Басты ақпаратШартарап

Таяу Шығыс толқымасын…

Өткен айдың соңында Ирандағы ең танымал ғалым, ядролық физика саласының маманы Мохсен Фахризадеге қастандық жасалды. Фахризаде көлікпен Тегеран маңындағы Абсард қаласында келе жатқанда, ағаш тиелген жүк көлігіне жасырылған жарылғыш іске қосылған. Ғалым ауыр жараланып, емханаға жеткізілгенмен, құтқару өнім бермеді. Жарылыстан кейін көлікке оқ жаудырған бес адамның үшеуін ғалымның оққағарлары оқиға орнында атып өлтірген. Әзірге шабуылды кімнің ұйымдастырғаны белгісіз болғанмен, New York Times басылымы АҚШ-тың ресми қызметкері мен екі барлаушысына сілтеме жасай отырып, ғалымға жасалған шабуылдың артында Израиль тұр деген болжам жасады.

Иран Сыртқы істер министрі Джавад Зариф та «бұл – Израильдің ісі» деп мәлімдеді. Иран президенті Хасан Рухани Израильді айыптап, бұл елді «АҚШ-тың жендеті» деп атаса, Әли Хаменеи қылмыстың ізін суытпай кек қайтаруға уәде берді. Бірақ Израиль тарапы бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Оқиғадан кейін Израильдің одақтасы – АҚШ Парсы шығанағына соғыс кемелерін аттандырды. Осылайша Фахризаденің өлімі Таяу Шығыстағы жағдайды қайта ушықтырды.
Бұл Иран ғалымдарына жасалған алғашқы шабуыл емес. 2009 жылы Тегеран университетінің ядролық физика ғалымы Масуд Әли Мохаммади мен ядро ғалымы Маджид Шахрияри қастандықтың құрбаны болса, 2012 жылы Иран уран байыту орталығының зерттеушісі Мұстафа Ахмади шабуылдан көз жұмды. Фахризадеге де бұдан бұрын бірнеше рет шабуыл жасалған. Иран қарулы күштері оның жолын кесті әрі содан бастап ғалымның жеке күзетін күшейткен еді.
Имам Хусейн атындағы университетте атомдық физика маманы болған Мохсен Фахризаде Иран Қорғаныс министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. Ислам революциясының қорғаушылар корпусында қызмет еткен және физикалық зерттеу орталығын басқарған. БҰҰ-ның Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі 2004 жылғы қарарында оның есімі алғаш рет аталды. Бейресми ақпараттарға қарағанда, ол баллистикалық зымырандарға арналған ядролық оқтұмсық әзірлейтін «аmad жобасын» басқаратын көрінеді. Халық­аралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, бұл бағдарлама 2003 жылы жұмысын тоқтатқан.
Батыс елдері 1980 жылдардың соңынан бастап Иранның құпия ядролық бағдарламасы бар деп күдіктеніп келеді. Ал Тегеран тек бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарлама жасап жатқанын айтумен келеді. Дегенмен Иран байытылған уранды әскери мақсатқа бұрғысы келсе, оны жүзеге асыруға бірден-бір мүмкіндігі бар адам – Фахризаде.
Израильдің «Моссад» жансыздары Фахризаденің соңынан тектен-текке түсіп жүрген жоқ. Себебі олар осыдан бірер жыл бұрын Иранның ядролық қару жасауға тырысып жатқанын дәлелдейтін құжаттарды Тегераннан ұрлап кеткен. Сол құжаттың бірінде Мохсен Фахризаденің аты аталған. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху да 2018 жылы «Фахризаденің есімін есте берік сақтаңыздар, ол – Иранның құпия жобаларын жүзеге асыратын басшысы» деп мәлімдеме жасаған. Демек, Фахризадеге жасалған қастандық ұзақ уақыт жоспарланып, АҚШ-Иран-Израиль қатынасының кілтең кезеңінде әдейі атқарылған «саяси ойын» деп атауға болады.
2015 жылы АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдері Иранмен ядролық келісім жасасқаны көпке мәлім. Келісім бойынша Иран халықаралық санкцияларды алып тастаған жағдайда уран өңдеуден бас тартуға уәде берген. Алайда 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен өз бетімен шығып, Иранға қарсы санкцияны күшейту арқылы Тегеранды жаңа келісімге қол қойдыруға тырысты. Ол келісім тек ядролық бағдарлама емес, зымыран жасауға да қатысты еді. АҚШ-тың аяқ астынан бұлай өзгеріп шыға келуіне Иранның Ресеймен ымыраласып, Сирия­ны қолдап, АҚШ-тың Башар Асад билігін аударуына кедергі келтіргені басты себеп болды. Осы жағдайға байланысты АҚШ ирандық генерал Касем Сулейманиді өлтіріп, Иранға қатаң ескерту жасады. Алайда Иран да қарап қалған жоқ, бірнеше сағаттан кейін америкалық Айн-аль-Асад әскери базасына зымыранмен соққы жасап, базаның шақ-шәлекейін шығарды. Сонымен қатар, ядролық келісімнен ресми түрде шығатынын мәлімдеді. Міне, содан бері беті тынып, асты қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан Таяу Шығыс­тағы жағдай Фахризаденің өлімінен кейін ақ көбігін қайта аспанға атты.
Кейбір сарапшылар Фахризадеге шабуыл жасап, Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырып жіберу АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің Иранмен дипломатиялық қатынасты жақсарту ­ниетіне қасақана жасалған кедергі деп қарайды. Себебі Байден өзінің сайлауалды бағдарламасында АҚШ-ты Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қайта қосуға тырысатынын айт­қан. Ал Трамп болса бұған түбегейлі қарсы.
Сайлауда қарсыласы Байденнен аз дауыс жинаған Трамп биліктен кетер алдында өткен төрт жылда өзі жүргізген сая­саттың бағдарын бекемдеп кету үшін әртүрлі әрекет жасап, Қытай мен Иранға қатысты тосын шешімдер шығарып жатыр. Былайша айтқанда, ол Ақ үйден кеткен күннің өзінде Қытай мен Иран мәселесін барынша ушықтырып, Байденнің Қытай мен Иранға жұмсақ саясат қолдануына мүмкіндік қалдырмауды көздеп отыр. Мәселен, өткен айда халық­аралық дау туғызып отырған Оңтүстік-Қытай теңізіне ең ірі бомбалаушы ұшақтарын аттандырып, Қытайға сес көрсетсе, қарашаның ортасында өз кеңсесінде кезектен тыс жиналыс өткізіп, Иранның ядролық базаларына шабуыл жасау мәселесін талқылаған. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, АҚШ президентінің орынбасары Майк Пенс, Қорғаныс министрінің өкілі Кристофер Миллер, бас штаб төрағасы Марк Майли бұл шабуылдың көлемді бір қақтығысқа себеп болатынын ескертіп, Трампты райынан қайтарған еді. Бірақ көп уақыт өтпей АҚШ қарулы күштері 21 қараша күні Парсы шығанағына B-52H дыбыстан жылдам ауыр бомбалаушы ұшағын жібергені мәлім болды. Осы жағдайға байланысты кейбір сарапшылар Трамптың «Иранның ядролық базаларын соққылауға бұйрық беру ықтималдығының арта түскенін» алға тартып, Таяу Шығыс жағдайына алаңдау­шылық таныта бастаған еді. Сондықтан дәл осындай кілтең кезеңде ирандық ғалымды өлтіру АҚШ-тың жоспары болуы да әбден мүмкін. Өйткені АҚШ-тың бұл арада көздеп отырғаны – одақтасы Израильдің қолымен от көсеп, Иранды соғысқа итермелеу. Осы арқылы Иранды бүкіл әлемге жау етіп көрсетіп, Байденнің Иранмен қайта келісім жасауына мүлде мүмкіндік қалдырмау.
Иран да АҚШ-тың қазіргі билігінің бұл қаскүнемдігін түсінген секілді. Себебі физик ғалымның өлімінен кейін «қылмыстың ізін суытпай кек аламыз» деп мәлімдеген бұл ел «жендет» деп жазғырып отыр­ған жауына қазірше ешқандай шабуыл жасаған жоқ. Соған қарағанда, олар да «Трамптың тұзағына түсіп кетпей, елдің тізгінін енді алатын Байден билігінің беталысына қарайық» деп, «ақсақтың аялына бағып» отырған секілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button