Жаңалықтар

Аутизм орталығы ашылды

аутизм

Астанадағы  жаңа орталықтың ашылу салтанатына сенатор Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚР денсаулық және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова,  Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ата-аналар қатысты.

– Бүгінгі таңдағы мәліметтерге сүйенсек,  республика бойынша аутизм ауруына шалдыққан балалардың саны көбейе түскен. Сондықтан да осындай орталықтардың ашылғаны өте орынды екенін атап айтқым келеді. Әрине, бұл ретте осы орталықтарды ашуды ойластырған әрі оны жүзеге асырып отырған «Асыл мирас» қайырымдылық қорына, оның құрылтайшысы – белгілі меценат Болат Өтемұратовқа алғыс айтуға тиіспіз. Бастысы – бұл қайырымды іс елдің игілігіне бағытталып отыр. Ұлт денсаулығы нығайса, мемлекеттің де беделі мен қуаты күшті болады, – деді сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Астанада ашылған аутизм орталығы көп функционалды қызмет атқарады. Мұндағы  емдеу шаралары үш бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, кешенді диагностикалық айқындау, содан кейін оңалту-коррекциялық  шаралары қолға алынады. Сонымен қатар аталмыш дертке қатысты кешенді ақпараттық жұмыстар атқарылады.

 «Асыл мирас» қорының Қамқоршылар кеңесінің мүшесі, атақты ақын О.  Сүлейменов осындай орталықтың жақында Алматы қаласында да ашылғанын, алдағы жылы Қызылорда және Өскемен қалаларында ашылатыны көзделіп отырғанын айтып,  Өтемұратовтың игі бастамасын басқа да  кәсіпкерлер қолдаса деген тілегін жеткізді.

Бүгінгі шараны өте маңызды уақиға ретінде бағалаймын. Аутизм – ерекше дерт. Біздің елордамызда осы  дертке шалдыққан 200-ге жуық бала бар. Енді оларды оңалту жеңілдейтін болып отыр.  Сондықтан, осындай орталықты ашып отырған «Асыл мирас» қайырымдылық қорына ризашылығымызды жеткіземіз. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Ермек Аманшаев.

Ата-аналар мен балалардың игілігі үшін ашылған астаналық аутизм орталығына өтініштер қабылдау басталды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button