Мәдениет

Айманның асуы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының негізін салушы актрисалардың бірі Айман Аймағамбет елорданың өнер ошағымен бірге жасасып келе жатыр.

Өнер жолын Жезқазған қаласының Т.Қалмағамбетов атындағы филармониясына қарасты «Жез киік» ансамбілінен бастап, П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Училищені аяқтаған Айман «Театр және көркемсурет» институтын «музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша бітіреді. Ұстазы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахилям Машурова.
1989 жылы Айман Аймағамбет институтты үздік аяқтап, қолына дипломын алады. Содан соң туған жерге, Жезқазғанға қайтуды жөн көрді. Олай етуінің себебі, содан бір жыл бұрын С.Қожамқұлов атындағы Торғай ­театры Жезқазғанға қоныс аударады. Бас режиссері – Жанат Хаджиев.
Жанат аға жас актрисаны жылы қарсы алды. Үнемі өзі сахналайтын туындыларында рөл беретін. Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Ботка, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Айман, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, Эдуард де Филиппоның «Цилиндрінде» Рита сынды кейіпкерлерді кейіптеді. Соңғысын Жанат Хаджиев Айман Аймағамбетке арнап қойды. Сол жылдары республикалық театр фестиваліне осы спектакльмен қатысып, бас жүлдені, сонымен қатар, Айман Аймағамбет «Ең үздік әйел бейнесі» аталымын алған еді.
1991 жылы көрнекті режиссер, А.Попов атындағы күміс медальдің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров жан-жақтан талантты актерлер тобын жинап жатты. Айман Аймағамбет те осы қатардан табылды. Сол жылдың 15 қарашасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен Ақмола өңірінде Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театры ашылды. Оның ашылуына Рымкеш Омарханова, Шәміл Жүніс, Түймехан Атымтаева, Болат Ибраев, Махпуза Байсарина, Бақыт Исабекова, Сәкен Омаров, Қалыбек Жұмашев, Айман Аймағамбет, Нұрай Танабаев сынды актерлер атсалысқан еді.
Айман Аймағамбет бұл театр алғаш ашылғанда С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» – Айгүл, Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Мазарында» – Қарқабат, Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралында» – Айна, Ш.Бошбековтің «Темір қатынында» Ғаламат сынды кейіпкерлерді сомдады. Бұған қоса, Жақып Омаровтың режиссерлігімен жол тартқан «Ән-домбыра, сән-домбыра», «Есілім – еркем» сынды ән-кештерінде әсем әндерді әуелетті. Жақып Омаров Айман Аймағамбетті «Біздің сопрано» деп мақтайтын.
Жақып аға дүниеден өткен соң, театр­дың жетімсіреп қалғаны рас. Қадыр Жетпісбаевтан кейін театрға басшы боп келген режиссура барометрі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов ­театрды академиялық деңгейге көтерді. Айман Аймағамбетке арнап Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» спектаклін қояды. Онда актриса Каринаны ойнайды. Ә.Мәмбетов сахналаған Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Бай­сейітовтің «Беу, қыздар-айында» – Гүлшара, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Таңсық, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер анасында» – Жер ана, «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Найман ана сынды бейнелерді кейіптеді.
Найман ана бейнесін Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова Айманға ырымдап ұсынып, ақ батасын берген еді. Айман Аймағамбет әртүрлі бейнелерді сан қырынан көрсетеді. Кейіпкерлері арқылы көрермендерді күлдіріп, жылата біледі. Сөзімізге А.Чеховтың «Шие» комедиясындағы Шарлотта дәлел бола алады. Бұл кейіпкер комедиялық образ болғанмен, жан дүниесі трагедияға толы. Жастайынан жетім өскенін, әріп танымайтынын, өмірде бақытсыз екенін актриса ойыны арқылы ұғындық. Осы бейнеде актриса үнемі қолшатырды негізге алып жүреді. Бұл – актриса Айман Аймағамбеттің ойлап тапқан актерлік деталі. Шарлотта – Айман сол арқылы өзінің қорғансыз, панасыз жан екенін ұғындырады.
Қаллеки театрының әрбір сәтіне куә болған, жастық өмірін осы театрға арнаған Айман Аймағамбет – шығармашылық потенциалы таусылмаған актриса. Оның алар асулары, нұсқалар бейнелер әлі алда деп білеміз.

Бахтияр ТҰРСЫН,
жас театртанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button