ӘлеуметБасты ақпарат

Мақсатымыз – балалар құқығын қорғау

Бүгінгі таңда Астанада әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған 500-ге жуық отбасы бар. Оларды қолдау мақсатында білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңесінің «Qoldau» қоғамдық бірлестігі «Birgemiz sabaqtastyq» әлеуметтік жобасын іске асыруда. Аталған жоба аясында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы қоғамдық бірлестіктің төрайымы Фарида САҒЫНДЫҚ әңгімелеп берді.

– Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңестің басты міндеті не және олардың қоғамдағы маңызы қандай?

– Қамқоршылық кеңес – бұл ­республикамыздағы барлық білім беру ұйымдарының арасынан құрылған алқалы басқару органы. Кеңестің міндеті әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасындағы балалардың мүддесі мен құқығын қорғау, білім беру ұйымдарындағы оқу үрдісін қадағалап, қосымша білім беру, тамақтану мәселесіне де көңіл бөлу, жалпы осындай балалардың жағдайына, білім беру ұйымдарындағы ұжымның қызметіне мониторинг жасап отыру.

Еліміздегі Қамқоршылық кеңестердің құзыреті, оның құрылуы және жалпы мәртебесі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №355 бұйрығымен бекітілген. Негізі, құзыреті өте ауқымды. Өйткені бұл – сол білім беру ұйымының серіктесі ретінде оның дамуына үлес қосатын бірден-бір алқалы басқару органы.

Кеңестің құзыретіне келетін болсақ, ол білім беруді дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыным береді және оның бюджетін қалыптастыруға ұсыныс әзірлейді. Жалпы, тамақтану сапасына тікелей атсалысатын бракераж комиссия оның мониторингін және қаражат жағынан қосымша сырттан келетін қаржының есебін жүргізеді. Кейін ата-аналардың алдында өз есебін береді.

Негізі, Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаған кезде де өз үлесін қосады. Сол жерде үміткерлермен әңгімелесу жүргізу арқылы өз ойын білдіріп, хаттама арқылы ұсынысын береді, яғни бұл жерде Қамқоршылық кеңес толықтай осы білім беру ұйымының басқаруына да атсалысады.

– Бұл кеңестің құрамында қанша адам болады?

– Қамқоршылық кеңестің құрамы, негізі, тақ саннан тұрады. Сосын білім беру ұйымының заңды өкілдері, яғни ата-аналары, жалпы алғанда, әр сыныптың параллелінен бір ата-ана немесе заңды өкілі болуы керек. Сонда, мысалы, бізде 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін болса, демек, кеңес құрамы 11 адамнан аспауы тиіс.

Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңестің құрамына педагогика саласындағы еңбек ардагерлері де қатысады. Ішінде біздің жергілікті атқарушы өкілді органдардың, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де болуы тиіс. Тіпті олардың қатарына демеуші-­меценаттардың өкілдерін де қосуға болады. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де қатыстыруға және әр мектептегі оқушының өзін-өзі басқару органының бір немесе екі өкілін де кеңестің құрамына енгізуге болады.

– Жалпы, бүгінгі таңда елімізде әртүрлі қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен жасөспірім көп пе?

– Көп деп айтуға болады. Мұндай жасөспірімдерді отбасынан, ата-ана­сынан бөліп қарамауымыз керек. Кейінгі кезде осындай отбасыларды қолайсыз отбасылар деп те атап жүрміз. Өкінішке қарай, кейде ата-анасы немесе олардың балалары әртүрлі қиын жағдайға душар болып, салдарынан олар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған білім беру ұйымдарына түсіп жатады. Оның да өзіндік процедуралары бар. Олар мұндай мекемеге жай ғана түсе салмайды. Мұндай процедуралар ведомствоаралық өзара іс-қимыл орнату арқылы жүзеге асады. Осы бағытта қазір біз көптеген жұмыс атқарып жатырмыз.

– Мұндай балаларға нақты қандай көмек көрсетіледі?

– Әрине, әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға мемлекет тарапынан арнаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін міндетті көмек. Ол бізде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асады.

Жалпы, осындай қолайсыз отбасында әртүрлі қиын өмірлік жағдайға тап болған баланы мұндай ұйымдарға жіберу не жібермеу туралы мәселе кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қарастырылып, сол жерде шешіледі. Егер бала осындай ұйымға жіберілсе, онда ол толықтай мемлекеттің қарамағына өтіп, мемлекет тарапынан оған арнаулы әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен бірге бүгінгі таңда барлық мектепте баланың киім-кешегі мен мектепке дайындығын және қаражатын өтеп беруге бағытталған «Жалпыға міндетті орта білім» жобасы жүзеге асырылып келеді, яғни бізде көмектің осындай да түрі бар.

– Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгерлік ­практикасын енгізу мақсатында «Birgemiz sabaqtastyq» ұлттық жобасын қолға алдыңыздар. Осы тәлімгерліктің қоғамға пайдалы тұсы қандай, ол қалай жүзеге асады?

– Жалпы, тәлімгер деген біздің қоғамға жат құбылыс емес қой. Қарапайым тірлікте кейде өзіміз де бір нәрсені білмесек, бізге қарағанда тәжірибесі анағұрлым мол, көргені мен түйгені бар адамдардан ақыл-кеңес сұрап, біліп жатамыз. Демек, сол адам біз үшін тәлімгер емес пе?! Ал енді мұның жүйелі түрде жұмыс істеуі, бұл әсіресе мынау жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, білім беру ұйымдарындағы жасөспірімдерге керек. Өйткені олар әсіресе 9-сыныптан кейін, көбіне колледжге түскен кезде әлеуметтенуі үшін тәлімгерлердің қолдауы мен көмегіне мұқтаж болады. Сондықтан тәлімгерлік тәжірибесін егізудегі басты мақсатымыз – баланы материалдық құндылықтармен алдамай, эмоционалдық тұрғыдан қолдау көрсету. Бір-біріне деген сенім арқылы баламен байланыста болу. Бала қандай да бір қиын жағдайға тап болса, қасында сеніп, ақыл сұрай алатын ересек адамның барын біліп, сезінуі тиіс. Кез келген уақытта тәлімгеріне жүгіне алатындай, өзін толғандырған сұрағына жауап ала алатындай әрі кез келген мезгілде одан көмек сұрай алатындай оған сенімді болуы керек.

Қамқоршылық кеңестің мүшелері болғандықтан біз өзімізді тәлімгер деп санай аламыз. Бұл ретте біз олардың өмірінде нендей өзгеріс болғанын анықтап, оларды әлеуметтендіруге бет бұрамыз. Сондықтан Қамқоршылық кеңестің тәлімгерлік тәжірибесінің маңызы мен мағынасы зор. Мысалы, елорданы алатын болсақ, бізде балаларды қолдау орталығы бар. Жалпы, қазіргі кезде Жетімдер үйі деген ұғым жоқ, тек олардың типтері бар. Солардың бірі – осы орталық. Мұнда қазіргі кезде 90-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр, бұл – шамамен 60 отбасы деген сөз. Бұл жерге түскен балалардың ата-анасы өз перзентінің жүріп-тұруына, біліміне, тәрбиесіне атсалыспайды, өзінің жауапкершілігін мүлдем сезінбейді деуге болады.

Қамқоршылық кеңестің төрайымы ретінде мен мұндай балалармен және олардың ата-анасымен жиі кездесемін және олармен көп жұмыс істейміз.

Көпшілік жетім балалармен жиі араласпағандықтан олар көп игіліктен құр қалған деп ойлауы мүмкін. Түк те олай емес. Жетім балалардың барлығы да мемлекет қамқорлығында. Оларға бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Қамқоршылық кеңестің мүшелері де психологиялық тұрғыдан жан-жақты көмегін аямайды. Ата-анасы тастап кеткен бұл балалардың жүрегі жаралы ғой. Сондықтан біз олармен арада сенім орнатып, қолдан келгенше барынша көмектесуге тырысамыз.

Жоба аясында біз 3 жылдан бері балалар үйіндегі балақайлар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге тәлімгерлік ету тәжірибесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз.

Бұл ретте біздің Қамқоршылық кеңес алдымен мұндай балалардың қоғаммен бірге дамып, сіңісіп кетуіне, әлеуметтік ортада тұлға болып қалыптасуына барынша ықпал етуде. Қалай болғанда да, Қамқоршылық кеңес мүшелері мұндай балалардың мүддесі мен құқығын қорғауға атсалысып келеді.

– Осы тұрғыда елімізде отбасын қолдау орталықтары белсенді жұмыс істеуде. Бұл іске Қамқоршылық кеңестің қосып келе жатқан үлесі аз емес. Қандай игі істерді атар едіңіз?

– Иә, 3 жылдан бері республикалық жоба аясында отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру және қолайсыз отбасыларға көмек беру бағытында еңбек етудеміз. Қазір осы көмек көрсетудің методологиясын құру арқылы отбасын қолдау орталықтарына арналған бірыңғай тұжырымдаманың жаңа жобасы дайындалып жатыр. Соның бірі Астана қаласындағы «Жанұя» отбасын қолдау институтымен меморандум жасасу арқылы біз көптеген жұмыс жүргізудеміз.

Бұл жерде ведомствоаралық ­өзара іс қимылды нығайту мақсатында кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссиямен, білім беру ұйымдарымен, денсаулық сақтау саласының ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен, балаларды қолдау орталықтарымен бірлесіп байланыс жасап, кез келген жағдай туындағанда жалпылама, кешенді түрде көмек беру арқылы біз осындай әдістемені құруды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, еліміздің барлық аймағында Қамқоршылық кеңестері мен мүдделі тұлғалар үшін тегін онлайн-семинар-­тренинг жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өткен аптада Шортанды ауданына барып, сала мамандарының қатысуымен «Жанұя» орталығында отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталған практика­лық семинар-тренинг болды. Оның барысында қатысушылар әлеуметтік арнаулы көмектен тыс қалған осал топтармен қалай жұмыс істейміз деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітті. Бұған дейін дәл осындай семинар-­тренинг Астанада да ұйымдастырылып, 3 күн бойы Жамбыл, Қарағанды, Жетісу облыстары мен Алматы қаласынан келген мамандар өзара пікір алмасып, әр облыс орталығында, қалалар мен аудандарда осындай отбасы орталығын ашу жөніндегі ойын ортаға салды. Соның негізінде қазір үлкен жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Бүгінде жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекстегі 12 категорияға кірмей қалған, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды тығырықтан шығарудың жолдары жайында тұжырымданы әзірлеу үстіндеміз. Мұның бәрін біз кешенді түрде мониторинг жүргізу арқылы басқара отырып, «кейс-менеджмент» технологиясымен жүзеге асырып жатырмыз.

Қазіргі таңда Астана қаласында, барлық 5 ауданды қоса есептегенде, әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған 500-ге жуық отбасы бар. Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңесі осындай балалардың қоғаммен бірге дамып, сіңісіп кетуіне, әлеуметтік ортада тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Фарида САҒЫНДЫҚ,

Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңесі «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button