Спорт

Алғашқы медальдар сыңғыры

Қытайдың Ханчжоу қаласында ХІХ Азия ойындары байрағын көтерді. Бұл бәсекеде 45 елдің 12 мыңнан аса атлеті спорттың 40 түрінен сынға түседі. Қазақстан намысын 524 спортшы қорғайды.

Азиаданың алғашқы екі күнінде 134 медаль сарапқа салынып, оның 42-сін Қытай спортшылары (26 алтын, 11 күміс, 5 қола медаль) еншілеп, командалық есепте көш бастады. Оңтүстік Корея 5 алтын, 5 күміс және 6 қола медальмен екінші орында тұр. Үшінші сатыға жайғасқан Жапония сапында 3 алтын, 9 күміс, 6 қола медаль бар. Көрші Өзбекстан спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орыннан көрінді.

Ел намысын 48 келі салмақ дәрежесінде қорғаған дзюдошы Абиба Абужақынова, 60 келіде белдескен Мағжан Шамшидин, 63 келідегі Эсмигуль Куюлова мен 81 келідегі Абылайхан Жұбаназар, тапаншамен оқ атудан Никита Чирюкин қола жүлдегер атанды. Әзірге Қазақстан 1 күміс, 4 қола медальмен 10-орында тұр. Бұл жарыстың екінші күнінің нәтижесі екенін ескерсек, әлі талай рет өзгеретіні хақ.

2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 15 алтын медальды ескек есу, көркем гимнастика, джиу-джитсу, самбо, велосипед, жеңіл атлетика, карате және семсерлесуден алды. Бұл жолы да осы спорт түрлеріне сенім артамыз. Сондай-ақ балуандар, боксшылар мен ауыр атлеттерден де алтын медаль күтеміз.

Жалпыкомандалық есепте төртінші орын алуға барлық мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Өйткені Қазақстан бір емес, бірнеше рет төрттіктен көрінген еді. Біздің алдын ала болжамымыз осындай. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме, жақсылықты шақыра берейік!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button