Рухани жаңғыруРуханият

Күш атасының әкесіне белгі қойылды

Елорда іргесіндегі Қажымұқанның кіндік қаны тамған ауылында атақты балуанның әкесі Мұңайтпас  бабамыз жерленген көне бейітке ұрпақтары ескерткіш белгі қойды.

Ораза айттың алғашқы күні осындай игілікті шараны іске асыруға күш атасының шөбересі, жасы тоқсандағы Фарида Қалиоллақызы мұрындық болды. Бүгінде апамыз Ресейдің Омбы қаласында тұрады. Он баланы дүниеге әкелген ардақты ана. Балаларының бәрі ержеткен, жоғары білімді маман иелері. Кейуана – балуанның үлкен ұлы Қалиолланың қызы. Қалиолла әкемізден төрт ұл, екі қыз өрбіген. Апамыз торқалы тоқсанды алқымдаса да әлі тың. Көп жағдайларды зердесіне жақсы сақтаған. Оның айтуынша, әкесінің тұңғыш баласы Шабдан 1926 жылы туған. Одан кейін өзі 1928 жылы өмірге келген. Содан соң Роза, Құлымбет, Жанайдар және Әлкей деген балалары болған. Бүгінде апамыздың ер бауырларының бәрі дүниеден озған. Тек жасы сексен бесті алқымдаған Роза деген сіңлісі екеуі ғана қалған. Қазір ол кісі Көкшетау қаласында тұрады.

Бүгінде Омбыдағы балуанның ұрпақтарының өзі – бір қауым ел. Шабданнан Серік, Мұратқан, Жанат деген ұлдар тараса, Құлымбеттің Мақсұт, Азамат деген екі баласы бар екен. Әлкей өмірден ерте өткен. Одан ұрпақ қалмаған.

Қажымұқан жайында жазылған дүниелерде оның Омбыдағы өмір жолынан сыр тартқан естеліктер кездеседі. Фарида апамыз атасын Омбының Шарлақ ауданы Абылай ауылында тұрғанын айтты. Балуанның бейнесі де шала-­пұла есінде қалыпты.

«1937 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Сонда оқуға тоғыз жаста барған секілдімін. Үлкен ағам Шабдан үшінші сыныпта оқиды. Атамның София деген қызы болды. Сол қыз бен ағам екеуі атамның бауырында өсті. Cол жылы елде ауқатты адамдарды ұстап, түрмеге қамай бастаған кезде ол кісі содан бой тасалап, Қазақстанға кетіп қалды. Әкем Омбыда қалды. Содан байланысымыз болған жоқ» деді апамыз.

Бірақ әкесі Қалиолла сексеннен асып дүние салған. Балуанның кейінгі балалары Айдархан мен Жанәбілді білген. Айдарханмен араласқан. Ал Жанәбілмен Көкшетаудағы сіңлісі жақын сыйласыпты.

Шара барысында Қажымұқан ауылының іргесіндегі балуанның әкесі Ернақұлы Мұңайтпас жатқан ескі зиратқа ескерткіш белгі орнатылды. Сол жерде Фарида апа: «Ата-­бабамның осы жерде өмір сүргенін білемін. Бұрын ағам мен бауырларым бар кезде бұл шаруаға араласым болған жоқ. Енді олардың бәрі өмірден өтті. Қазір осы әулеттің үлкені мен болып отырмын. Кейінгі ұрпақтар жас. Осы іс маған қарап қалған секілді көрінді. Содан балаларыма айтып, осы белгіден кейінгі жастар бабалары жатқан жерді біліп жүрсін деп қойып отырмын» деп тағылымды ой өрбітті. Тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес жиналғандарға Қажымұқанның өмір жолынан естелік айтты. Одан кейін күш атасының ұрпақтары бабалар әруағына ас беріп, дұға бағыштады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button