Тағзым

МИЛАТҚА ҚЫЗМЕТ – МІНЕЗДЕН

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Сәкен Сейфуллин ескерткішінің алдында «Естеліктер ескірмейді» атты жастар акциясы өтті.

1986 жылғы Желтоқсан уақиғасына әлі нақты баға берілмей келеді. Алайда, ол қуғын-сүргіннің соңғы толқыны болғанын кейбір тарихшылар мойындайды. «Қазақ ұлтының көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «халқына, ұлтына, жұртына қызмет ету білім­нен емес, мінезден». Аға буын – біздер сол мінезді жастарымыздың бойынан көргіміз келеді» деді «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық бірлес­ті­гі­нің төрағасы Құрманғазы Рахметов.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің «Шаңырақ» студенттік театры тарих ғылымының докторы Жамбыл Артық­баевтың зұлмат жылдардағы қазақ отба­сының тағдыры мен тауқыметі бейнеленген «Бір адамға екі өлім жоқ» пьесасынан үзінді көрсетті. Қойылым барысында драма кейіпкерлерінің бірі «Қазақтың жауы – қазақ» деген сөзді айтады. «Бұл біздің ортамызға сіңірілген кірме сөз. Қазақ қазаққа ешқашан жау болған жоқ» деген Желтоқсан қаһармандары Абай Абдрахманов пен Гүлжамал Бәйменова жастарға өнеге болатын сөздерді айтты.

Шығарма авторының өзі пьесаны бала кезінде естіген әңгіме негізінде жазғанын, оның премьерасы күзге жоспарланып отырғанын жеткізді. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарының қасіретіне тоқталды. «Сол зұлмат кезеңдерден аман қалған қазақ отбасылары кемде-кем. Пьесамның негізгі мақсаты – репрессия болып жатқан уақытта жақын ағайынға көмектесе алмай, амал жоқтықтан НКВД-ға ұстап беру драмасын көрсету. ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары Радлов «Қазақтар – Еуразиядағы, Орталық Азиядағы рыцарлық қасиетін сақтаған жалғыз халық» деген екен. Біз осы қасиеттен нәубеттің кесірінен айырылып қалдық» деді ол.

Жастар Мағжан Жұмабаев сынды бозда­қ­та­рымыздың өлеңдерін оқыды. Ескерт­кішке гүл шоқтарын қойып, Сәкен Сейфуллин мұражайын аралады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button