Қоғам

Аналармен сыр-сұхбат

Астанада көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен бірнеше кездесу өтті. Ақын алдымен «Бақытты отбасы» орталығында ардагерлермен, көпбалалы аналармен жүздесті. Ал «Қаламгерлер» аллеясында «Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген…» кеші мен «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шаханов шуағы

Орталықта өткен кездесуде аталмыш мекеме жетекшісі Ырза Тұрсынзада осындағы жұмыс бағыттарымен таныстырды. «Бұл – көпбалалы аналардың алтын ұясы деп қабыл алыңыз­дар. Мұнда бүкіл бала-шағамызбен, енелеріміз, келіндеріміз, қыздарымыз ұлттық өнердің он алты бағытында еңбек етіп жатырмыз. Мұхтар ағамыз әйел жайлы, қазақтың қызы туралы, қазақтың анасы жайлы талай туынды жазды. Сондықтан ақын Астанаға келеді дегенді естігенде «біздің аналарымыздың алдына алып келіңіздерші» деген өтініш айттық. Ер-азаматтың ар намысы, жалауы – әйел. Бұл орталықта тігін технологиясын үйрету ғана емес, ұлттық болмысты, қырық шырақты қазақ әйелінің қасиеттерін жаңғырту» деген ол өтініш жерде қалдырылмағаны үшін алғыс айтты.

Кездесуді ардагер журналист Қарлығаш Бәкенқызы жүргізді. Жас ақын Данияр Алдабергенов арнау айтты. Қоғам қайраткері Зәуреш Батталова Мұхтар Шахановтың ұлт ұпайын түгендеудегі еңбегіне тоқталды. Ақынның өзі әңгімесін шындық туралы өлеңімен бастады.

«Кезінде Гитлерден шығыстағы елдерді жаулап алуға қандай саясат қолданамыз деп сұраған. Сонда ол: «оларға ертеден кешке дейін жеңіл музыка тыңдатып, кітап оқуға, ойлануға мүмкіндік бермеу керек. Адам рухани жағынан неғұрлым саяз болса, соғұрлым өзін бақытсыз сезінеді» деген. Оның айтқаны қазір бүкіл дүние жүзінде орындалды. Мен өмір бойы шындық үшін күресіп келе жатырмын. Шындық биігінен көріне алмаған еркекті еркек, әйелді әйел деп есептемеймін» деген ақын поэзия туралы ойын айтты.

«Поэзия дегеніміз – әлемдік деңгейде ешкім айтпаған жаңалықтарды айту» деді ол. Достық туралы пікірін айта келе, «Аға досым Шыңғыс Айтматов өмірден өткенде өзімді жалғыз қалғандай сезіндім» деді.

Жиынға қатысқандар ақынмен бұдан бұрынғы кездесу сәттерінен естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды, сұрақтарын қойды. Мұхтар Шаханов «Төрт ана» атты өлеңін 15 жасында жазғанын, бұл өлең әлемнің көптеген тілдеріне аударылғанын айтып, осы жырын оқып берді. Пернеш Дүйсемұратқызы деген оқырман ақын бір жылдары Түркістан қаласына келіп, кездесу өткізгенде қазақ әйелі қай жағдайда да ері мен отбасына берік болып қалатынын айтқанын еске алды. «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сол кезде Мұхтар ағаның осы нақыл сөзі еске түседі» деді ол. Әсем деген көпбалалы ана Мұхтар Шахановтың өлеңдерімен балаларын тәрбиелеп отырғанын, соның ішінде «Жігіттің екі сипаты», «Жігерлендіру» атты жырларын ұлы Әлиханға жаттатқанын жеткізіп, ақынның «Өзен» атты өлеңін оқып берді. Кездесу ақынның батасымен аяқталды.

  «ҚАЛАМГЕРЛЕР» АЛЛЕЯСЫНДАҒЫ  ҚҰРМЕТ

«Қаламгерлер» аллеясындағы «Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген…» кеші мен «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» кітап көрмесін Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған бұл кездесуді белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ашты.

Кездесу барысында оқушылар мен студенттер, ақынның оқырмандары өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев Мұхтар Шахановтың өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әнін әуелетті. Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева ақынның иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, шара соңында Мұхтар Шаханов ағаш екті. Соның белгісіндей арнайы тақта қойылды

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button