Мәдениет

«Отан-Ана» монументі

Еліміздегі ең әсем, сәулеті де келіскен ескерткіштердің бірі – елордадағы Отан қорғаушыларға арналған «Отан-Ана» монументі. Бұл ескерткіш 2001 жылы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ашылды.

Аталған кешеннің мазмұны кешегі, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ сабақтас­тығын бедерлейді. «Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі – биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент ана бейнесі. Ақ кимешекті ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып, оны ме­йірімге толы көңілімен қос қолдап ұсынып тұр. Сондай-ақ ескерткіштің ұшар басындағы 121 алтын масақтан тұратын нысан Қазақстанда тұратын ұлттардың бірлігі мен берекесін бедерлейді. Масақтардың іргесі қазақ жерінде әр ұлттың рухани мұрасын зерделеген ою-өрнектермен безендірілген. Мемориалдағы жер шарының бейнесі де ерекше көңіл аудартады. Сонымен бірге қырық метрдей қола бағанның екі жақ қапталының бірінде ата-бабамыздан қалған байтақ даланы жаудан қорғаған айбынды батырлар мен екінші жағында Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнесі көркемделген. Мұны майдан даласында мерт болған жауынгерлер мен арамызда аман-есен жүрген соғыс ардагерлеріне деген кұрмет деп түсінуге болады.
Елдің көңілінен шыққан ескерткіш авторлары – белгілі сәулетшілер А.Бексұлтанов пен Н.Конопольцев.

«Отан-Ана» монументінің салтанатты ашылуында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихына шолу жасай келіп: «Бұл – жауды тізе бүктірген Жеңіс мерекесі болуымен бірге жалпыхалықтық еске алу күні, аға ұрпақтың өшпес ерлігіне бас ию күні. Сондықтан бұл мемо­риал ұрпақтарымыз бейбіт өмірімізді құрметтеп, қан құйлы соғыстың зардабының қандай болатынын естен шығармау үшін ұлағатты ескерткіш болуы керек. Біз ата-бабаларымыз бен әкелерімізді мақтан тұтамыз. Біз өз иықтарымен бар ауыртпалықты арқалаған айрықша аналарымызды мақтан етеміз. Оларсыз жеңіс те болмас еді. Мынау монументтің айрықша көрініп тұрған бөлігі де сол – әйел-ана бейнесі. Мына ашылып отырған ескерткіш Ұлы Отан соғысындағы ерлікті ғана бейнелемейді, қазақ халқының батырлығын, ержүректігін де сипаттайды. Бұл – есімі мәлім және есімі беймәлім жандардың аруағын тербетіп, топырағын торқалайтын перзенттік махаббатымыздың көрінісі, соның куәсі. Отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырағымызды шайқалтпаған мейірбан аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған киелі белгі!» деп айтыпты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button