Басты ақпаратМәселе

Лудомания – ғаламдық проблема

Лудомания адамзатты шыңырау құдыққа батырып бара жатқан ғаламдық проблемаға айналды. Оған қазақ қоғамын да қосуға болады. Бүгінде Қазақстанда құмар ойынға тәуелді 1 миллионнан астам ойынпаз болса, олар құмардарға триллион теңгеден астам шығындады. Мұның қауіп-қатері Парламент тыңдауында сөз болды.

ХХІ ғасырдағы қауіпті құбылыс­тың бірі – құмар ойынға тәуелді болу немесе «ойынпаздық дерті». Уақытын, ақшасын, күш-жігерін құмар ойынға жұмсайтын тәуел­діліктің адамға ғана емес, оның отбасына, кәсіби қызметіне және қоғамға зияны көп. Әбден тығырыққа тірелген лудомандар суицидке жиі барады, құқық бұзып, қылмыс жасайды және әйелімен ажырасады. Әлеуметтік мәселелердің алдын алу маңызды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов:

– Қазақ қоғамында 1 миллионнан астам адамда ойынға тәуелділік бар. 700 мыңнан астам немесе мектеп жасындағы балалардың жалпы санының 20 пайызы алғаш рет бәс тігіп үлгерді. Ажырасқан ерлі-зайыптының 38 пайызына лудоманияның әсері бар. 2022 жылы 3676 суицид жасалса, оның әрбір 5 жағдайы құмар ойынға тәуелділіктен орын алды. 157 мың құқық бұзушылықтың 20 пайызы немесе 31 мыңы құмар ойынға байланысты жасалды, – дейді.

Қазір лудоманияның кең етек алғаны соншалық, сарапшылар қай елдің тұрғындары құмар ойынға бейім, олар спорт ставкасына, әлде лоторея ойынына қызыға ма, жылына қанша қаржы шығындайды деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Құмар ойынға бейім елдер рейтингінде Аустралия тұрғындары ерекшеленеді. Бұл ел азаматтары ойын автоматы мен букмекерлік ставкаға бәс тігуде алдына жан салмайды. Сингапур, Ирландия, Канада, Финляндия және Гонконг тұрғындары да ойынға ойсыз берілген.

Адамдардың шектен шыққан ойымпаздығы қоғамдық тәртіп пен материалдық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Дамыған елдерде оның зияны мен залалы қатты сезілмесе де, дамушы елдерде өзекті психоәлеуметтік мәселеге айналды.

Көбінесе ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін адамдар ақша тігу, материалдық затты ойнату арқылы тәуекел етіп, ақшалы болуға мән береді. Соның салдарынан адамда психологиялық бейімділік, психопатия, аддиктивті мінез-құлық қалыптасады. Құмар ойынның түрі көп. Мәселен, лотореяға бинго, джекпот жатса, гэмблингке ойын автоматы, беттингке спорт жарысына бәс тігу қаралады. Карта ойындары – покер, блэкджэк, баккора, казино ойындары – рулетка, бинго, колесо, фортуна және тағы басқасына қызығатындар көп.

– 2017 жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа еніп, сол уақыттан бері букмекерлік бизнес 35 есе өсті. Сәйкесінше, 15,5 миллиард теңгеден 553,6 миллиард теңгеге дейін артқанмен, салық ставкалары 2017 жылғы деңгейде қалды. Құмар ойындарға және бәс тігуге тәуелді адамдар санының артуы тек букмекерлік кеңселерге тиімді. Мемлекет үшін қауіпті, – дейді Руслан Берденов.

Психологтар жүргізген зерттеуде құмар ойынға орташа тәуелділік жасы – 17-38 жас. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық. Ойынға тәуелділік кезінде тұлғаның даму процесінде физикалық, рухани, әлеуметтік тұрғыда құлдырап, өз ортасынан алшақтауы байқалады.

ОЙЫНПАЗДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Психолог Айзат Ибрагимованың сөзінше, букмекерлік ставка, казино немесе лото ойы­ны туралы жиі сөз етіп, өзінің ұтқаны туралы ойланады. Өзінің мінез-құлқын және ойнауға ниетін басқара алмайды, қарызды төлеу немесе бәс тігу үшін мүлікті немесе ақшаны ұрлайды, өз мүлкін ойынға тігу мақсатында сатады, ақшасын айналымға салады өз әрекетін жоққа шығарады немесе өз басында орын алып жатқан мәселені бөліспейді, білдіртпеуге, көрсетпеуге тырысады. Ең қиыны, ойын кезінде өзінің жүріс-тұрысын бақыламайды, жиі-жиі өтірік айтады. Яғни психологиялық дерттің түрі деп баға беруге болады.

– Лудомания – импульсиялық ауытқулар тобына жатады. Бұл ауру халықаралық классификацияда F63.0 кодымен белгіленді. Құмар ойынына тәуелді адам, материалдық шығынға, отбасындағы немесе жұмыстағы тұрақсыздыққа, денсаулығының нашарлауына қарамастан, құмар ойыннан бас тарта алмайды. Үнемі ойнау немесе бәс тігу мүмкіндігін іздейді және тәуекелден адреналин алады, – деді Айзат Ибрагимова.

Мұның әлеуметтік-психикалық зияны – отбасы құндылығы әлсіреп, отбасы мүшелері арасындағы байланыс нашарлайды, девиантты мінез-құлық пайда болады. Оның биологиялық факторы да болады. Мәселен, құмар ойынға тәуелді адамда психоактивті затқа еліктеу байқалады, детоксикация процесінің ағзада бұзылуы, мотивация жүйесінің өзгеруі және психикалық ауытқу орын алады. Жасөспірімдер мен жастар арасында ойынға бейімділік болса, оның психологиялық факторы ертелі-кеш сезіледі. Оны ортамен диалогқа түсе алмай, тұлғалық идентификацияның жетілмей және мінез-құлықты басқара білмеуінен байқауға болады.

Планшет, смартфон және компьютерден бас алмайтын жастар қатары көбейді. Бұл лудоманияның алғашқы сатысы ғана. Заманауи технологияның игілігін ерте жастан меңгергендер арасында өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағының жан қиналысын сезіне бермейтін жастар өсіп-жетіліп келеді. Көп жағдайда ойынпаз жастар өзіне сенімсіз, тұрмыста кездесетін қиын мәселелерді шеше алмайтын жігерсіз, мінезсіз болып қалыптасады.

АЛДЫН АЛУҒА БОЛА МА?

Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Руслан Берденовке қойдық.

– Біріншіден, букмекерлік кеңселердің онлайн қызметіне толық тыйым салып, арнайы мамандандырылған аймақтарда ғана жұмыс істеуіне рұқсат беру маңызды; екіншіден, құмар ойын мен бәс тігуді жарнамалауға толық тыйым салу; үшіншіден, салық ставкасын жоғарылату; төртіншіден, ойын бизнесі үшін корпоративтік салық мөлшерлесін 20 пайыздан 30-40 пайызға дейін көтеру; бесіншіден, айналым мен бюджетті толықтырудың ашықтығын қамтамасыз етуде букмекерлік кеңселердің ақпараттық жүйесін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау керек, – деп жауап берді ол.

Құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелділіктің қоғамдық қаупін ескере отырып, Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасына енгізілді.

«Ойын бизнесі туралы», «Жарнама туралы», «Лоторея және лоторея қызметі туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілді.

Интернеттегі ойын қызметіне, жарнамаға, лотоматтарды жабуға, салық ставкасын арттыруға, букмекерлік кеңселердің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйе­сімен біріктіруге бағытталған түзету енгізілді. Түзетулердің негізгі бөлігі бойынша Үкіметтің қорытындысы күтілуде. Кейбір түзетулер қабылданды. Мәселен, букмекерлік кеңселердің банк құпиясына қатысты ақпаратты салық органына ойыншылардың шоты, ставкалардың саны, ұтыс сомасы, салық шегеріміне қатысты түзету енгізілді.

«Обсессия» деректі фильмі депутат Р.Берденовтің жеке қаражатына түсірілді. Деректі фильмдегі кейіпкерлер – құмар ойынға тәуелділіктен зардап шеккен адамдар.

P.S: ХХІ ғасырда адамзатқа тигізетін қауіп-қатердің түрі көп, залалы да әртүрлі. Соның ішінде лудоманияның әсері тым бөлек. Тіпті мемлекеттің бәсекеге қабілеттілік деңгейі лудоманияға тәуелділікпен өлшенетін уақыт келеді. Сол кезде асығымыз алшысынан түсу үшін қазір қамданып, нақты қарекет істеу керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button