ӘлеуметҚала тіршілігі

БҮРСЕҢДЕЙ МЕ «КӨКТАЛЫҢ» БИЫЛ ТАҒЫ?!

yTyfNUoE3yK3Ob5ZOdH3eln9JyQs5t

Елорда іргесінде «Көктал» деген ауыл бар. Жайқалып, жаңарып келе жатқан елдімекен. Ертеректе, кеңес өкіметі көсемдерінің бірі – Сергей Киров есімін иеленген кеңшардың орталығы болған. Бертінде бас шаһарға айналған Астанаға қосылған алғашқы ауылдың бірі. Бүгінгі таңда елордадағы аумағы үлкен шағын аудан саналады. Еңселі үйлер бой түзеп, көшелерге тас жол төселген. Қоғамдық көліктер қатынайды. Қысқасы, бас қаламен қатарласа дамып келе жатқан тұрғын алап. Әрине, аталған шағын ауданда барлық мәселе оң шешілген деп тағы айта алмаймыз…

1998 жылы аталған елдімекеннен апайым төрт қабатты үйден екі бөлмелі пәтер сатып алды. Елорданың іргесі қаланып жатқан шақ. Ол кезде аталған кент  әлі бас қалаға кірмеген. Студентпін. Демалыс күндері апамның үйіне қыдырып келемін. Келген сайын ұядай жып-жылы жатақханама қайтуға асығамын. Өйткені, тәтем сатып алған көп қабатты үйде  жылу  жоқ. Торғайдың  балапанындай екі баласымен өздері электр  пеш қосылған бір бөлмеде бүрісіп отырады. Сыртта, арқаның арқыраған аязы буып тұрады. Су тасымал, кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Қысқасы, үй деген аты бар да, заты жоқ. Осы жағдай үш-төрт жылға дейін созылды.  Ақыры, «Көкталдан» Әлкей Марғұлан атамыз атындағы №40 қазақ орта мектебі бой көтеріп, жылу қазандығы салынды. Сол маңайдағы  төрт қабатты бес үй  әлгі жылу қазандығына қосылып,  қиындықтан көздері ашылды. Жылумен қоса әрбір үйге береке кірді. Міне, содан бері доптай зымырап он бес жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда аталған кенттің келбеті, тыныс-тіршілігі қандай? Қандай жұмыстар қолға алынып, нендей мәселе шешімін таппаған? Осы сауалдарды «Көктал» тұрғын алабына жауапты– Сарыарқа ауданының бас инспекторы Әділхан Жолдасбаевқа қойдық. Орта жасқа келген, ашық мінезді, ақжарқын кісі екен. 2008 жылдан бері осы тұрғын алапты басқарып келеді. Іске де мығым, қимылы да шалт.

–Біздің тұрғын алапқа «Көктал -1», «Көктал-2»,  «Агроқалашық», «Ет комбинаты» секілді шағын аудандар қарайды. Аумақтың өзі 3000 мың  гектар жерді  алып жатыр. Тұрғындардың саны –28 мыңның үстінде. Аудан да 52 үлкен көп қабатты үй бар. Олардың біреуі – «Көктал-1» болса, үшеуі «Көктал-2» тұрғын алабында. Бұл үйлерге жылу дербес қазандықтан беріледі. Яғни, тұрғындар үйлерді өз күшімен жылытып отыр десе болады. Өйткені, біздің тұрғын алапқа қалалық орталық жылу жүйесі жетпеген. Бар мәселе осыған келіп тіреледі. Ертеде, Киров атындағы совхоз болған кезде салынған екі қабатты үйлерде жылу мүлде жоқ. Олардың дені апаттық жағдайда тұр.  Әсіресе, онда тұратын тұрғындардың басына түскен қиындық біздің жанымызды ауыртады. Осы мәселемен олар жоғары жаққа жиі шықты. Енді қалалық әкімдіктің тапсырмасымен  бұл үйлерді газбен  жылыту жайы қарастырылуда. Ол үшін «Көктал-1» кентінің шетінен екі гектар жер бөлінді. Соған жинақтау ұрасы салынып, газ құбыры тартылмақ.. Әзірше, оған газ тасымалданады. Кейінірек, орталық газ жүйесіне қосылмақ. Бұл  алдағы жылы іске асады деп жобалануда, – деді Әділхан Назымбекұлы.

Бас инспектордың сөзінен кейін, әлгінде   «Көктал-1» тұрғын алабына кірген кезімізде екі қабатты үйдің қасынан жолыққан зейнеткер әже есімізге түсті. Ол кісі бізге  екі қабаттағы жылуы жоқ үйлердің мәселесі жайында назын білдіріп еді.

-Міне, он жеті жылдан бері жылуы жоқ, мұздай үйде тұрып келеміз. Осы ауылда жылу желісінен ажыратылған екі қабатты он алты үй бар. Оларда көбінесе зейнеткерлер тұрады. «Ыстық су» дегенді ұмытқанбыз. Мұздай суды жылытып пайдаланамыз. Әсіресе, қысты күндері қатты қиналамыз. Электр пешті ғана қосып, жан сақтаймыз. Қыс мезгілінде тоқтың өзіне 30-40 мың теңге төлейміз. Зейнетақымыздың өзі отыз төрт мыңның айналасы.  Тамақ ішпей, киім кимей, барлық ақшаны электрге жұмсаймыз. 1996 жылы бұрынғы «Киров» совхозы банкротқа ұшырады. Кеңшар тарағаннан кейін орталық қазандық бұзылды. Содан бері жылу көзден бұл-бұл ұшты. Қазір, үйіміздің іші дымқыл, ауа сыз. Қабырғасы қарайып кеткен. Жеңіл-желпі жөндеу жүргізген боламыз. Бәрібір, одан пайда жоқ. Түрлі аурудан көз ашпаймыз. Өз күшімізбен ақша жинап, жертөледегі кәріз суларын тазартамыз. Ай өтпей, қайта толып қалады. Кәріз су жүретін құбыр да, құдық та ескірген. Оны жаңартуға біздің күшіміз жетпейді. Тиісті орындарға хабарлассақ, «қаржы жоқ» деп айтады. Сондықтан, бізге әкімдік тарапынан қолдау қажет. Бас инспектор Әділханға алғысымыз шексіз. Қолынан келгенше көмектесіп, жаны шығып жүреді. Осы үйлерді «газбен жылытады»  деген сөз бар. Ол қашан іске асады?! Алдымызда арқырап қыс келе жатыр. Біздің ауыл қазір қала саналады. Бірақ, кешіп отырған күйіміз аянышты, – дейді Людмила Назаренко.

Жасы келген кейуананың сөзі бізді үлкен ойға қалдырды. Арқаның сары шұнақ аязында жылусыз отыру мүмкін емес қой. Адамның  жаны сірі екені рас-ау.

 Алайда, аталған ауылда тұрғындар үшін атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Айталық, тұрғын алапқа қарасты 172 көшенің деніне асфальт төселген. «Көктал-2» алабының жеке үйлері орталық кәріз жүйесіне қосылған. Әрбір тұрғын үйге ауыз су енген. Аудан да жеті мектеп, алты мемлекеттік балабақша мен жеке бес балабақша жұмыс істейді. Тұрғындар игілігі үшін «Көктал-1» тұрғын алабында  демалыс алаңы салынған. Бүгінгі таңда осындай алаң «Көктал-2»  кентінде де бой көтеруде.

«Біздің тұрғын алапта төрт саяжай бөлімшесі бар. Оның барлығы уақытша жалға берілген. Бүгінгі таңда  саяжайды жалға беру мерзімі тоқтатылды. Ол жердегі тұрғындарға зәулім үй салуға болмайды. Болашақта олардың орнына көп қабатты үйлер салынуы мүмкін. Әрине, түсінбеушіліктер бар. Бірақ, мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сондай-ақ, шетелден келген қандастарымыз үшін «Көктал-1» елдімекенінен арнайы жер бөлінді. Қазіргі таңда онда 40- шақты жеке үй салынды.  Оны республикалық «Асар» оралмандар қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Ол жердің су, жарық мәселесін шешіп бердік. Қазіргі таңда «Көктал-2» алабының аумағында 150 автобус сиятын автопарк салынуда. Бізде абаттандыру жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп келеді. Әр сенбілік сайын 500 түп ағаш егеміз» дейді бас инспектор.

Қысқасы,  «Көктал» тұрғын алабының келешегі жарқын. Әлі де құлашы жазылып, дами бермек. Алайда, біздің ойымыздан Людмила әжейдің бейнесі кетпей қойды. Есімізге, Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» атты романы түсті. Шынында, Арқада қыс ұзақ қой. Ал Людмила әжей тағы бір қысты жылусыз өткізбек…

 Азамат  ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button