Басты ақпаратБілім

Мұғалім мәртебесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін мұғалімге жаңадан тағайындалған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Жоғары марапатқа Астана қаласындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержанова да ие болды.

Айгүл Тұрғамбайқызы – мектептің бастауыш сынып педагогы, зерт­теуші-педагог, тәжірибелі мұғалім. Ұстаздық өтілі 28 жылдан асады, аталған ұжымда 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қалалық, республикалық жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпазы. Іс-тәжірибесін қала, республика көлемінде таратып, республикалық форумда модератор, спикер болған педагог. Салауатты өмір салтын ұстанатын Айгүл Тұрғамбайқызы штанга көтерумен айналысатын спортшы да.

– Жуырда педагогтар арасында өтетін байқауға қатысуға дайындалып жүр. Бойы сергектің ойы сергек. Тіпті қыста әйелмін демей, мектеп ауласындағы қарды да тазалап, нағыз еңбек адамының үлгісін көрсетіп жүр, – деп мектеп директоры Жанар Жұмабекова әріптесі туралы толғана әңгімеледі.

Балаға алғашқы білімді беретін мұғалімнің өмірде де, жұмыста да осылай жинақы жүруі өз нәтижесін берді, биік мәртебеге лайықты деп танылды. Себебі бастауыш сынып педагогы ғылым негізін оқытатын пән мұғалімінен әлдеқайда артық. Ол білім беру, жинақтау ғана емес, баланың бүкіл өміріне бағыт бере алатындай бірталай білім мен дағдыны игеруі тиіс, шығармашыл, белсенді, сондай-ақ балаларды жақсы көруі керек. Бұл қасиеттердің барлығы да Айгүл Ержанованың бойынан табылды. Мектеп ұжымының ғана емес, еліміздің білім саласының мақтанышы болып отыр. Мұғалім мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Марапаттау­дан соң әсерімен ол бізбен былай бөлісті.

– Бұл марапат, шынымды айтсам, күтпеген жерден тосынсый болды. Төбем көкке жеткендей сезініп тұрмын. Мемлекет басшысының мұғалімдердің мәртебесін көтеруі бізге көп міндет жүктейді, сенім ұялатады. Мұғалімнің қоғамдағы орны айқындалып, мәртебесі, шын мәнінде, көтерілді. Білімімізді жетілдіріп, әрі қарай ізденуге зор мүмкіндік беріп отырғанын айтуымыз қажет, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Айгүл Ержанова.

Мектеп туралы қысқаша айтып өтсек, оқу ордасының іргетасы 2004 жылы қаланған. 2012 және 2016 жылдары білім ошағы «Үздік мектеп» атанып, Астана әкімінің кубогына ие болды. Мектеп Назарбаев зияткерлік мектептерінің тірек мектебі ретінде қаладағы он үздік оқу ордасы қатарында. Мұнда 1926 оқушы білім алса, 127 мұғалім еңбек етеді. Үздік мұғалім – ол кез келген білім беру мекемесінің тірегі. 3 мұғалім «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалінің, 3 ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің және 1 мұғалім «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button