ӘлеуметБасты ақпарат

Балық байлық көзіне айнала ма?

Астана қаласының іргесіндегі «Учхоз» деген қосалқы атауы бар Интернациональный елді мекеніне бардық. Онда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы бар. Тәжірибе алаңында акваөсіру мәдениетін ілгерілетумен қатар, балық өсіруді бизнестің табыс­ты көзі ретінде ғылыми дәйектейді. Ғалымдар Африканың жайыны мен Аустралияның көк шаянын жерсіндіріп, бекіре мен тұқыны биотехнология тәсілімен көбейтуді қолға алды.

БАЛЫҚ ӨСІРУ – ТАБЫСТЫ КӘСІП

Ғылыми орталықтың директоры, ветеринария ғылымының кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов:

– Тропикалық балықты көбейту – күрделі технологиялық процесс. Африка мен Таяу Шығыс елдерінде кездесетін кларии жайынын қоңыржай аймақта және жасанды бассейн­де көбейтуге болады. Біздің елде жаз айында жоғары температурасы бар су қоймасы мен жабық сумен қамтамасыз етілген балық өсіру жүйесін пайдалануға мүмкіндік мол.

2001 жылы кафедра ашылса, 2010 жылы балық зертханасы құрылды. Мақсат – студенттердің практикалық дағдысын шыңдау. Екінші жағынан, кәсіптік балықтың сапасын жақсарту, балық өсіп-өндіру жұмысын жүргізудің ғылыми тұрғыда тиімділігін көрсетіп, кәсіпкерлерді осы салаға ынталандыру, – деді.

Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды әрі табысты саласының бірі – балық шаруашылығы. Қытай, Норвегия, Үндістан, Чили, Вьетнам, Канада, АҚШ-тың экономикасында балық шаруашылығының үлесі миллиард­таған доллармен бағаланады. Мәселен, 2022 жылы Норвегия 2,9 миллион тонна балық экспорттап, қазынасына 15 миллиард доллар табыс кіргізді. Бұл елдегі балық экспортының 45 пайызы аквамәдениет үлесіне тиесілі.

Норвегияның Қазақстанмен бір ұқсастығы бар, ол мұнай қорына бай. Алайда Скандинавия елі экономиканы әртараптандырудың құралы ретінде балық және балық өнімдерін дайындауды таңдап, дамытып отыр. Еліміздің балық шаруашылығын дамытуға географиялық, климаттық жағдайы келеді әрі ішкі көлдер мен тоғандар аз емес. Солай бола тұра, балық кластерімен мақтана алмаймыз әрі ел тұрғындарының балықты тұтыну деңгейі де төмен.

Интернациональный тұрғын алабы шаруашылық жұмыстарын жүргізуге ыңғайлы. Ғалымдар осындай мүмкіндікті пайдаланып, балық өмір сүрген органикалық заттар бай суды көкөніс түрлерін өсіргенде қолданады екен.

– Алдын ала балыққа егу жүргізіп, аналықтан уылдырық, аталықтан шәует алып, ұрықтандырамыз. Ұрықтандыру 1 минут, инкубация 1 тәулік уақыт алады. Дернәсілдерді аквариумда өсіреміз. Сосын шабақтарды бассейнге ауыстырып, тауарлы салмағы 400-500 грамға жеткенге дейін ұстаймыз. Біз жылына бір балықты екі-үш рет ұрықтандырамыз. Негізі, африкалық балықты жылына 12 ретке дейін көбейтуге болады. Кларии жайынының ерекшелігі 3-4 айында жыныс белгісі анықталса, біздің елдегі балықтың жыныс белгісі 3 жылдан кейін белгілі болады. Яғни жылы аймақта өмір сүретін балық тез көбейіп, тез өсіп, тез салмақ қосады. Бұл – тауарлық балық өндірісін кеңейтіп, балық бизнесін дамытуда таптырмайтын жоба. Аустрияның көк шаяны 6 айда жарты келі өнім береді әрі нарықта сұраныс жоғары, – дейді ихтиолог-ғалым Жақсығали Куаншалеев.

ИХТИОЛОГКЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

2020 жылы Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балық саласын дамытуға ерекше назар аударды. 2021 жылы Үкімет «Балық шаруашылығын дамыту мәселесі туралы» қаулы қабылдап, балық кластерін дамытуда субсидиялауды жолға қойды. 2030 жылға дейін қаралған жобада республикалық, жергілікті және бюджеттен тыс қаржы көзінен 609,4 миллиард теңге қарастырып, балық өсіру көлемін 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлады. Демек, ихтиолог мамандарға сұраныс жыл өткен са­йын арта береді. Ғылым және жоғары білім министрлігі осыны ескеріп, балық шаруашылығы саласының мамандарын даярлауға басымдық берді. Бұл туралы аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Аубакирова айтып берді.

– Балық кластерін құру және дамыту – маңызды бағыт. Ол үшін теңіздің немесе мұхиттың жағасында тұру міндетті емес. Білікті мамандар мен дұрыс ниет болса, жасанды тоған мен бассейнде балық шаруашылығын ілгерілетіп, табыс табуға болады. Ихтиолог мамандарға сұраныс жоғары екені ескеріліп, жыл сайын 115 мемлекеттік грант бөлінеді. Осы мамандық бойынша білім беретін 6 жоғары оқу орны грантты толық игере алмайды. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында 94 грант бос қалды. Талапкерлер перспективалы салаға бет бұрып, маманданса дейміз, – деді биология ғылымының кандидаты, PhD докторы Гүлжан Аубакирова.

Елордадағы жоғары оқу орнында балық өсіру және балық өнімін өңдеу технологиясы бойынша 21 студент бакалавр, 4 ізденімпаз магистр деңгейінде білім алуда. Балық шаруашылығын табысты сала ретінде таңдайтын талапкер саны көбейсе, елге керекті ихтиологтар көптеп шығатыны анық.

2022 жылы АҚШ, Қытай, Испания, Вьетнам, Франция, Италия және Германиядан балық өнімдерін 152 миллион долларға импорттадық. Егер ихтиолог мамандар болса, балық ресурсының өсімін молайтып, импорттың көлемін қысқартуға болады. Өзі таңдаған мамандықтың маңызын түсінген Дайяна Нысамбаева:

– Теориялық білімді практикалық тұрғыда шыңдауда біздің кафедрада мүмкіндік көп. Одан бөлек, мамандық бойынша жұмыс табуда қиындық жоқ. Университетте 3-курста оқып жүріп, Астана океанариумында жұмыс істеп, табыс тауып жүрмін. Диплом алғаннан кейін үй жағдайында балық көбейтуді қолға алып, балық бизнесін дамытуды жоспарлап жүрмін, – дейді.

БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының мәліметінше, акваөсіру саласы – ақуыз өнімдерін өңдеуде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Осыдан-ақ балық шаруашылығы саласының перспективасы мен ихтиолог мамандарды дайындаудың маңызын түсінуге болады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button