Мәдениет

АКТЕРЛЕР АҒЫНАН АҚТАРЫЛДЫ

Ғасырдан-да-ұзақ-күн

Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлттық театр – ұлттың айнасы» тақырыбымен Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының бір топ әртісімен кездесу кеші өтті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ыбыраев пен Алтынай Нөгербек, халықаралық «Кузбасс құрмет орденінің» иегері Қуандық Қыстықбаев сынды өнер ордасының белді актерлері кешке жиналғандарға театрдың тыныс-тіршілігі, өздерінің шығырмашылығы туралы әңгімелеп, театр мен кино әлемінің тұңғиығына батырды.

Өткен аптада ғана Болат Ыбыраевтың шығармашылығына 40 жыл толуына орай өнер ордасында актердің бенефисі өтті. Сонда ол «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасындағы өзінің шоқтығы биік рөлі – Едігенің бейнесінде көрермендерімен қайтадан қауышты. Бұл қойылымды Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романының желісімен Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетов сахналап, бас кейіпкердің рөліне актерді өзі таңдап алған. Сол жөнінде айтқан Болат Ыбыраев Әзербайжан Мәмбетовтің өзінің шығармашылығында да, жалпы театрдың өсу жолында да алатын үлкен орны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, тарихи және әлеуметтік кейіпкердің арасындағы айырмашылықты ажыратып берді.

Оның айтуынша, тарихи кейіпкерді сомдау үшін актерге келбет, мүсін керек. Оның үстіне талай құжаттарды ақтарып, ойнайтын адамынды әбден зерттеп алу қажет. Ал, әлеуметтік кейіпкер актердің іштей ізденісін қажет етеді. Бірақ, тарихи кейіпкердің рөлі әлеуметтік кейіпкерге қарағанда салмақтылау келгенмен, актерге қай рөл берілгеніне қарамастан жанын салып ойнап шығу міндеттеледі.

Болат Ыбыраев Едігенің бейнесін сомдағанда рөлдің ішіне кіріп, өзінің жанын аямады. Сонысымен қойылымды тамашалаған көрерменді тәнті қылды. Кітапхана сахнасында да сол рөлінен алынған монологты оқып, өнерін паш етті.

Иә, актер жан-тәнімен рөлге берілгенде ғана соның жемісін көреді. Оның жарқын мысалын Алтынай Нөгербек келтірді. Актриссаны театр әлеміне жетелеген өзі кейіннен Баянның рөлін сомдаған Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі екен. Оған себепші – кезінде С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық драма театрында жүргенде Қодарды сомдаған актер Қонысбек Бегайдаров болып шықты.

«Қонысбек аға бұл рөлді ойнағанда Қодардың Баянға деген шексіз махаббатын көрсетті. Қызғаныштан Қозыны өлтіретіні бар ғой, актердің рөлге берілгені сонша, тіпті ойыны Қодарды ақтап алатындай әсер етті. Содан кейін театрға қызыға бастап, ақыры актриссалық жолды таңдадым» деді Алтынай Нөгербек.

Актерлық шеберлік туралы сөз қозғалғанда Болат Ыбыраев сахна майталманы Құрманбек Жандарбековты еске алды. «Құрекең Мәскеуде «Қыз Жібек» қойылымындағы Бекежанды ойнап тұрып, сөзін ұмытып қалады. Шығар жол ретінде күлкіні таңдады. Сөйтіп, образда тұрып, сақылдап күлген ғой. Осы күлкісі кейіннен спектакльдің ажырамас бөлігі болып кетті. Кейінгі актерлер осы күлкіні сала алмай, әлек болды» деді ол.

Сахнада тұрып, сөзді ұмыту өз шығармашылығында кездескенін айтқан Қуандық Қыстықбаев бір сырын ашты. «Оралда Махамбеттің рөлін сомдап тұрмын. Басқа емес, екінің бірі білетін «Хан емессің қасқырсын» өлеңін бастап, бір кезде қара басып ұмыттым да қалдым. Пауза орнады. Абырой болғанда кейінгі жолдары есіме түсіп, қара терге түсіп ойнап шықтым әйтеуір» деді ол.

Бұл жағдай Қуандықтың актер ретінде тәжірибесі аздау кезінде орын алған, сірә. Қазіргі театр өнерінде де, кинода да ол ең сұранысқа ие актерлердің біріне айналды десек, қателеспеспіз. Әсіресе, көрермендердің есінде ол сомдаған тарихи кейіпкерлер ұзақ сақталатындай. Солардың ішінде Д. Рамазанның «Абылай ханның арманы» спектакліндегі басты рөл, «Қасым» фильміндегі ұлтымыздың ерек тұлғасы Қасым Қайсеновтің рөлі өзгелерден бөлек шыққандай. Осы рөлі туралы өзі: «Қасым ағамызды ойнамастан бұрын ол жөнінде түсірілген деректі фильмді көріп шығып, біраз кітаптарды оқыдым. Өзім әскерге бармаған соң арнайы әскери дайындықтан өттім. Көбінесе аш жүретін партизанның рөлін ойнайтын болған соң артық салмақты тастауға да тура келді» дейді Қуандық Қыстықбаев.

Кеше ғана елордада дүбірлеп тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығының бағдарламасына кірген «Мәңгілік ел» қойылымында Қуандықтың еншісіне Керей ханды ойнау бұйырды. «Аттың үстіне мініп сөйлегенде ерекше рухтанып кеттім. Маңдайымнан шып-шып тер шығып, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Жалпы одан алған әсерім үлкен болды» деген ол кешке жиналғандарға сондағы монологты оқып берді. Әншілік өнерін де көрсетіп, «Біздің елдің жігіттері» әніне салды. Алтынай Нөгербек болса, көрнекті ақын Күләш Ахметованың жырымен сусындатты. Көрермендердің арасынан суырылып шыққан Жәния деген қарындасымыз Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін төгілтті.

Жалпы, кешке көбінесе студент жастар, оқушылар жиналды. Оларға өнеге болатын әңгімені Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы айтып берді.

«Адам арманға ұмтылу керек. Сол арман таңдаған мамандығының шыңына жетуге өз септігін тигізеді. Менің ағам, қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкей бала кезінде актер болғысы келіп, кейін есейгенде консерваторияның актерлерді даярлайтын бөліміне оқуға түсті. Онда ол қазірге белгілі актриса Гүлжан Әспетовамен бірге оқыды. Алайда анам бір күні қарсы шығып, «Әртіс болғанша ауылға қайтып, тракторшы бол» деп хат жазып жіберді. Содан ағам жазушылық жолды таңдады. Алайда, актерлікті жанындай жақсы көретіндіктен қаламынан прозамен қатар драматургиялық туындыларды да тудырды» деді бас директордың орынбасары.

Кеш көрермендері ұйымдастырушылар мен қонақтарға тамаша әсер сыйлағандары үшін алғысын жеткізді. Соңында актерлерге ең қымбат қазына – кітап сыйға тартылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button