Тағзым

Өнегелі өмір белестері

Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамған ұжымдастыру  жылдарында ат жалын тартып мініп,  республикамыздың қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың бірі – Раббани Мұхамедияров. Оның еліміздің құқық қорғау саласына сіңірген ерен еңбегін замандастары әлі ұмыта қойған жоқ. Ол, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында жауапты қызметтерде жүріп, халықпен етене араласты. Біз бүгін Қазақстан прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні оқырмандар назарына осы есімі ел есінде қалған біртуар тұлға туралы мақаланы ұсынамыз.

Ол 1908 жылы қазан айында Ақмола губерниясы Семенов болысының (Қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданы) Покровка  ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Кашов Мұхамедияр мен анасы 1921 жылы елді жайлаған алапат аштықтан көз жұмып, 13 жасар Раббани бұғанасы қатпай жатып, қатал тағдырмен бетпе-бет келеді. Ең аяулы ет жақын адамдарынан бір күнде айырылу жас өспірімді бірден есейтеді. Енді ол ешкімге арқа сүйей алмайтынын жете ұғынып, жаңа өмірге өз бетінше  бейімделудің әрекеттерін жасай бастайды.

Панасыз қалған жеткіншекті Кеңес өкіметі қамқорлығына алып, Ақмоладағы балалар коммунасына қабылданады. Ол он алты жасында алғашқылардың бірі болып, комсомол қатарына қабылданады. Өмірінде айырықша бір есте қалатын сәті болашаққа нық сеніммен қадам басқан, еті тірі балаң жігітке комсомол билетін мемлекет қайраткері, қазақ-кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің тапсыруы еді.   Міне, осы бір оқиға оның өмірге деген шын талпынысын оятып, қиялына қанат бітіреді. Бұрын да алғырлығымен, сабақты үздік оқуымен көзге түсіп жүрген бала, енді әдебиетке құмартып, қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды.

Оқуды еңбекпен ұштастыра жүріп, 1924-1925 жылдары Петропавл қаласындағы іс жүргізушілер курсын бітіріп алады. Кейін Қорғалжын аудандық атқару комитетіне хатшылық жұмысқа орналасады. Зеректігінің арқасында тек хатшылық қана емес, әкімшілік-техникалық жұмыстарға да белсене араласып, аудандық атқарушы мекемедан  келешек өміріне қажетті мол тәжірибе де жинайды.

Уақытпен санаспай, күн демей, түн демей өзіне тапсырылған қызметті бар ынта-ықыласымен  атқарып жүрген жігіт төрағаның көзіне бірден түседі. Оның тәртіпке бағынған бірсөзділігін байқаған аудан басшысы жауапты міндеттер жүктеп, сынақтан өткізеді. Құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатуды жүктеп, осы саланың адамдарымен қарым-қатынасын нығайттырады.

Осылай Қорғалжында алты жыл жұмыс істегеннен кейін Ақмола қаласына темір жол стансасының жұмысшы комитетін басқаруға жібереді. Жаңа жер, жауапты жұмыс. Ақмола – Қарталы темір жол желісі құрылысының қарқын алған кезі. Жұмысшылардың жағдайын жасай отырып, басшылық қойып отырған ауқымды міндеттерді уақытында орындау керек. Қиын шақ, ішер тамақ пен киім-кешектің де қат кезі. Соған қарамастан, Раббани Мұхамедиярұлы ұжымындағы  қызметкерлерді ортақ іске жұмылдыра отырып, олардың азық-түлікпен де, қыстық жылы киіммен де уақытында қамтамасыз етілуіне қол жеткізеді.

Бірсөзді, ұстанымы берік, жұмысшылар комитетінің төрағасы көп кешікпей париялық жұмысқа ауыстырылады. Бұған себеп, ол осының алдында ғана, атап айтқанда, 1931 жылдың көктемінде коммунистік партияның қатарына өткен болатын. Енді міне, алғашқы қадамын Солтүстік Қазақстан облысы Еңбекшілдер ауданының бақылау комиссиясының инспекторы болып бастап отыр. Бұл оған өсу-өркендеу жолындағы тұңғыш баспалдақ болды. Жұмысына адал, өмірге деген өз көзқарасы мен өз ой-тұжырымы бар жігітті жергілікті басшылар да ұнатып, оның партиялық білімін жетілдіру үшін Ақмола қаласындағы коммунистердің Жоғары ауылшаруашылығы мектебіне оқуға аттандырады.

Сөйтіп, ол 1933-1936 жылдары үш жыл бойы осы мектепте оқығаннан кейін бірден Қорғалжын аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарлатылады. Ол кезде 28 жасар жігіттің үлкен өңірді басқаруы өте сирек кездесетін жағдай еді.

Раббани Мұхамедиярұлының РКП(б) Қорғалжын ауданындағы басшылығы өте қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Елде сталиндік  қуғын-сүргін басталып, жазықсыз адамдар жаппай жазаланып жатты. Әсіресе, оның жанына қатты батқаны Қазақстанда кеңес өкіметін құруға жан-тәнімен атсалысқан, халықтың аяулы ұлы Сәкен Сейфуллиннің жалған жаламен НКВД-ның қанды шеңгеліне ілігуі еді. Тар жол тайғақ кешуден аман-есен  өтіп, ел-жұртының жарқын болашағы үшін жарғақ  құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтың  «халық жауы» деген желеумен қамауға алынып, артынан атылуы оны біраз есеңгіретіп тастады. Рас, өзі аса қадір тұтып, құрметтейтін мемлекет қайраткеріне тағылған бұл айыпқа ол сенген жоқ.  «Бұл үлкен қателік, олай болуы тіпті де мүмкін емес» деумен болды.

Көз көрген ақсақалдардың айтуынша, ауданды басқарып тұрған кезінде жоғарыдан қаншама «тап жауларын аяусыз әшкерелеу» туралы нұсқау түссе де  Рахаң бірде-бір адамды «қара құзғындардың» талауына бермеген көрінеді.

Бермек түгілі, күйеуі сол кездегі республиканың көрнекті мемлекет қайраткері, халқын сүйген азамат Орынбек Беков 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, көп кешікпей атылғасын, басына қара бұлт үйірілген күміс көмей әнші Рабиға Есімжанова  өзі бауыр басып, еңбек етіп жүрген  театрын амалсыздан тастап туған жеріне табан тірегенде бірінші хатшы оны қанатының астына алады. «Халық жауының» отбасын паналатқаны үшін жеке басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, оның сұлулығы мен өнеріне тәнті екенін ашық айтып, сезімін де білдіреді.

«Қызметіңе де, өзіңе де зияным тиіп кетер» деп Рабиға әнші бұған алғашында қарсы болады. Алайда,  Раббани Мұхамедиярұлы мұның жай ғана айтыла салған сөз емес, ол үшін қандай қиындық, қандай қатер төнсе де қайыспай көтеруге дайын екеніне көзін жеткізгеннен кейін апай оған тұрмысқа шығуға келіседі.

Әрине, «халық жауының әйеліне үйленді» деп үстінен домалақ арыз жазушылар да табылмай қалған жоқ. Бірақ, ауданның бірінші хатшысының ел-жұртына сіңірген еңбегі жоғары басшылық тарапынан әділ бағаланып, оны бірінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңесінің депутаты етіп сайлайды.

Арада көп уақыт өтпей, Раббани Мұхамедияров Қарағанды облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалады. Сөйтіп, оның өмірі мүлде басқа арнаға ойысып, республика тарихында прокуратура саласында қызмет істеген алғашқы қазақтың бірі болып жаңа жұмысын бастайды. Талапшыл, адамдармен тез тіл табыса білетін білікті маман облыстың құқық қорғау органдарында тәжірибелі жұмысымен танылып, сол кездегі республиканың бірінші хатшысы Николай Скворцовтың да назарына ілігеді.  Лауазымы өсіп, елдің басты қадағалау органы басшысының орынбасары дәрежесіне көтеріледі. Осы кезде тұтқиылдан соғыс басталып, көптеген өндірістік, ауыл шаруашылық жерлері басқыншылардың қол астында қалып қояды. Енді Қазақстанға Ресейдің орталық аймақтарымен қатар майданды азық-түлікпен жабдықтау міндеттері жүктеледі. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысына басты назар аударыла бастайды. Өйткені соғыстың алдында мұнда КСРО-да тұңғыш рет дәнді дақылдар алқабы кеңейтіліп, өңір еңбеккерлері жаппай диқаншылықпен айналысқан болатын.

Алайда, 70 мыңнан аса солтүстікқазақстандық  майданға алынып кетіп, егіс алқаптарында жұмыс істеуге  тек әйелдер мен жасөспірім балалар ғана қалған болатын. Міне, осындай қиын қыстау шақта  аймақ тұрғындарын да ашықтырмай, майданды да азық-түлікпен үздіксіз қамту міндеті қатаң қойылып тұрды. Сол кезде осы жауапты іске басшылық жасау Раббани Мұхамедиярұлына тапсырылды. Ол әп дегенде Совет ауданына (қазіргі Ақ қайың) жіберілді. Ер азаматтар Отан қорғауға аттанған, жұмыс күші жетіспейді. Тылдағы еңбекке жарар бар жұмыс күшін жұмылдыра жүріп, мемлекет алға қойған зор міндеттерді уақытында орындауға тура келді. Осы жанқиярлық еңбегі үшін ол 1945 жылы ақпан айында І дәрежелі  Отан соғысы орденімен марапатталады.

Соғыс аяқталысмен оны Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Лениндік курсқа  Алматы қаласына оқуға жібереді. Бітірісімен Қазақ ССР-нің сол кездегі прокуроры К.Румянцев өзіне орынбасарлық қызметке шақырады. Бұл лауазымда  Раббани Мұхамедиярұлы 1946 жылдан 1949 жылға дейін істеп, сол жылы  Мәскеу қаласындағы жоғары лауызымды КСРО прокуратура қызметкерлерін қайта дайындайтын курстан өтіп, Алматы облысының  прокуроры болып тағайындалады.

1953 жылы оған 3-класты мемлекеттік әділет кеңесшісі жоғары атағы беріледі. Бұл генерал майор шенімен пара-пар болатын.

Осы кезде ол сталиндік қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккендерді ақтауға белсене атсалысады. Әсіресе, өзі пір тұтатын Сәкен Сейфуллиннің есімін халқына қайтаруға зор еңбек сіңіреді.

Ал 1961 жылы ұлтын сүйген азаматқа тағы да жоғары сенім көрсетіліп, ол Қазақ ССР Жоғарғы соты төрағасының орынбасары болып сайланады.

Алайда, бұл лаузымда ол көп отыра алмайды. Ауыр дертке шалдығып, ұзақ емделгенімен, айналдырған кесел алмай қоймады. 1964 жылдың басында сындарлы сәттерде қиындықтарды қайыспай көтеріп, байтақ елі мен туған халқына  адал қызмет етудің асқақ үлгісін көрсете білген  мемлекет қайраткерінің жүрегі соғуын тоқтатады.

Раббани Мұхамедиярұлы –  өз заманында туған ұлтымыздың аса қабілетті тұлғаларының бірі еді. Ол кезінде белгілі ғалым Кәрім Мыңбаев, қоғам қайраткері Жұмабек Ташенов, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Сабыр Ниязбеков, тағы да басқа республикаға кеңінен танымал адамдармен қатарлас, пікірлес болды. Еліміздің құқық саласын, әсіресе,  прокуратура органдарын жетілдіруге орасан мол еңбек сіңірді. Сондықтан оның жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа  үлгі-өнеге етуге әбден лайық.

Батыржан  ЖАРОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button