Білім

Кран қисайып тұр

Жақында редакцияға баласы қаладағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында оқитын бір ағамыз қоңырау шалды. Ол кісінің айтуынша…жә, сол кісінің сөзін дәл келтірейік. «Інім, осы мектепке күн сайын баламды сабаққа алып барамын. Қайбір жылы дәл білім ордасының іргесінен құрылыс жұмыстары басталып, кейін ол аяқсыз қалды. Соның «ескерткіші» болып, сорайған кран тұр. Желді күндері осы кранның жүк көтергіш құралдары шайқалып, мектеп ғимаратына құлап кететіндей көрінеді. Сондықтан осы кранды алып тастаудың бір амалы бар ма?» деп өтінішін айтты.

Содан бұл жағдайды өз көзі­мізбен көру үшін аталған білім ұясына әдейілеп бардық. Бұл оқу ордасы қаладағы барлық білім ошақтарының қара шаңырағы десе де болады. Жүз он жылдан астам тарихы бар. Бір байқағанымыз, мектептің территориясы өте тар. Маңайында бос жатқан жер жоқ.
Айтқандай, қоңырау шалған ағамыздың шырылдап айтқан жанайқайы орынды екен. Мектеп ғимаратына төніп, қисайып тұрған кранды көріп, өзімізде шошып қалдық. Осы мәселенің жай-жапсарын білу үшін білім ұясына кіргенде алдымыздан мектеп директорының шаруа­шылық жөніндегі орынбасары Зәуре Әбдірахманова жолықты. Бұл кісі де аталған жағдаймен жақсы таныс. «Біз бұл проблеманы көтердік. Байқоңыр ауданының әкімдігі біледі. Олар бір ай бұрын бізге «шешімін табамыз» деп жауап берген. Енді соны күтіп отырмыз» деді ол.
Қазір бұл құрылыс нысаны толығымен бітпеген. Жұмысы тоқтап тұр. Қожайындары да белгісіз. Сондықтан бізге олармен тілдесудің реті келмеді. Жалпы, бұл проблеманы шешу үшін мектептің ата-аналар қамқоршылар кеңесінің төра­йымы Светлана Смайылова жан салып жүгіріп жүр екен. Байқоңыр ауданы әкімінің қабылдауында болыпты.
«Аудан басшысы Ерлан Каналимов сөзімді жерге тастамай кранды өзі келіп көрді. Барлық жағдаймен танысты. Бұл мәселемен айналысуға орынбасарына тапсырма берді. Бұрын кран машинасының жүк көтергіш құралдары бұдан да биік болатын. Қайта, оларды жинап, шамалы түсірді. Енді кранды мүлде алып тастаса деп отырмын. Бұл проблеманы шешу – жалғыз Байқоңыр ауданының әкімдігіне байланысты емес. Бұған қалалық құрылыс саласына жауап беретін мекемелердің де қатысы бар. Қожайындарының табылмай отырғандығы да оны бөгеп отыр. Дегенмен, аяқсыз қалады деп ойламаймын. Биыл біздің ұсынысымыз бойынша Байқоңыр ауданының әкімдігі мектеп ғимаратын толық қоршап берді. Оларға сол қамқорлығы үшін рақмет айтамыз! Енді осы краннан құтылсақ жақсы болар еді. Әйтпесе, көңіліміз тыншымай тұр» деді қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
Қалай болғанда да, ата-­аналар өз балаларының қауіп­сіздігі үшін «краннан қашан құтыламыз?» деп бекер дабыл қағып отырған жоқ. Бүгінде бұл мектепте 2000-нан аса бала оқиды. Ал адам өмірі – бәрінен қымбат! «Сақтансаң –сақтаймын» деген бар. Ендеше, бұл мәселе көпке созылмай тезірек шешілгені жөн.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button