. Енді ауылға жолым түссе, әдейілеп барып көрсем деймін. Айтпақшы, Көктеректің бауырында өсіп, басына шығуды армандаған сол бір қиялшыл бала – халқымыздың көрнекті жазушысы Төлен ағамыз биыл жетпіс бес жасқа толды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button