ЖаңалықтарРуханият

Сұңқарлар ұшқан текті ұя

«Тектінің өмірі – өзгенікі,
Ал өлімі ғана – өзінікі»
Әйтеке би

Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов 1896 жылы Торғай облысы Торғай уезінің Тосын болысының №1 ауылында (қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Шеген ауылдық округі) дәулетті отбасында (әкесі Қорғанбек Бірімжанов – Торғай уезі бастығының көмекшісі қызметін атқарған) дүниеге келген.

 

Ғазымбек туралы сөзді оның ата тегінен бастағанымыз жөн. Ол текті атадан, яғни әріден алсақ, бабасы Шақшақ Жәнібек тарханды айтпағанда, бергі аталары Дәуітбай мен Мұса тархан және Шеген би алты Алашқа танымал батыр тұлға, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі билердің бірі болса, өз әкесі Қорғанбек пен атасы Бірімжан да кезінде Қостанай, Торғай өңіріне атағы шыққан, ықпалды, беделді адамдардың қатарында болғаны тарихтан белгілі. Анасы, Сүлеймен төренің қызы Сақып, келбетті, ақжарқын жан болған. Болашақ Алаштың жас қайраткерінің балалық шағы дүние есігін ашқан атақонысы Сартосында өтеді.
Ата-бабасында бар зеректік пен тектілік Ғазымбек бойына туа дарыған. Ол жасынан алғыр, өткір, көрегендік сияқты жақсы қасиеттерімен танылып өседі. Заман ағымын аңдай білген Қорғанбек келешек – білімде екенін жақсы түсініп, ауыл молдасынан тілін сындырған Ғазымбекті Торғайдағы екі кластық уез­дік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштырады. Мұнан соң Ғазымбек Орынборда реалдық училищеде оқып, кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, дәрігерлік мамандық бойынша бітіріп шығады. Университетте оқи жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады.
Осы жылдар империядағы сая­си жағдайдың ушығып, қар­сылық қозғалыстарына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Орыс басқыншыларының озбырлығына қарсы шыққан­дардың арасында Ғазымбек те болады. Осындай оқиғаларда саяси шынығып, қайратты да саналы күрескер ретінде қалыптасады. Сол кезеңдерде ол жерлес ағалары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоқтабаев және М.Есполов секілді ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қайраткерлерімен бірге елдің қамын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шықты.
Солармен бірге ұлт мүддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жария­ланған мақалаларды үзбей оқып, олардың пікірталас­тарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. Оның қоғамдық-саяси қызметі Алаш партиясымен Алашорда үкіметімен тығыз байланыста болды. Ғазымбек те Алаштың белді бір мүшесі болып, оның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене араласты. Тарихи басылымдарда Ғазымбектің Колчак үкіметімен Алашорда атынан келіссөз жүргізуге қатысқаны, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі болғаны туралы айтылады.
Сонымен бірге, 1920 жылы желтоқсанда «Ақжол» газеті жарыққа шыққанда М.Дулатов Ғазымбекті журналистік жұ­мысқа тартқаны белгілі. 1920-1922 жылдары ол осы газетте «Ғазымбек», «Шеген» деп қол қойып, көп материалдар жариялаған. Бұл жөнінде кезінде қазақ журналистерінің ұстазы атанған ғалым, ұлты­мыздың ұлағатты азаматы Темірбек Қожакеев «Арыс­тардың ағартушы шәкірті», «Өрелі өрім еді» атты мақала­ларында Алаштың жас қайрат­кері туралы толық әрі жан-жақ­ты мағлұмат беріп жазған болатын.
1923 жылы Түркістан Респуб­ликасы білікті жастарды даярлау мақсатында жергілікті ұлт өкілдерінен білімді деген бір топ жасты жинап, солардың қатарында Ғазымбек те Гер­­манияға оқуға (қазіргі «Бола­шақ» бағдарламасы сияқты) жіберіліп, Берлин университетінің ауыл шаруа­шылығы факультетіне түсе­ді. Сөйтіп, Қазақ елінен шетелде оқыған алғашқы тол­қын­ның қатарында Ғазым­бек Бірімжанов та болды. Берлин университетінде оқи жүріп, неміс және ағыл­шын тілін меңгерді. Жер шаруа­шылығының қыр-сырын біліп, көкөніс өсіру әдісін меңгеру мақсатында Бразилияда өн­діріс­тік тәжірибеден өтті.
Тарих ғылымдарының док­торы, профессор Көшім Есма­ғанбет «Әлем таныған тұлға» атты мақаласында былай деп жазады: «М.Шоқайдың ел­дегі таныстарымен, ұлттың қайраткерлерімен байланыс орнату жұмыстарына Түр­кістаннан Германияға оқуға барған жастар үлкен көмек берді. Бұлардың ішінен Ғазымбек Бірімжановты ерекше атауымыз керек. Ол Германияға бара жатқан талапкерлер құрамына Ә.Бөкейхановтың ұсынысы бойынша арнайы енгізіліп, оған кеңес өкіметіне қарсы ішкі және сыртқы күштер арасында байланыс орнату жөнінде қауіпті де жауапты міндеттер жүктеледі.
Ол М.Шоқайды ел жағ­дайы­мен, Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұрсынов, М.Дулатов, Х.Дос­мұхамбетов, У.Қожаев, С.Қо­жа­новтың атқарып жатқан жұ­мыстары жөнінде хабардар етеді.
Ғазымбек Бірімжанов Гер­­манияға барған бойда С.Қо­жановқа жолдаған хатында: «Мұстафа өте нашар тұрады, қазақтың студент жастары оған көмектескісі келеді. Бірақ ол одан бас тартты және бұл ақша өздеріңе керек болады, өйткені алда көп істер күтіп тұр» дегенді айтты, деп хабарлайды». Міне, Ғазымбек Бірімжановқа М.Шоқайды қазақ халқының жағдайымен таныстыруды, Мұстафаға қазақ халқына төніп тұрған опат жөнінде әлем жұртшылығына хабардар етуді тапсырғаны белгілі болды. Ол тапсырманы Алаштың жас қайраткері абыроймен орындап шықты.
Ғазымбектің Алаш қозғалы­сының танымал жас қайраткері екендігі бұрыннан белгілі болатын. С.Сейфуллин 1937 жылы өзінің Нәзір Төреқұловпен қарым-қатынасы жөнінде Л.Мирзоянға жазған хатында «Ғазымбек Бірімжанов Әлихан Бөкейхановпен бірге атышулы Алашорда үндеуіне қол қойған Алаш партиясы орталық комитетінің белгілі мүшесі болған» деп жазған. Ол 1917 жылы Алаш партиясының бағдарламасын жасауға тікелей атсалысты. Айта кету керек, осы бағдарламаның 7 авторының 3-еуі Торғай өлкесінен шыққан Алаш қайраткерлері екені белгілі (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов және Ғ.Бірімжанов).
Тағдыр Ғазымбектің басына таңдап алған қосымша екінші мамандық бойынша жұмыс істеуге жазбады. Сол кезде жүріп жатқан қуғын-сүргін Ғазымбектің де жеке басына шүйлікті. Ол екінші агроном мамандығы бойынша шетелдегі оқуын бітіріп, Мәскеу қаласында қызмет істеп жатқанда, 1928 жылы ұсталады. Тағылған айып: «Алаш қайрат­керісің, Германияда оқып жүр­генде орыс-қазақтың зия­лы ақсүйек қауымымен араластың, Мұстафа Шоқаймен кездесіп, оның көзқарасын қолдап, пікірлес болдың. Ахмет пен Міржақыптың үзеңгілес серігісің және «Торғай ісіне» қатысты кінәлі» деген желеумен түрмеге қамайды. Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құрылысына он жылға жер аударылады. Айта кету керек, Ғазымбек пен өзге де қазақ шәкірттері 1924 жылы Германияда Тұрар Рысқұловпен кездескен. Бұл кездесу олардың тағдырына қалай әсер етті, ол енді мүлдем бөлек әңгіме…
Жалпы, Ғазымбек Қорған­бекұлы Бірімжановтың жүріп өткен өмір жолының күрделі және жұмбақ тұстары көп. Ол өз замандастары сияқты қоғамдық талас-тартыстардың сындарлы жолдарынан өтті. Сондықтан да осы уақытқа дейін Ғазымбек ғұмырының қайда және қалай үзілгені туралы нақты дерек жоқтың қасы. Былайғы жұртқа Ғазымбектен гөрі оның туған ағасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі, кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына қатарынан екі рет депутат болған Алашорда үкіметінің мүшесі Ахмет Қор­ғанбекұлы Бірімжановтың есімі көбірек таныс болғанымен, Ғазымбек те Алаш арыстары үміт артқан асыл ұлдардың бірі еді.
Орайы келгенде айта кететін бір жайт, Ғазымбектің туған інісі, жастайынан үлкен ақын болады деп үміттенген, Ташкенттегі Орта Азия мем­ле­кеттік университетінің түлегі Мұхтар Қорғанбеков те «Қапланбек алашордашылары» тобының мүшесі ретінде 1933 жылы небәрі 27 жасында ұсталып, ату жазасына кесіледі, кейін шешім өзгертіліп, 10 жылға итжеккенге – Магаданға жер аударылып, сол жерде қайтыс болады. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаттар мен құжаттар басқармасының бастығы Алдияр Әубәкіров 2014 жылы маусым айында Ресейдің Магадан қаласына жасаған экспедиция қорытындысы бойынша жазған «Жұмбақ сурет» атты мақаласында табылған құжаттарға сүйеніп мәлімдейді. Сөйтіп, қазақтан шыққан алғашқы тіл мамандарының бірі, болашағынан үміт күттір­ген жас ақынның өмірі жанбай жатып сөнеді.
Өз заманындағы шындықтың шырақшысы, ардың айнасы бола білген, елінің рухани тұрғыдан жетілуіне барынша атсалысқан және Алашорда үкіметінің экономикалық, қорғаныстық тірегі болған Қорғанбек Бірімжановтың үш бірдей ұрпағы – Ахмет, Ғазымбек және Мұхтар азаттық жолында құрбан болды. Сұңқардың ұясынан сұңқарлар ұшып шығады деген осы емес пе?! Осы орайда заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның «…Жалған дүниеден із-түзсіз кеткен жаман. Өмірде қанша зор болсаң, артыңда іздерің, сұрарың қалмаса, қор боласың» деп айтқан сөзі еріксіз еске түседі.
«Жаңа туған әрбір күн – өткен күннің оқушысы» деп көне дәуір философы Публилий Сир айтқандай, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру – заман талабы. Олай болса, аласапыран кезеңнің отты қазанынан қайнап шыққан болмысы мен бітімі бөлек Алаш арыстарының аға өкілдерін атағанда олардың үзеңгілес інісі, Алаш арыстары үміт артқан, тегіне тартып туған Алаштың жас қыраны Ғазымбек есімі де ерекше ілти­патпен еске алынуы тиіс. Бүгінде ол күндер де алыс болмас-ау де­ген ой санамызда жаңғырып тұр.
Осы орайда халқымыздың хас батыры Бауыржан Момыш­ұлының: «…Әділет, шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, сәл кешігіп жетеді» деген сөзі ойға оралады. Елінің еркіндігін аңсап, қазақтың көгілдір көгінде Шолпан жұлдыздай жарқырап жанып келе жатқан Ғазымбектей арыстың саналы ғұмыры кемеліне келген шағында, 41 жасында қыршыннан қиылды. Киелі Торғайдың Сартосынынан ұшып шыққан ақсұңқар елі үшін биіктерге самғап, осы жолда жат жұртта мерт болды.
«Тектіден текті туады, тек­тілік тұқым қуады, тегі бекзат болғандар өмірдің мәнін ұғады, тұғырында өмірдің әрқашан биік тұрады» деген сөзде ұлағатты мән жатыр. Ғазымбектің өмір жолының жұмбақ жақтары көп. Соның бірі – Ғазымбек Берлин универ­ситетінің соңғы курсын аяқтар шағында Германияға тәжірибе өтуге келген Мәскеу шет тілдері институтында оқитын қазақ, төре тұқымынан шыққан Зайра Жантөрина деген қызға үйленуі. 1928 жылы оқуды аяқтаған соң екеуі Мәскеу қаласына келіп, қызметке орналасады. Алайда тағдырдың жазуына байланысты бұл қуаныш көпке созылмайды.
Соңынан шырақ алып түскен НКВД-ның кесірінен ел қатарлы отбасы бақытын көруге де мұршасы болмаған. Көп ұзамай Ғазымбек ұсталып, 10 жылға Ақ теңізге жер аударылады. Ал Зай­ра Жантөринаның одан кейінгі тағдыры беймәлім, одан қалған ұрпақ бар-жоғы белгісіз. Бұл жөнінде Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың 2013 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Шындық шырағы» кітабында нақты деректермен баяндалған.
Қазақ көсемсөзінде ыстық ықыласқа бөленген таланттар аз болған жоқ. Соның бірі әрі бірегейі – Ғазымбек Бірімжанов. Ол туралы еліміз егемендік алғаннан бері бірқатар еңбек­тер жазылғанымен, зерттеу жұмыстары әлі бір жүйеге түспегені жасырын емес. Осы орайда соңғы кездері Алаштың жас қайраткері хақында зерттеу жұмысын жүргізіп жүрген Қазақ гума­нитарлық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылым­дарының кандидаты Гүлмира Сұлтанғазының ізденгіштігі елең еткізді. Жас ғалым осы бағытынан таймай, жұмысын одан әрі тереңдете зерттеп, Ресей мен Уфа, Ташкент қалаларындағы, сондай-ақ, алыс шетелдегі Берлин қаласының мұрағаттарын ақтарса, бұл Алаш тарихын зерттеуге қосылған сүбелі үлес болар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын саяси күреспен өткізген Ғазымбек Бірімжанов өз ұлтының зиялысы ретінде артына мол рухани мұра қалдырғаны белгілі.
2012 жылдың шілде айында «Егемен Қазақстан» газетінде Мәскеуден журналист Серікқали Байменшенің «Бесеудің бесігі» атты мақаласы жарияланды. Мақалада атап көрсетілгендей, Ғазымбек Бірімжанов он жылдай Ақ теңіз каналы коло­ни­зациялық бюросында агроном болып істеген. Карелияда, Медвежья Гора қаласындағы Ақ теңіз – Балтық комбинатының қоныс қалашығында, 14-үйде, 15-бөлмеде тұрған. Жалпы, Ғазымбек Бірімжанов Гер­маниядағы бес жыл оқуын қосқанда, елден 15 жыл жы­рақта жүрді. Осы жылдары оның елге деген сағынышы ай­қын сезіліп тұрды. Ел болғанда да тәуелсіздігін алған азат елді аңсаумен өтті оның жасын ғұмыры.
Жазасын өтеп елге келген соң, 1937 жылы 9 қазанда 41 жасында қайта тұтқындалып, КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы «контрреволюциялық террористік ұйымға қатыс­қаны үшін» деген айыппен үкім шығарып, ату жазасы­на кесілген. Үкім Мәскеу қала­сында 1938 жылғы 19 наурызда жүзеге асырылып, «Коммунарка» зиратына халқымыздың аяу­лы перзенттерімен бірге жалпы қабірге жерленген.
Осы мақала «Егемен Қазақ­стан» газетінің бетіне шыққан соң, іле баспасөз бетінде ұсы­ныс-пікірлер жарияланды. Соның бірі – Торғай өңірінің арғы-бергі тарихын жақсы білетін өлкетанушы Орекен Алматұлының «Көпке созбайық, ағайын!» атты мақа­ласы. Мақалада Орекен ағамыз қазақ тарихы мен руханиятында өз орны бар тұлғалар шық­қан Бірімжановтар әуле­тінің бір ұрпағы – Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжановтың есімі тарих төрінен өз орнын алу керектігі жөнінде орынды пікірін біл­дірді. Бұған дейін Ғазымбек ғұмырының қайда және қалай үзілгені белгісіз болатын.
Енді бір тоқтамға келу үшін оның сүйегі Мәс­кеу қа­ла­­сындағы «Коммунар­ка­ның» жалпы қабірінде жатыр деп жұбаныш еткен жөн болатын тәрізді. Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов 1988 жылғы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы шешімімен сталиндік репрессия құрбаны болған 14 зиялы аза­маттарымызбен бірге ресми түрде ақталды, есімі баспасөз бетінде жарияланды.
Ертай ҚАРАБАЛА,
ішкі істер қызметі саласының ардагері
Астана қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button