Мәслихат

Жылу энергиясы жеткілікті ме?

Кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында 2019-2021 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы қаралды. Тиісті жобамен қалалық Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов таныстырды.

Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасына үш жылға 48 млрд теңге бөлу қарастырылған. Соның 31 млрд теңгесі келесі жылға тиесілі. Қаладағы мектептер тығыз­дығы проблемасын шешу үшін 6 мектеп пен 4 қосымша ғимарат құрылысын аяқтауға 5,2 млрд теңге және республикалық бюджеттен 8 мектеп пен 4 қосымша ғимаратты салуға, Сарыарқа ауданында 800 орынға ар­налған кәсіптік мектеп құры­лысын аяқтауға қаржы қарас­тырылған. Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді салуға 13,6 млрд теңге бөлінбек.
1-ЖЭО мен 2-ЖЭО жаңғырту жұмыстары да жалғаспақ. Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов 3-ЖЭО құрылысының бірінші кезеңін аяқтау бойынша да көп сұрақтар туындап жатқанын жеткізді.
«Мен «Астана-Энергия» АҚ директорлар кеңесінің мүшесімін. Күні кеше ғана кеңес отырысы өтіп, онда алдағы үш жылдың жоспарлары талқыланды. Сонда жылу энергиясы бойынша резервтер қалмағаны айтылды. Ол түсінікті де, қала халқы миллионнан асты. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО бөлетін жылу энергиясы тиісті нысандарға таратылды. Өткен жылы шаһарда 2 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл салынатын шаршы метрлер 2 миллионнан аспақ. Ал әлеу­меттік және кәсіпкерлік нысандар жылуды күтіп отырмайды ғой. Сондықтан бұл мәселеге мұқият болу керек. Қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасынан тиісті анықтаманы бізге ұсынуды сұраймын» деді С.Есілов.
Қалада хоспис салу мәселесі қалалық мәслихат отырыстарында бірнеше мәрте қаралды. Қоғамдық кеңес те мұны аттап кете алмады. Бұған қоса, кеңес отырысында мектеп асханасы мәселесі де қайта көтерілді. Кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев бюджет қаржысын бөлгенде тиісті жылдарға сәйкес тепе-теңдікті сақтау жайын қозғады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button