Білім

Өнерлі өрен – ел ертеңі

Шынында, қазір кітап оқитын, Абайдан тағылым алатын, «Абай жолының» әрбір сәтін білетін оқушы саусақпен санарлық. Бәрі ғаламтордың жетегінде. Елорда мектептеріндегі «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі қызметкерлерінің кездесуі кезінде ұлы Абайдың өлеңдерін жаттаған, қара сөздерін талдаған оқушыларды көріп, қатты қуандық.

Абай мектебінің таланттары

Мықтыбек Ілияс – Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы. Ол қазақтың біртуар перзенті Абайдың ғибратты 45 қара сөзін жатқа айтады. Оқуда да озат Мықтыбек қазір мектеп президенті болып сайланды. Көркем сөзге шебер Мықтыбек актерлік шеберлік бойынша көптеген жетістікке жетті.

«Ауылда өстің бе, Абайдың қара сөздерін жаттауыңа не себеп болды?» деген сауалымызға Мықтыбек былай деп жауап берді:

– Оңтүстіктің Қазығұрт ауданындағы Жаңаталап ауылында дүниеге келдім. Ата-әжемнің бауырында өстім. Көпбалалы отбасынанмын, 4 бауырым бар. Мектепке барарда Астанаға, әке-шешемнің қолына келдім. Анам мамандығы медбике болғанмен, кітапты көп оқиды, менің Абайдың қара сөздерін жаттауыма себепкер болды, – дейді оқушы.

 

Абай мектебінде Мықтыбектің зерек талантын таныған, шеберлігін шыңдаған ұстазы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Біржанқызы. Ауылда өсіп, ана тілінде тілі шыққан Мықтыбек әріп танығаннан бастап өлең, мәтінді жаттай бастайды. Жады мықты бала ерте жастан-ақ жетістігімен ата-әжесін, әкесі мен анасын, бауырларын қуантады. Ата-әженің тәрбиесін алған талантты бала ауылда мал баптап, үй шаруашылығында үлкендерге жиі көмектесіп, олардың тағылымды әңгімесін көп тыңдап, әдебиет жауhарларын құлағына құйып өседі.

Қазір Мықтыбек оқуда озат, мектептегі түрлі іс-шараға қатысып қана қоймай, бос уақытында медиадағы түрлі подкасттарды тыңдап, әртістердің өсу жолын тамашалайды, ізденіп, болашақ мамандығын осы өнермен байланыстырғысы келеді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, «актерлік өнер» мамандығын игеруді армандайды. Қазірдің өзінде жадын жаттықтыру мақсатында тренингтер жасайды, үнемі қайталап, әрбір сөзінің мағынасын түсінуге тырысады. Бұдан өзге, мектептегі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мектеп-музейіне келгендер үшін де экскурсия жүргізіп, экспонаттармен таныстырады.

Талантты оқушы Мықтыбек Ілияс қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, парақорлық дегенге алаңдайтынын, «Әрбір азамат неғұрлым адал еңбек етіп, өз ісінің маманы атанса, білімге ұмтылса, қоғамымыз дұрысталып, болашағымыз жарқын болар еді» дейді.

Ата-анасының, ұстаздарының ғана емес, елорда мақтанышы Мықтыбек Ілияс – рес­публикалық, қалалық рухани-­патриоттық байқаулардың, көркемсөз оқу конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Алдағы өмірінде же­ңісті, жетістікке толы қуанышты күндері көп болсын дейміз.

Абайша өлең жазған ақын қыз

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиядан тапқан тағы бір талантымыз – 11-сынып оқушысы Ұлпан Арғынбаева. Ол Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды, өзі де өлең жазады. Республика, қала бойынша өткен оқушылар арасындағы олимпиадалардың, өнер байқауларының жүлдегері.

Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген Ұлпан жастайынан оқуға, өлең жаттауға зерек болып өседі. 10-сыныптан бастап Абай мектебінде білім алып жүр. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, филолог болғысы келеді.

Ұлпанның анасы – дә­рігер, әпкелері – тәрбиеші, мұғалім. Содан ба, кішкентай кезінен бастап-ақ педагог бауырларына қарап бой түзеді, солар не айтса, соны тез үйреніп алатын. Абайдың өлеңдерін жаттауына да бауырлары әсер етті. Ұлпан қазір Абайдың тағылымға толы 165 өлеңін жатқа айтады.

– «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінде Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дейді, мектебім, Абай айтқандай, Астана мектептерінің алды, оқушылары дарынды, бәріміздің де мақтанышымыз деуге болады. Талантты балалардың білім ордасы талай түлекті ұшырып, қаламын ұштайтынына сенеміз, осында білім алып жатқанымызға қуанамыз, – дейді Ұлпан бізбен әңгімесінде.

Жалпы мектепте түрлі үйірме бар және бір ерекшелігі: тоқсанына бір «Абай нұры» газеті жарық көреді. Ұлпанның мақалалары осы газетте тұрақты жарияланып жүр.

Ұлпан бос уақытында ән мен поэзия тыңдағанды, кітап оқығанды және табиғат аясында қыдырып, серуендегенді жақсы көреді. «Өлең жаттау – миға жаттығу» ұстанымына берік. Болашақта өзінің шеберлігін өнерлі шәкірттерге үйреткісі келеді.

– Көбі «Неге тіл өнерін таңдадың, оған не себеп?» деп менен сұрап жатады. Мені толғандыратын мәселе – ана тіліміздің мәселесі. Шүлдірлеген, тілімізді шұбарлаған жастардың әрекеті алаңдатады. «Неге бүгінгі қоғамда ана тіліміздің қолданыс аясы аз, неге өзге тілдерге қарай құмартып жүрміз, қайтсе өз тіліміздің мерейін үстем етеміз?» деген сауалдар мені мазалайды. Қазақтың көркем тілі, жауhар сөздері тау мен тасты еріткен жер бетіндегі ең бай тілдің бірі емес пе?! Жылтыраған сөз емес, шынында, осы бағытта жұмыс істегім келеді.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қай­ратты –

Қырандай күшті қа­натты,

Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жырлағандай, халықтың сенімі – біз үшін зор мәртебе, сол үмітті ақтауға тырысамын, – дейді өнерлі жас Ұлпан Арғынбаева.

Абайдан өнеге алып, қазақтың қара өлеңіне қалам тербеген Ұлпанның тырнақалды дүниелерінің жалғасарына, жас түлектің келешегі жарқын боларына тілектеспіз.

Ана тілімізді ардақтаған талантты оқушылардың үлкен өмірдегі жолы сәтті болсын!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button