Мәдениет

МҰХИТТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫН МОЙЫНДАТТЫ

SUL_7063

Жуырда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «New York Realism Fine Art» атты бейнелеу өнері шеберлерінің халықаралық байқауы өтті. Оған Қазақстан атынан қатысқан елордалық суретші Ренат Елубаев еліміздің атын асқақтатты. Жерлесіміз төрткүл әлемнен жиналған екі мың суретшінің арасынан дара шығып, алтын медалді жеңіп алды.

Байқау бейнелеу өнерінің түрлі жанрын қамтыды. Шетелдік сарапшылар Ренат салған жұмыстардың бояуының қанықтығына назар аударып,   импрессионизм бағытындағы еңбегін атап өтті. Суретші бұл байқауға «Көш» деп аталатын суреттер циклі мен туған жері Торғай даласының көріністерін жіберген болатын. Ұлттық сипаттағы бұл туындылар сарапшыларды тәнті етті.

Жалпы, биылғы жыл суретші үшін жемісті болып тұр. Ренат көктемде елордада өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған байқауда үшінші орынды иеленді. Артынша Беларусь Республикасындағы «Куршинале – 2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Живопись» аталымы бойынша топ жарды. Енді, міне, мұхиттың арғы жағын да мойындатып отыр.

«Менен бұрын осы медальді атақты суретшіміз Қанапия Телжановтың шәкірті Талғат Тілеужан жеңіп алған. Ол кісі жеңісімді естіп, мені арнайы құттықтады. «Сенің үлкен жетістігің жүрегіме жылы тиді. Қазақстандағы сурет өнерін осылайша биікте ұстап жүр» деген хатты кеше жазып жіберді. Осындай ағаларымның жолын берсін деп талпынып жүрмін» дейді Ренат Елубаевтың өзі.

Ренат Елубаев – қазірде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының қызметкері. Былтыр ҚР Тұңғыш Президенті музейінде жеке көрмесі де өткен. Оның жұмыстарымен сол музейге барып, танысуға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button